Ербол Бейілхан: Cәтсіздіктен кейінгі #5 түйін

8886

Әр адам өмірінде түрлі сәтсіздіктерге кездесетені қалыпты жағдай. Алайда сәтсіздікті жау емес, ұстаз деп қабылдаған жөн. Әр сәтсіздік - сәттіліктің бастауы. Әр сәтсіздік - табысқа бастар жол. Өлеңге өзіндік өрнегімен келген Ербол Бейілханның есімі көзі қарақты оқырмандарға етене таныс. Ол – ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Поэзия Академиясының Академигі, Балалар әдебиетін қолдау кеңесінің төрағасы. Әлбетте, Ербол Бейілханға атақ та, абырой да, халықтың ыстық ықыласы мен шын пейілі де оңай келген жоқ.

Атағы шыққанға дейін Ербол Бейілхан бір бөлме жатақхана жалдап тұрды. Жұмысы жүрмей, дағдарыстан көз ашпады. Кейбір күндері таңнан кешке дейін ас ішпейтін. Күндіз оқытушы, кешке жүргізуші, арасында саудамен де айналысып, асаба болып та еңбектенді. Қай істі бастаса да соңында ақыры күйреп тынатын. Бірақ ол ешқашан мойыған емес...

Adyrna.kz ұлттық порталы назарларыңызға Ербол Бейілханның сәтсіздіктен кейінгі түйген #5 өмірлік сабағын ұсынады.

1. ӨМІР – КІТАП ЕМЕС, КІТАП – ӨМІР ЕМЕС!

Өмірге келетін сәби ата-анасын қалай таңдай алмаса, пенде баласы да өз тағдырын солай таңдай алмайды. Өмір  - кітап емес, кітап  - өмір емес. Өмір қайшылықтарға, сәтсіздіктерге, қуаныш пен шаттыққа толы. Біз өмірдің осы сәтсіздіктерін кішкентай шаттыққа, қуанышқа айналдыра білуіміз керек. Мен тағдырлы адаммын. Олай дейтінім: әкем, мықты адам еді. Бүкіл ауыл сыйлайтын. 28 жасында үкіметтен алты қанат киіз үй сыйға алды. Ол кезде үй алу қазіргі Астанадан 3-4 бөлмелі пәтер алумен бірдей еді. Бір жылдан кейін Парламентке депутат болуға таңдалған. Озат шопандар парламентте отыратын еді. Сол, асқар таудай әкем 28 жасында көлге түсіп қайтты. Анам 25 жасында төрт баламен жесір қалды. Үйдің ең үлкені мен 6 жаста едім. Сол сәтте аспанды қара түнек басты. Бізге енді өмір жоқ секілді елестеді. Сол шақтан бастап әкемнің атын шығарып, жақсы азамат болуға, жақсы оқуға, жақсылық жасауға тырыстым. Бізді жақсы әкенің баласы, асылдың тұяғы деп өсірді. Жетіммін деп жасымай, жетік адам болуға талпындым. Бізді әкесіз жылдар есейтті. Қайрады, шыңдады. Батқан күннің шығатына сендік. Мың шүкір!

2. ТЕК ӨЗІҢЕ СЕН!

Менің оншақты жылым интернатта өтті. Интернаттың қара нанын жеп өстік. Тамаққа тоймаймыз, көбінде аш жүретінбіз. Балалар биттеп кететін. Тәрбиешілер, мұғалімдер ұратын. Осындай қиыншылыққа шыдамаған қатарластарым оқудан шығып, қашып келмей қоятын. Менде оқуға деген құштарлық басым болды. Қанша қиындық кездессе де сабақтан қалмадым. Мектепке келмей хат танып, оқып үйренген едім. Соның арқасында мектепті үздік оқыдым. Бағаға таласып оқитынбыз. Оқу бітіргенде қанша бестік бағаң бар сол арқылы балл беріліп, конкурсқа түсесің. Техникумға солай жолдама аласың. Арқамыздан қағар адам жоқ, арқа сүйер аға жоқ, өзімізге сеніп өстік. Интернат бізге ұқыпты болуды, үнемді болуды, қанағатшыл, төзімді болуды, жинақы жүруді үйретті. Солай шыңдалдық.

3. ОТБАСЫН ҚҰРУ ОҢАЙ, ҚИЫНЫ ОНЫ САҚТАП ҚАЛУ!

Отбасын кішкентай мемлекет деп жатамыз. Отбасын құру оңай, қиыны оны сақтап қалу. Отбасын құрған екі жастың тәрбиесі, көзқарасы, дүниетанымы сәйкес келмейтін кездер көп. Ұрыс-керіс содан басталады. Адам отбасын құрған кезде қандай жағдай болсын ажырасуға жол бермейміз, тығырықтан бірге шығуға жол табамыз деп келісу керек. Отбасының бұзылуының тағы бір жолы кедейшілік, жетіспеушілік. Еркек қанша тырысқанмен қысқа жіп күрмеуге келмей жататын кездер болады. Сондай сәтте жұбайы тілге ие болып, ерінің бір жағынан шығуы керек. Екі жас шаңырақ көтерген сәттен бастап екі жақтың ата-анасы оларды қолдауы керек. Егер қолдай алмаса жеке тірліктеріне мүлдем араласпай, қызын тартып өсек айтпай тыныш отырғаны абзал. Ұлдың шешесі баласына келінін жамандаса, қыздың шешесі барған жерін жамандап, пәле іздесе бұндай шаңырақтың шайқалары анық. Біз, отбасын құрған соң 7 жыл қолда тұрдық. Анам мен келіншегімнің бір рет сөзге келгенін, жаман әрекетін көрмеппін. Анам, керісінше үнемі келінін жақтап отыратын.

