5 адамды өлтірген Дужнов Донбастағы соғысқа қатысқан болуы мүмкін

4449
Adyrna.kz Telegram

Бес бірдей адамды атып тастаған Игорь Дужнов 10 компания мен жеке тұлғаларға да қарыз болып шықты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «КТК» арнасына сілтеме жасап.

Бұрынғы отбасылық досының айтуынша, Дужнов одан 35 мың еуро алып, он жылдан бері бермей зар қақсатып келеді. Енді бірі қолхатпен берген 200 мың долларымды қайтармады деп әлеуметтік желіде шу көтерді. Тіпті берешекті қайтармаудың амалы ретінде одан екі жылдай хабар-ошар болмаған. Сөйтсе Игорь Дужнов осы уақытта Донбасстағы соғысқа барып келдім деп, жора-жолдастарына мақтанышпен айтып жүріпті. Егер қаскөйдің бұл сөзі рас болса, онда ол сепаратизм бабы бойынша да жауапқа тартылуы мүмкін.

Игорь Дужновтың отбасымен журналист Елена Винокурова ұзақ жылдар бойы араласқан екен. Бірақ әулеттер арасындағы жақсы қарым-қатынасты қыруар ақша бұзыпты. Яғни Игорь Дужнов әріптесіміздің анасынан он жыл бұрын 35 мың еуро қолхатпен қарыз алған. Бірақ бұл берешекті Винокурова әлі күнге дейін өндіріп ала алмай жүргенін жеткізді.

Ал журналист Диас Нұрақын facebook желісіндегі парақшасында жаңа деректермен бөлісті.

“Ақбұлақта 5 адамды жайратып тастаған "мергеннің" бізге беймәлім суреті жарияланды. Игорь Дужнов Донбастағы соғысқа қатысты деген қауесет шығып еді. Сол сөз рас сияқты. Оң жақтан санағанда бірінші тұрған азамат Дужновқа қатты ұқсайды. Ресейлік арнайы қызмет оның Украинада соғыста болғанын, разведгруппада қызмет еткенін анықтапты-мыс. Карабинін құшақтап 2 жыл жоғалып кетті деп жатыр еді»,– деп жазды ол.

Игорь Дужнов қазір қамауда отыр. Ол апта басында үйін босатуды талап еткен сот орындаушы, екі учаскелік полиция қызметкері мен тағы екі адамды аңшы мылтығымен ауласында жайратып салды. Қанды оқиғаға қатысты екі қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер