Тәуелсіздіктің іргетасын қалады

2281
Adyrna.kz Telegram

 Ұлттық кітапханада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алаш автономиясының 100 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті. Жиынды Ұлттық кітапхана, «Көшпенділер атамұрасы» Халықаралық қоғамдық қоры, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі, Халықаралық адам институты, Абай атындағы  ҚазҰПУ ұйымдастырды.
Шараға алаштанушы, тарих ғылым­дарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Алаш­тану орталығының директоры Сұлтан-Хан Аққұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлес­тігінің директоры Арман Әубәкір және БАҚ басшылары қатысты.
Дөңгелек үстелді тарих ғылымда­рының кандидаты, профессор Болат Сағидоллаұлы жүргізді. Жиында алаш­танушы ғалымдар Алаштың арғы-бергі тарихына қатысты тарихи деректерге мұқият қарау керектігін баса айтты. Мәселен, әлихантанушы Сұлтан-Хан Аққұлы: «13 желтоқсан – Алашорда үкіметінің жасақталған күні. Биыл Алаш автономиялы мемлекетінің 100 жылды­ғын тойладық. Кейінгі кездері Алаш партиясы, Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы деген атауларды жалпылама білсе де, оның идеясының түп-төркінін, түпкі мақсатын түсінбей айтып, жаза­тындар көбейді. Алаш партиясы, Алаш қозғалысы – Алаш ұлттық-демо­кра­тиялық, парламенттік республи­касын құру жолындағы қадамдар еді. Мәдениет министрлігінің қолдауымен Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан туралы «Қазақ жерінің жоқшысы» атты үш тілде монографиялық еңбек жарық көрді. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, шекарасын белгілеп, шегелеп кеткен Алаш қайраткерлері екенін мойындауға тиіспіз. А.Байтұрсын­ұлының мұрасын жинақтаған «Тіл – таным» кітабы – құнды мұра. Бұрын Алаш идеясын жүзеге асыруда қазақ байларының ерекше қолдау көрсеткені тарихтан белгілі. Бүгінгі күнде алаштануға қаржылай қолдау білдіріп, қайраткерлердің еңбегін жарыққа шығаруға демеушілік жасап жүрген Жауғашты Нәбиевтің еңбегі ерекше», – деді. Алаш­танушы Мәмбет Қойгелді биыл Алашорданың 100 жылдығы аясында өткізіліп жатқан іс-шараларда тарихи қателіктерге жол бермеу керектігін баса айтты. Ол: «Алаш тарихына қатысты кино, көркем шығарма жазғанда, сахналағанда архив деректеріне сүйенген абзал. Насихаттағанда көпе-көрнеу мәлі­меттерді қолдану – тарихқа қиянат. Мысалы, күні кеше театрдан Ерсайын Төлеу­бай­дың «Алаштың Әлиханы» спектаклін арнайы барып көрдім. Біз мемлекетімізді нығайтамыз, бірлігі бекем ел боламыз десек, тарихи тұлғаларды біріне-бірін қарсы қоюды тоқ­тауы­мыз керек. Спектакльде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бар, Міржа­қып Дулатұлы мүлдем жоқ. Бір тұлғаны аспан­датып, екінші тұлғаны төмендетудің қажеті қанша еді? Әлиханнан тергеуде: «Кім­мен ойласасыз?» деп сұраған. Ол тер­геушінің сұрағына: «Көп адаммен сырласа бер­меймін. Ойласатын екі-ақ адам бар. Бірі – Ахмет, екін­­шісі – Міржақып» деген дерек бар. Үшеуі – Алаш идеясының азабын да, тозағын да бірге көрген, бірінен бірі ажырамайтын тұлғалар. Бөліп-жарып тарихқа қиянат жасауға болмайды. Қойылым, спектакль, кино түсірсе де, ғалымдардан кеңес сұрап, тарихи кітаптарды оқығаны жөн. Бүгінгі кө­рер­меннің санасына әдеби дүниемен қабыл­данған оқиғалар, келер ұрпақты адас­ты­рады. Біз не жасасақ та сауатты жасайық», – деген ғалым тәуелсіз елдің тари­хын кемшіліксіз, үлгі болатындай насихаттау керек екендігіне кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар мерейтойлық іс-шарада қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген бірнеше библиографиялық еңбектің тұсауы кесілді. Олар: «Алаш қозғалысы: тарих және қазіргі заман», Әлихан Бөкейхан библиографиялық көрсеткіші, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің «Алаш Орда: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материал­дар жинағы.
Биыл Ұлттық кітапхана «Алаш» қозға­лы­сы: тарих және қазіргі заман» атты библио­гра­­­фиялық көрсеткішті дайындаған. Жинақ – 2005 жылы жарық көрген еңбектің жалғасы. Қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген кітапта Алаш тарихына қатысты 1908-2017 жылдың қыркүйегіне дейінгі әдебиеттер қамтылған. Мемлекет қайраткері, Алашорда үкіметінің төрағасы, ғалым Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметіне арналған библиографиялық көрсеткіште 1889 – 2016 жылдар аралы­ғын­дағы баспа бетінде жарық көрген әдебиеттер жинақталған.
«Адырна» ұлттық-этнографиялық бір­лес­ті­гінің төрағасы Арман Әубәкірдің айтуынша, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі бас­қар­ма­ның қолдауымен биыл Алаш автономия­сының 100 жылдығына орай кешенді жобалар жүзеге асқан. Бірлестік «Алаш Орда: ұлттық идея және дін мәселелері» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Азат рухтың алдаспандары» атты ұлттық музыка кеші, «Алаш арыстары: ұлттық дәстүр және дін» атты деректі фильм әзірлеген. Конфе­рен­ция материалдар жинағы «Алаш идея­сы­ның қалыптасуы мен мәні», «Алаш қайрат­керлерінің қызметі мен мұрасы» төңірегінде топтастырылған. Алғашқы бөлімде Алаш арыстарына дейінгі ұлттық құндылықтар мен діни отарлау саясатының мәселелері туралы материалдар жинақталған. Екінші бөлімде алашордашылардың қазаққа сіңірген еңбегі қамтылған.
Жиын соңында Алаш қайраткерлерінің құнды мұрасын зерделеп, жинақтап еңбек еткен бірқатар азаматтар марапатталды.


Майра ЖАНЫСБАЙ,

"Айқын"

Пікірлер