4. ҚАНДАЙ ҚИЫНДЫҚ КЕЗДЕССЕ ДЕ, ЖОЛ ТАБУҒА ӘРЕКЕТ ЕТ!

Шеткері бір ауылда мұғалім болып қалдым ба деп өзімді жейтін кездерім болған. Осы оймен арпалысып жүріп, ғалым боламын, танымал адам болуым керек деп Астанаға тарттым. Екі баламыз кішкентай еді. Уақытша анамызға қалдырдық. Астанаға киім салған жалғыз қара сөмкемен келдік. Бірден магистратураға түсіп кеттім. Колледжге оқытушылыққа орналастым. Бір бөлме жатақхана жалдап тұрдық. Айына 18 мың теңге аламын. 12 мыңын үйге төлейміз. 6 мың теңгені үнемдеп бір айға жеткізіп күн кештік. Кейбір күндері таңнан кешке дейін ас ішпейтінмін. Үй алу үлкен арман болды. Қол жетпестей көрінетін. Бүйткен Астанаң құрсын, кетсек деген ойлар да туатын. Тырысып бақтық. Біреудің курстық, дипломдық жұмысын жазып, асаба болып жүріп аз қаржы жинап, сауда бастадық. Мен жартылай ақшасын салып, несиеге машина алдым. Күндіз оқытушы, кешке келіншегім сатқан заттарды елдің үйіне жеткізіп беретінмін. Мойнына галстук таққан, костюм шалбар киген зат жеткізушіні көргендер таң қалатын. Жұмыстан еш арланған емеспін, бұл менің адал еңбегім. Жарты түн такси жасайтын ем. Осылай екі жақтап жүгіргеннің арқасында біз 4-5 жылдың ішінде екі үйлі болдық. Мен, 2006 жылдың өзінде 20 мың долларға машина міндім. Сол кезде ол үлкен ақша еді. Қандай қиындық кездессе де, адам талпынуды, жол табуға әрекет етуі керек. Әрекетсіз берекет болмайды.

5. СТРЕССТІ ҚОЛДАН ЖАСАМАЙ, ӨЗ-ӨЗІҢДІ БАСҚАРУДЫ ҮЙРЕН!

Біздің буын депрессия, стресс, мотивация, тренинг дегенді естімей өскен, бұл туралы ойламаған бақытты буын. Өткенде осы туралы өлең жазған ем. Соңғы жылдары осы сөздер көп айтылып кетті. Тіпті біреулердің азығына, күн көрісіне, мамандығына айналды. Адам қозғалмаса, әрекет  жасамаса, ойланбаса, әрекет етпесе, мінез-құлқын түзеуге тырыспаса әрине ауыру болады. Біз стресті қолдан жасап, депрессияға ұшырап өз өмірімізді қиындатып жатқандаймыз. Өзін-өзі жеңген, өзін-өзі басқарған адамда бұлардың біреуі де болмас еді. Маған жыл сайын адамдардың пейілі тарылып бара жатқандай көрінеді. Түксиген еркек, дүңірейген әйел көп. Бірдеңе десең "арс" еткелі тұр. Неге? Бетперде киіп алған. Өзін қорғаған түрлері. Жан дүниесі жасандылыққа толы. Әрекеті, тірлігі, сөзі, мінезі жасанды. Кімді алдап жүр ұқпайсың. Өзін алдап жүргені анық. Әлеуметтік желіде де осындай жағдайлар көп. Жастарға ақыл айтудан аулақпын. Халық моральдан шаршады. Жоғарғы биліктен бастап, ең төменгі балабақшаға дейін 30 жыл мораль тыңдадық. Шыққан мүйіз жоқ. Жастарға бір ғана айтарым: Діл мен тіліңді біліп, дамыта отырып, заман көшіне ілесе біліңдер дегім келеді. Әрекет керек.

ЖАЛПЫ ӨМІРДЕН ТҮЙГЕНІМ:

Бір есік жабылса түңілме, жүз есік ашық тұр, сен өз есігіңді аша біл.

***

Біреуді ұнатпасаң бас тарта біл, біреу ұнатпаса жабысып сүйкімсіз болма.

***

Өз жұмысыңды өзің жасап үйрен, біреуге міндет қылма, міндетсіңбе.

***

Өмірді өзіңе ұнағандай сүр, елдің сөзіне елең болма.

***

Қайда жүрсеңде өзіңе комфорт жасай біл, саған ешкім комфорт жасап бермейді.

***

Өзіңді де, өзгені де сыйлауды, құрметтеуді үйрен.

***

Қолыңнан келсе жақсылық жаса, келмесе зияныңды тигізбе.

***

Өмір қысқа. Сыйластықтан артық ештеңе жоқ.

 

Жоба авторы: Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы