Тарихтың мөрі басылған әрбір тасында,Үңгіртас деген ауыл бар Қозыбасында!

4782
Adyrna.kz Telegram

Уақыт және кеңістік тұрғысынан қарайтын болсақ, адам өмірі тым қысқа.Ал, зау биіктер мен құла дала үшін біздің ғұмыр бір сәттік қана.Тіпті бұл кеңістік үшін жер қайыстырар әскері болған хан Шыңғыстың да өмірі түкке тұрғысыз.Ал,адами тұрғыдан өз заманында келешек кеңістігінің тарылмауын тіршілік етудің негізгі мақсаты санаған тарихи тұлғалардың өмірінен ұлағат түю–еш жерде жазылмаған парыз болса керек.Қозыбасы төбесіне шыққанда маған осындай ой келді.

Қазақ хандығының еркіндік туының желбіреген сәтімен ерекше.Одан кейін де қазақтың басынан өткен талай тарихи жағдайларға куә болып, міз бақпай жатыр.Міз бақпай дегеніміз де,тереңдей берсек жаңсақ ойлау болып шыға келеді.Төбенің тасын баяғыша кекілік мекен тұтып, етегіне баяғыша боз жусан шығады. Бұрынғыдай Жиренайғыр өзені тарихи төбеге бір тәу етіп, төмен қарай ағып өтеді.
1458 жылы Жәнібек пен Керей сұлтандар Қазақ хандығын Қозыбасында құрып,бір түмен елді мал-мүлкімен көшіріп әкелген.Ғалымдар бұл оқиға қыркүйек айында болған деседі.Хан ордасында Керей хан өз халқына бірінші жарлығын қазан айында жариялап,қыстап шығу мәселесі мен жас мемлекеттің болашағына қатысты кеңес құрған екен.
Қозыбасы жайлауын мекендеу Жәнібек пен Керей сұлтандарға өте тиімді болатын.Жайлаудың жан-жағы тау болғандықтан Әбілхайыр ханның қолы жетпейтін,мықты бекініс қызметін атқарған.
Дегенмен,Қазақ хандығының құрылуындағы Қозыбасы төбесінің қай жерде екендігі жайында пікір көп.Бір-біріне қайшы келетін көзқарастар да жетерлік.Тастағы таңбаларға зер салып, ел ішіндегі этнографиялық материалдарды жинақтаған Жағда Бабалықұлы бір мақаласында «Қозыбасы төбесі Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Суықтөбе тауынан қашық емес» деген пікір айтқан.
Қозыбасы төбесі аласа ғана дөңдердің ортасында дөңгеленіп тұр.Расымен, хан кеңес құрып, халықтың жарлық тыңдауға жиналуына қолайлы кеңістік. Құдды орда кеңесін құру үшін біреу әдейі қолмен жасап қойғандай.Тіпті дала мәдениетінің табиғатпен осыншалықты ұштасып жатқандығына қайран қаласың.Бұрын осы далада Батыс пен Шығыстың арасындағы байланыстың нышаны іспетті Ұлы Жібек жолының керуені көшіп бара жатқанын ескерсек, қазаққа хандық құрмаққа ұмтылған қос сұлтанның Үңгіртастағы Қозыбасына ту тігуі – ойға қонымды.
Таудан таңбалы тастарды да кезіктіруге болады.Алайда соңғы жылдары Қозыбасын ашық карьерге берген екен.Ауыр жүк көлігі киелі төбенің тасын тасып жатыр.Күллі қазақ үшін қызырлы мекеннің тасындағы маңыздылықты түсініп,ол жердегі қазба жұмыстары тоқтайды деген үмітіміз бар.Ал, төбенің Қозыбасы атануына не себеп?Туған өлкеге қатысты тарихи мұралар-ды жинақтаушы, аналар алқасының төрайымы,ауылдық кітапхана меңгеру-шісі Гүлшар Асылбекова көктемде шөп қылтиып шыға салғанда туған төлдің басы көбейетін берекелі өлке болғандықтан бабаларымыз солай атаса керек деген болжамын айтты.Бұл долбар шындықтан аса алыс емес. Себебі, шөбі шүйгін мекеннің қой совхозы болғанын ұмытпауымыз керек.Жері отты болмаса, ол жерден үздік шопандар мен еңбек ерлері шығар ма еді?
Ал,Сарбастау мектебіндегі тарих пәнінің мұғалімі Шапағат Аденова төбенің алыстан қарағандағы сұлбасы қозының басына ұқсайтынын айтты. Тарихи төбеге қатысты деректермен таныстырған мұғалімнің де болжамын жоққа шығара алмадық. Себебі, төбе анықтап қараған, байқампаз адамға қозының басына ұқсайтын болып шықты.
Ақсақалдар алқасының мүшесі Сәрсебек Екейбаев:«Тәуелсіздік алған кезде ауылдарды қазақшаландыру басталды.Біздің ауыл № І ферма деп аталып келген ғой.Көрші жатқан Аққайнар ауылына аты ұйқассын деп ауылға Көкқайнар деген ат берді.Өз басым ауылдың Қозыбасы деп аталғанын қалағанмын.Бірақ менің ұсынысым өтпей қалды»,– деп ел мен жердің тарихы туралы сыр шертті.Ауылға Көкқайнар деген атауды сол кездегі әкім Меруерт Тастанова берсе керек.
Қозыбасы мен Суықтөбе шыңына дейінгі аралық 28 шақырым. Батыс жақ қанаты Басбатыр тауы мен Дегерес төбесіне ұласады. Шөбі шүйгін, малға жайлы мекен болғандықтан жер ыңғайына қарай жаңа құрылған мемлекет осы жерді таңдаса керек.
Сонымен,Үңгіртас ауылдық округін Қозыбасы төбесін жайлаған ел болғандықтан, барша қазақтың киелі қарашаңырағының мұрагері ретінде қарауымызға болады.Қарашаңырақ демекші,Үңгіртас ауылында Қарасай батырдың Есім ханнан сыйлыққа алған киіз үйінің босағасы сақталып келген. Қарасайдың сегізінші ұрпағы, қара босағалы Еспенбет атаның үйіне ат басын бұруды ұмытқан жоқпыз.Әрине, қара босағаның Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында екендігінен хабарымыз болған.
Жер кіндігі
Ауылдық округтің орталығы Үңгіртаста «Жер кіндігі» бар.Соңғы 7 жылда бұл өлкені көру үшін алыс-жақын шетелден келетіндер көбейген.Бұған академик Вячеслав Бронниковтың ғылыми зерттеуі де түрткі болғанға ұқсайды. Вячеслав Михаилович – Кеңес Одағы бойынша биоэнергетиканың негізін салушы ғалым.Арнайы құрылғылар арқылы тексеру барысында осы аймақтан жоғары энергетикалық қуат көзі анықталған. Өзге ғалымдар тобы бұл маңда жер астындағы анықталмаған металдың магниттік өрісі бар болуы мүмкін деген болжамын ұсынады. Қалай болғанда да, мәскеулік ғалымның биоэнергетикалық зерттеуінен кейін Үңгіртасқа келушілердің саны ұлғайған. Тіпті, бұл маңды Жердің кіндігі деп атайтындар да жетерлік.Жер кіндігіне барып, ғарыштық байланысқа түсетіндігіне сенімді туристер ол өлкеге қатысты мифтерді тыңдауға дайын.Бір қызығы, бойды сенім билеген соң ба, ондағы тасқа жақындасаң, шынымен ыстық пен суық лептің қатар алмасып жатқанын сезінесің.Ал,Үңіртас ауылының тұрғындары ол жердің қасиетті екендігіне тегіс сенеді дей алмаймыз.Қалыпты адамдар секілді жердің кіндігінің қасында өмір сүріп жатқанына сенетіндер де, мүлдем нанбайтындар да бар. Қазір ол үңір орналасқан аумақ қоршалған.Айдаһардың қанатына ұқсайтын таудан шығып тұрған үңгірдің қапталы көрген адамды өзіне еркісіз баурап аларлықтай әдемі.Сондықтан қатып қалған айдаһар хақындағы аңызға, Жер кіндігі туралы тәмсілге сенбесеңіз де, шебер табиғаттың сұлулығын тамашалау үшін баруға болады.Тау етегінде хас сұлудың жанарынан ағып түскен саф тамшыдай мөлдір өзен ағып жатыр.
