ӘБДІРАШИТ БӘКІРҰЛЫ: Боксты олимпиада бағдарламасынан алып тастайтын уақыт жетті!

4040
Adyrna.kz Telegram

"Бокс" ағылшын тілінде "белгілі бір ережемен өтетін "жекпе-жек" деп аталады. Жалпы, "бокс" деген сөздің өзі жеке дегенді білдіреді. Мысалы, ауруханадағы жеке бөлім "бокс" деп аталады. Әскери казармаларда, сүңгуір қайықтарда және т.т. "бокс" бар. Ерлердің оқшау шаш қоюы да бокс деп аталады...

Енді оны "жекпе-жек" дейтін болсақ, онда оның белгілі бір ережелері болуы міндетті. Әрбір боксшы өз шеберлігін сол ережелерге сай шыңдайды, жетілдіреді. Сондықтан "бокс" бір кездері тек шеберлік емес, өнер деп те қабылдана бастады.

Мысалы, алысқа бармай-ақ, өзіміздің Серік Қонақбаевтың шеберлігін алайық. Серік өте сұлу бокс өнерін көрсете алды. Одан кейін оған ұқсаған бірнеше қазақстандық спортшылар боксты жоғарғы өнер деңгейіне көтеріп, әлемдік "Баркер Кубогы" иегерлері аталғаны есімізде.

Қазіргі Олимпиадағы "боксты" көріп отырып, адамның оны көргісі келмейтіні рас. Бокс - КӨШЕ ТӨБЕЛЕСІНЕ айналыпты. Оның басты белгілері:

- Оңды-солды қолды сермеу - бейнебір көшеде топ-топ болып төбелескендер сияқты;

- Амалы сәл таусылса - қарсыласына салбырап іліне кету, күресу, баспен, шынтақпен ұру және т.т. "көше төбелесінің" белгілері боксты жаулап алған;

-  Қарсыласын қолғаптың жіп байланған ішімен ұрып жарақаттау;

- Желкеден, арқадан, төменнен т.т. ережеге сай келмейтін соққылар жасау;

- Одан өзге де қитұрқы амалдар қолдану....

Қазіргі төрешілер осының бәрін көріп отырса да, оны "лас бокс" және "таза бокс" екенін біліп отырса да - төрелік еткенде "лас" пен "таза" ешбір ескерілмейді. Кім қолын көбірек шошаңдатса, сол жеңіп шығады... Бейнебір "бетпақтардың бет тырнасуына" төрелік еткендей...

Егерде, олар боксшының әрбір "лас қимылы" үшін "айып ұпайын" белгілесе - мұндай сорақылық болмас еді. (тәртіп бұзғаны үшін салынатын айыппұл сияқты).

Ол болмауы себепті, қазіргі бокста шын боксшылар көбіне "көше хулигандарынан" таяқ жеп, ұтылып жатыр. Ондай "лас боксқа" көптеген елдердің боксшылары әбден үйреніп, әккіленіп алған.

Мысалы, ол тәсілді мына бауырлас өзбек боксшылары да жиі қолданады... Африкалықтар да, америкалықтар да одан кетәрі емес..
Ал біздің қазақ боксшылары әлі күнге боксты "өнер" санап, жарыстарға осы тактикамен келеді.

Біз өз қарсыластарымыз да солай бокс көрсетеді деп ойлаймыз да, осындай шеберлікті басты орынға қоямыз. РОМАНТИКПІЗ. Нәтижесінде, біздің "таза бокс" деген өнеріміз "лас бокстан" оңбай таяқ жеуде. Не істеу керек? "Лас боксты" үйретсек - өзіндік "қазақстандық" деп аталатын тамаша стилді жоғалтамыз.Үйренбесек - боксты "көше хулигандары" таптап барады...

Олай болса, Қазақстандық Бокс Федерациясы Халықаралық Олимпиада комитетіне "Бокс Олимпиада бағдарламасынан алынып тасталсын" деген талап қоюы керек. (Қазіргі бокстың шын бокс болмай қалғанын дәлелдейтін материалдар жеткілікті. Соларды алға тартып, осылай талап қойылсын). Болмаса,қазіргі бокстасу ережесіне өте маңызды, әсіресе, "лас боксты" тежейтін ережелерді жасап шығу талап етілсін! Сонымен қатар, ТӨРЕШІЛЕРГЕ қойылатын талаптар да түбірімен қайта қаралсын деген талап қою керек! Сонда Қазақ боксының көсегесі көгереді...

Әбдірашит Бәкірұлы,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер