Құлақта құлаққап, арқада рюкзак: Алматы маңындағы "Швейцария, Колорадо, Ньюспейпер-Рок"

2759
Adyrna.kz Telegram

Таңғы сағат 05:30. Сағат шыр етіп шырт ұйқыны бұзды. Жылы төсекті, тәтті ұйқыны қиып, ерте тұру қиын-ақ. Алайда тұру керек. Себебі алда үш күндік тамаша тур күтіп тұр. Тез жуынып, рюкзакты арқаға асып «Балуан Шолақ» сарайының жанына жетіп бардым. Сағат 06:00-де автобус орнынан жылжып, саяхат басталып кетті. Алғашқы аялдама Жамбыл ауданындағы «Таңбылытас» тарихи кешені. Жол ұзақ. Сондықтан құлаққа құлаққапты салып, әдемі әуенмен жол қысқарттық. Терезеден Алматының күйбең тірлігі сырғып өтіп, Алматы-Тараз тас жолына да шықтық. Әне-міне дегенше «Таңбалытасқа» да жеттік. Артта жүздеген шақырым мен үш сағаттық жол қалды.

Азия Дауысы — Википедия

«Таңбалытас» тарихи кешенінде 5 мыңнан астам сурет бар. Олар түрлі кезеңде салынған. Қола дәуірінен бастап, орта ғасыр аралығын да қамтиды. Суреттердің мазмұны мен мәні сан қилы. Аңшылық, жауынгерлік, атты қолға үйрету мен соғыс өнері, діни жоралғылар. Бәрі осында. Кешен жарты ғасыр бұрын табылып, зерттелсе де, «Таңбалытастың» тынысын ашқан «Азия дауысы» халықаралық ән байқауы болыпты. «Азия дауысының» символикасы естеріңізде болар. Нота мен оған қабыстыра жасалған күн басты адам бейнесі. Міне, дәл осы бейнеге шетелдік жанкүйерлер таңданыспен қарап, қайдан алынғанын сұрапты. Ал ол «Таңбалытастан» алынған еді. Кешеннің ортасында 7 Күн басты адам бейнеленген, сондай-ақ 12 адам отты айналып билеп жүргенін де көре аласыз. Тарихшылар бұл жеті күн мен он екі айды білдіреді деген болжамға тоқтаған. Кей жандар «Наурыздың тойлануы бейнеленген» деген де болжамды айтуда. Бұл жерде отырып Харари Нойдың ғаламдық туындысы «Адамзаттың қысқаша тарихы» еске түсті. Расымен сапиенстың қалдырмаған ізі жоқ, тек көре білу керек. «Қазақ тарихын тасқа қашап жазған халық» дегенді осында көріп, түсінуге болады. Қысқасы мың рет оқып, жүз рет естігенше, бір рет келіп көретін жер. Тарихпен тілдесіп, тастармен сырласуды қаласаңыз, «Таңбалытасқа» тартып тұрыңыз.


«Таңбалытас» кешенінен кейін тағы да жолға шықтық. Тағы әуен, тағы құлаққап, жүздеген шақырым трасса. Келесі аялдама Шарын өзенін бойлай өскен «Шетен тоғайы». Шетен ағашы өсетін бұл тоғай 20 шақырымға созылып жатыр. Жалпы шетен ағашы көптеген халықтарда қасиетті саналады. Америка құрлығының үндістері алғашқы адамдар шетенде пайда болған десе, Скандинав халықтары шетенді Один құдаймен және мәңгілік өмірмен байланыстырады. Герман тайпалары шетен ағашынан руна жазуларын жазып, оны қасиетті санаған. Көптеген халықтар шетен ағашы аспан, жер және жер асты әлемін байланыстырушы деп қадір тұтқан. Сан түрлі халықтың мәдениеті мен дінінде көрініс тапқан шетенді өз көзіңізбен көргіңіз келсе, мархабат. Алматыдан екі сағаттық жерде қалың тоғайы жайқалып тұр.

Интересные места за пределами Алматы (да, они существуют)

Шетен тоғайын аралап шыққаннан кейін Шоңжының ыстық суына түссеңіз, жаныңыз жадырап, тәніңіз бір рахаттанып қалады. Жер қойнауынан атқылап шығып, бар пайдалы минералын бойына жиған су бұл. Исландияның ыстық бұлақтары мен Жапонияның қайнаған су көздерінің жарнамасы жаңғырып тұр демесеңіз, олардан Шоңжының ыстық сулары да кем түспейді. Тек үнемі өзгенікі артық болып көрінер адамзат деген біз боламыз. Шоңжының суларына түсіп, сергіп, бойыңыз балқып, демалып, көрген ақпаратты миыңызда сүзіп, сараптап алғаннан кейін, Жаркентке жолға шығыңыз. Бір шегесіз салынған әйгілі Жаркент мешітін көрмей кетуге болмас. Тарихы тереңде. Жергілікті көпес Вали Ахун Юлдашев 1887 жылы Бейжіңнен сәулетші Хон Пикті алдырып, салдырған бұл мешіттің көрмегені жоқ. Қызыл империя тұсында ат қораға айналып, кей жылдары астық қоймасы да болған. 1600 адам бір мезетте сәждеге жығылған үлкен залы бүгінде музей болып тұр. Келіп көргісі келген жанға құшағы қашанда ашық.

Кольсайские озера, Кольсай
Жаркентте дамылдап алған соң, үш сағаттық жол күтіп тұр. Ол Жаркент – Көлсай арасы. Жолда Қара шатқалға (Черный каньон) тоқтап, суретке түсуді ұмытпаңыз. Еуропа халықтары «шатқалдар Құдайлардың шайқасынан қалған, қай жерге қылышы тисе, сол жерде шатқал пайда болған» деген аңызды айтады. Әрине бұл тек қана аңыз. Бірақ соған қарамастан, Алматының маңызда «Құдайдың қылышы екі жерге тиіпті».

Қара шатқалдан кейін Көлсайға жол тартыңыз. Көлсайдың сұлулығын сөзбен суреттеу мүмкін емес. Тек көзбен көру керек. Швейцариядан артық болмаса кем емес. Сәкендер көзімен көрсе, Ілиястар бар болса сан өлеңін арнайтындай-ақ сұлу мекен. Қайтар жолда таныстыруды қажет етпейтін Шарын шатқалына кіріңіз. Шатқалдың ортасымен жүрген сәтте бойыңызды түрлі сезім билеуі мүмкін. Оң жақтан үндістер атып шығатындай, сол жақтан ковбойлар атыса кететіндей сезім болса ол қалыпты. Себебі расымен көрінісі сондай әсер қалдырады.

Загадочный Чарын: что известно о казахстанском Гранд-Каньоне

Алматы облысының сұлулығын «Жаңа Жібек Жолы» атты туризм саласын дамытуға негізделген бағдарлама аясында көріп шықтым. Бір облыстан «Швейцария, Колорадо, Ньюспейпер-Рокты» қатар көру керемет сезім қалдырады. Олай болса рюкзагыңды ал, кеттік саяхатқа. Адам қартайған шағында қатты өкінетін бір дүние болса, ол жас кезінде аз саяхаттағанына ғана деп ойлаймын.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер