Түркістан облысында полицейге шабуыл жасалды

1958
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысында күдікті ер азамат учаскелік инспекторге пышақ жарақатын салды. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Сарыағаштық учаскелік полицейлердің бірі полиция капитаны Асқар Уәлиев өз аумағының тұрғыны, есірткі бойынша күдікті деп танылған ер азаматты сотқа дейінгі тергеуге шақыру кезінде жарақаттанған.

«Нақтырақ айтар болсақ, Сарыағаш АПБ-ның сақшыларымен арнайы рейд жүргізу кезінде жүрісі күдік тудырған жаяу жүргінші анықталып, әңгімеге тартылды. Құжаттары тексерілді. Тексеру барысында күдік тудырған жаяу жүргіншіден есірткі заты анықталды. Есірткі сараптамаға жолданып, қорытындысы бойынша «кептірілген марихуана» болып шықты. Осыдан соң ауданның тәртіп сақшылары ер азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабымен «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» сотқа дейінгі тергеу басталады. Күдікті тергеуге шақырылады. Алайда ер азаматтың кешігуіне байланысты учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Асқар Уәлиев күдіктіге жолығып, заңға бағыну қажеттілігін түсіндіреді. Осы кезде күдікті ер азамат асхана пышағын алып, күтпеген жерден полицейдің аяғына сұғып алады. Содан соң оқиға орнынан қашып кетті»,– делінген хабарламада.

Күдікті ер азамат үйінен ұсталды. Одан айғақты зат ретінде «асхана пышағы» алынды. Бүгінде ер азамат қамауда.

Ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабымен бірге ҚР ҚК-нің 380-1-бабы 1 бөлігімен «Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің өміріне қолсұғушылық» сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер