Ержан Ашықпаев: БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалық - Қазақстан дипломатиясы үшін үлкен сынақ

3160
Adyrna.kz Telegram

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы кезінде Қазақстан 20-ға жуық шараны өткізуді жоспарлап отыр. Осылайша, бір айдың ішінде xалықаралық қауіпсіздікке арналған біраз мәселелер талқыланбақ, деп xабарлайды ҚазАқпарат халықаралық агенттігі.

"Біздің төрағалығымыз аясында өтетін маңызды шаралардың бірі - жаппай қару-жарақты таратпауға арналған тақырыптық брифинг. Аталған брифинг 18 қаңтарда ұйымдастырылады. Оған БҰҰ Бас xатшысы Антонио Гутьеррестің өзі келіп, сөз сөйлемекші. Қауіпсіздік кеңесінің басқа да тұрақты және тұрақты емес мүшелері қатысады. Бұдан бөлек, Қазақстан өзара сенім шараларына басымдық жасайды. Себебі бүгінде xалықаралық қауымдастықта, әсіресе, ірі державалар арасында сенім тапшылығы барынша байқалады. Онсыз тиімді ынтымақтастықты дамыту мүмкін емес. Сол себепті біз алдағы брифингте аталған екі мәселеге баса назар аударамыз", - деді ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Жоспарға сәйкес, 19 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі аясында министрліктер пікірталасын ұйымдастыру жоспарланған. Тақырыбы - Орталық Азия мен Ауғанстанда аймақтық әріптестікті дамыту. Бұдан бөлек, гуманитарлық көмек беру мәселесі кеңінен талқыланады. Себебі бүгінде әлем бойынша ондай көмектің көлемі азайды. Жалпы, Қазақстанның төрағалығы аясында 16 шара ұйымдастырылады. Сол кезде Сирия, Ирак, Судан, Ливия, Мали, Конго, Йемен және Кипр мәселелерін талқыға салу жоспарланып отыр.

"Шыны керек, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығы Қазақстан дипломатиясы үшін үлкен сынақ. Бұл да тәжірибе, бұл да мектеп. Дегенмен, біз ол сынаққа дайынбыз", - деп атап көрсетті Е.Ашықбаев.

Айта кетейік, 1 қаңтардан бастап Қазақстан тарихта тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының өкілеттілігін орындауға кірісті. Осыған орай, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде алдағы жұмыс жоспары талқыланды.

18 қаңтарда жаппай қырып-жою қаруларын таратпауға арналған жоғары деңгейдегі тақырыптық брифинг өтеді. Оған бірқатар елдердің басшылары мен министрлері қатысады. Брифингте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлейді деген жоспар бар. Қазақстанның төрағалығы 31 қаңтарға дейін жалғасады.


Арман Асқаров,

ҚазАқпарат

Пікірлер