Қазақстанда Facebook, Instagram, YouTube сынды бірқатар әлеуметтік желілер бұғатталмақшы

3464
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда Facebook, Instagram, YouTube сияқты танымал әлеуметтік желілер бұғатталуы мүмкін, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Кеше, 15 қыркүйекте ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары билікке осындай құқық беретін заң жобасын мақұлдады.

Жаңа құжатқа сәйкес, шетелдік онлайн-платформалар Қазақстан аумағында қызметін жүзеге асыру үшін міндетті мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Заң қолданысқа енген соң алты ай ішінде тіркелмеген онлайн-платформалардың "әлеуметтік желі" Қазақстан аумағындағы қызметі шектеледі.

Билікке әлеуметтік желілерді бұғаттау мүмкіндігі бала құқығын қорғау заңы аясында берілмек. Жобаны талқыға салған депутаттар "буллинг" пен "кибербуллинг"  сөздерін жиі қолданып, өз пікірлерімен бөлісті. Бұған дейінгі ескі заңдарда әлеуметтік желілердің жауапкершілігі жете қамтылмады деген Мәжіліс төрағасы ешкімге қарамай, осы заңды жедел іске асыруды тапсырды.

- Суицидке апаратын жол. Сондықтан жаңа айтып кеткендей, балалардың, әсіресе мектеп балаларының буллинг және кибербуллингтен толықтай қорғайтын нақты нормаларымызды ешкімге қарамай енгізуіміз керек. Аналар айтып жатыр, мыналар айтып жатыр... Бұл балалардың болашағы, балалардың өмірі!, - дейді Н.Нығматуллин

Бұдан бөлек ел аумағындағы филиалдарына шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар басшы бола алмайтыны сөз етілді.

Заңды ұсынған депутат Айдос Сарымның мәлімдеуінше, әлеуметтік желілер қазақстандық аудиторияны пайдаланып, табыс тауып отыр. Сондықтан Қазақстан заңымен де санасуы керек.

- Ата-аналар, өзі бір белсенділік танытып заңсыз контентті немесе адамдардың ар-намысын таптаған балалардың денсаулығына, психикасына т.б. әсер ететін жағдайда. Біздің Ақпарат министрлігі осындай азаматтардан келген арыз-талаптардың бәрін жинап, сол фейсбукқа, инстаграм т.б. жібереді. Бірақ, олардан ешқандай реакция жоқ. Сондықтан жұмыс тобының отырыстарында осындай ойға келдік. Шынымен де, Қазақстанда қазақ тілін білетін өкілі отыруы керек - деп мәлімдеді Мәжіліс депутаты.

Сарапшылар заң жобасынан сөз бостандығына қауіп көріп, мұны "әлеуметтік желіні"  билік қолына тапсыру деп бағалап отыр.Баланың кибербуллинг мәселесі бойынша негізі елімізде басқа да заңдар толып жатыр. Қазақстанда пікір еркіндігі бар жалғыз орын әлеуметтік желі - деген олар билік бала құқығы сөзін алға тартып, қулық істеп отыр дейді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер