Америкалық арумен сұхбат: Қазақтың тіліне ғашық болдым

4670
Adyrna.kz Telegram

14 жастағы Кэмерон есімді америкалық жасөспірім — қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытып жүрген жастардың бірі. Бүгінде ол әлеуметтік желі арқылы өз білгендерін замандастарымен де бөлісіп жүр. «Адырна» тілшісі арумен тілдесіп, тіл үйренуге деген құлшынысының қалай ашылғанын сұрап білді.

«Сәлеметсіз бе! Шын есімім – Кэмерон, алайда өзімді Айбала деген қазақ есімімен атағанды ұнатамын. Бұл есімді кездейсоқ көріп қалдым. Мағынасы, дыбысталуы көңілімнен шықты. Дәл қазіргі сәтте АҚШ-тың Джорджия штатында тұрып жатырмын»,–деді ол.

9-сынып оқушысының қазақ тілін үйреніп жүргеніне екі жылдың жүзі болған.

«Тілді білуге деген құштарлығым 2019 жылдан басталды. Себебі сол жылы интернетте жүк­­телген қазақша бейнежазбаны құлағым шалып қалған еді. Мен қазақтың тіліне ғашық болдым. Ол әдемі әрі әуезді. Қазақ мәдениеті туралы білгеннен кейін сіздердің ана тілдеріңізде сөйлегім келеді деген ынтам одан әрі арта түсті. Бүгінде еңбектену үстіндемін. Ата-анам ешқандай қарсылық танытпады. Себебі олар менің полиглот болғым келетінін жақсы біледі»,— деп әңгімесін жалғастырды кейіпкеріміз.

Қазіргі таңда Айбала 20-дан астам тілде ойын жеткізе алады. Олардың ішінде қазақ және бирма тілдерін үйрену қиынға соққан.

Жасөспірім арманшыл екенін атап өтті.

«Шыны керек, менің армандарым өте көп. Ең ірілеріне тоқталып өтейін. Ең біріншісі – Қазақстанға бару, екіншісі – 100 тілде сөйлеп үйрену, үшіншісі — бақытты отбасын құру , төртіншісі - ауруға шалдыққан бүлдіршіндер мен балаларға көмек көрсету үшін қайырымдылық ұйымын құру»,–деді Айбала.

Әңгімелескен Диана АСАН,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер