АҚШ-тағы қазақ ғылымы: Отандық ғылымға қаржылық қолдау жетіспейді

3079
Adyrna.kz Telegram

Шетелде қазақтың атын танытып жүрген ғалымдарымыз өте көп. Солардың бірі Нұғман Жарқынай Нөкербанқызы. Ол Алматы облысы, Кеген ауданының Жылысай ауылында дүниеге келген. Порталымыздың тілшісі бүгінде АҚШ-та қызмет атқаратын нанотехнологпен тілдесіп, аз-кем сұқбатқұрды. 

Жарқынай ханым, ғылымға деген қызығушылығыңыз қалай оянды?

– Ғылымға деген қызығушылығымды студент кезімде анық байқай бастадым. Мектепті үздік аяқтағаннан кейін Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының (қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті – ред.) металлургия факультетіне түсіп, оқуымды жалғастырдым. Бес жыл «Металтану және металдарды термиялық өңдеу» мамандығында білім алдым. Университеттің екінші курсынан бастап ғылыми жетекшім Байымбетов Нұрбай Арықұлының зертханасында іздендім. Осылайша зерттеуге деген қызығушылығымның оянғанын түсіндім. Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тәмандаған соң, араға үш жыл салып, аспирантураға қабылдандым. Осылайша техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін алдым.

– 60 жылдық тарихы бар Далластағы Техас университеті – инженерия және биомедициналық ғылымдар бойынша маманданған белгілі инновациялық халықаралық институт. Жұмысқа шақыртуды қалай алдыңыз?

– 2005 жылы АҚШ-тың CRDF (Civilian Research and Development Foundation) Азаматтық зерттеулер мен даму қоры бұрынғы Кеңес одағының 15 республикасының ғалымдары арасында байқау жариялады. 5 гранттың бірін ұтып алып, Массачусетс штатындағы Бостон қаласында өткен MRS (Material Research Society) ғылыми зерттеу конференциясына қатыстым. Ол маған әлемдік озық технологиялармен танысып, атақты ғалымдармен кездесуге мүмкіндік берді. Сол кезден бастап біздің елдегі ғылымға деген ойым өзгере бастады. Бірнеше жыл АҚШ-тың ғалымдарымен бірге түрлі жобалар жасап, ҚазҰТУ-да оқытушы болып жұмыс істедім. 2010  жылдың наурыз айында 3 айға Далластағы Техас университетінің (The University of Texas at Dallas (UTD) — ред.) Нанотехнология институтына ғылыми қызмет атқаруға  шақырылдым. Басшылық еңбегімді жоғары бағалап, сол жылдың қыркүйек айында тағы бір жылға шақырту жіберді. Бұл жолы өзіммен бірге балаларымды алып келуге рұқсат берді.  Бір жылдың ішінде UTD мен ҚазҰТУ-дың арасында үлкен жоба жасадық. Сол жобаны іске асыру үшін тағы 3 жыл UTD-де қызмет еттім. ҚазҰТУ-дағы кафедрамда көміртек нанотүтіктерін өндіретін зертхананы жасауға үлесімді қостым. Көп жылдар бойы университет деңгейіндегі ғылыммен айналысқандықтан, одан да тереңірек ғылым деңгейіне ауысқым келгенін түсіндім.  Содан Lintec NSTC Жапон-америкалық нано-ғылым және технология орталығына ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа алындым. Бұл компанияда қызмет еткелі бері не себепті Жапонияның алдыңғы қатардағы мемлекет екенін түсінгендеймін.

Нақтылай кетсеңіз...

– Бұл елде «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» деген болмайды. Әр аптаның аяғында істеген жұмысың, жаңадан үйренген тәсілдерің және жасаған жаңа жобаларың жайлы жазбаша түрде презентация жасау міндеттеледі. Егер сіздің жаңа, тың бастамаңыз болса, әрі одан нәтиже шығатынын көрсете алсаңыз, бірден құптайды. Керекті матералдарыңызды да бірден әпереді. Сіз зертхана деңгейіндегі прототипті жасап шықсаңыз, әрі қарай Жапониядағы өндіріс зауытында өндіре бастайды. Жалпы  ғылымға деген қолдау жоғары.

– Ал Қазақстан ғалымдарға қаншалықты көңіл бөлінеді?

– Шетелде жүрген ғалымдар өздеріне жасалған мүмкіндіктерді бағалайды. Біздің елде мықты ғалымдар көп, бірақ олар бар потенциалын аша алмайды. Өйткені мамандарда мүмкіндік жоқ.

Қазақ ретінде, ғалым ретінде сізді қандай мәселе мазалайды?

– Қазақстандық бір ғылыми журналда екі жыл бойы корректор болдым. Редакцияға келген мақалаларды оқып, қарным ашушы еді. Егер ғылымға бөлінген қаржы сол салада толық пайдаланылса, қазақ ғылымы да алдыңғы деңгейге шығар еді.

– Болашақта елге оралып, шәкірт тәрбиелеуіңіз мүмкін бе?

– Егер менің пікіріме құлақ асып, шәкірт тәрбиелеуге мүмкіндік беретін болса, әрине, келер едім.

Әңгімеңізге көп рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер