Бүгін — Қазақстан халқының тілдері күні

3030
Adyrna.kz Telegram

Бүгін — Қазақстан халқының тілдері күні. Бұрын 22 қыркүйекте атап өтілетін бұл мереке 2017 жылдың 31 қазаны күнгі «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» №689 ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес 5 қыркүйекте тойланатын болды.

Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн - "Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы - тіл" деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

Қазақтың әдебиет зерттеуші ғалымы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген.

"...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді" деп Сәкен Сейфуллин баға берген қазақтың асыл ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні елімізде Тіл мерекесімен қоса тойланатыны қалың қазақ үшін өте қуанышты жағдай.

Ахмет Байтұрсынұлының саяси қызмет жолы 1905 жылы басталған. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі де Ахмет болатын. Қарқаралы петициясында сол кездегі қазақ жұртшылығының мүддесі қамтылған еді. Петициядан кейін жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды. Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Ахметті қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Ахмет Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды.

Ұлт ұстазы атанып, соңына өшпес із қалдырған Ахмет 1937 жылы желтоқсанда жазықсыз атылып кетті.

Ақынның алғашқы кітабы - «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрген. Халқын «Маса» боп оятқан Ахмет Байтұрсыновтың қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін ғылыми негізде топтап берген. «Әдебиет танытқыш» - сан-салалы әдебиет табиғатын жан-жақты ашып, талдап-түсіндірген ғылыми зерттеді. Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышымен» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды.

Сондай-ақ ол - әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым. Көркемдігі айрықша «Ер Сайын» жыры (1923) мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағын (1926) кітап етіп шығарды. Осылайша ол қазақ тілінің тіл болып қалыптасуына, оның дамуына үлкен үлес қосты.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

 

Пікірлер