Кешегі күн
Ауылдың тарихы өзге елді мекендер секілді ұжымдастыру кезеңімен тікелей байланысты. 1929 жылы Жарықбай Байдуллаұлының ұйымдастыруымен құрылған. 1930-1948 жылдары Қастек атындағы қой совхозы болып құрылады, ол кездегі директоры Е.Есенбаев деген азамат болған. Қастек атындағы қой совхозы тікелей Мәскеуге қараған шаруашылық болды. Қойдың еті мен биязы жүнін өндіретін совхозды Социалистік Еңбек Ері атағын алған Мусин Шайхислам басқарған.Ш.Мусиннің басшылығы кезінде шаруашылық экономикасы нығайып,ауылда екі қабатты үйлер, орта мектеп, балабақша салынған.Ол Мәскеуде өткен мал шаруашылығын асылдандыруға қатысты одақтық көрмеде қой тұқымын асылдандыруға қатысты І дәрежелі дипломға ие болған.Әрине,қой тұқымын асылдандыруда бір ғана адам нәтиже көрсете алмайды.Қой совхозының одақтық деңгейде мойындалуына үлес қосқан көп азаматтардың ұрпақтары қазір Үңгіртас ауылында тұрады. Өскелең ұрпақ Ленин орденімен марапатталған; Ешенхан Сәрсенбаев, Анарбек Тұматаев, Амалбек Бейсебаев, Үмбетқұл Молдабаев, Әшім Бөстекбаева,Сейден Омаров,Бабихан Бастаубаева, Бақтыбай Абитов, Мұқан Көккөзов сынды ел азаматтарын мақтанышпен айтып отырады.Атақты шопан, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Сайлау Қалқабаев та осы ауылдың тумасы.Осындай тұлғалардың ерен еңбегінің арқасында астық сату жөніндегі бесжылдық жоспар «Қастек» мемлекеттік асыл тұқымды қой заводында мерзімінен бұрын орындалатын.Еңбек адамдарын бағалайтын, олардың ой-пікірлеріне мән беріп,ақыл-кеңестеріне құлақ асатын дәуір болған.
Тұлғалар тұғыры
Қазақстандық мал шаруашылығы, оның ішінде қойды асылдандыру туралы хабары бар адам Мұқан Көккөзовті білмеуі мүмкін емес.Ол 100 қойдан 160 бас қозы алған.
1956 жылы «Қастек» асыл тұқымды қой зауытынан І ферма бөлінеді. Осы бөлімшені 28 жыл бойы Амалбек Бейсебаев басқарады.Ауылдағы тұрғын үйлердің салынуы, радио жүйесі мен телефон байланысы, электр станциясының, жолаушылар тасымалына арналған автобустың жүргізілуі осы кісі басшылық еткен кезде жүйеленеді. Ол «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Ленин ордендерімен марапатталған.
Үңгіртас ауылының тумасы Қыдырбай Өскенбаев Панфилов дивизиясында Б.Момышұлымен бірге Мәскеу түбінде болған. Соғыс жылда-рында бірнеше орден, медальдар алған.
Ал,Қарабек Бәйтімбетов батыр Бауыржан басқарған 316 дивизияда болған. «Қастек» қой совхозында 27 жыл еңбек еткен.
1945 жылы «Варшаваны азат еткені үшін» медалін, 1975 жылы «Құрмет Белгісі» орденінін иеленген майдангер Ермек Далабаев 1941 жылы соғысқа аттанады.Ол бейбіт өмірге оралған соң, халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына араласады.1948-1954 жылдары Жангелдин атындағы, ал 1954-1963 жылдары Амангелді колхозының төрағасы болады. Кейін «Қастек» асыл тұқымды қой зауытынан бір отар қой алып, шопан болады.
Ат спорты бойынша өз заманында «Үш батыр» деген атқа ие болған: Шахан Бастаубаев пен Талапхан Байқасымов және Мұсахан Елгезеров республикалық жарыстарда жеңіске жетіп отырған.Мәскеу, Киев, Тбилиси, Ашхабад, Ташкент, Бішкектегі жарыстарға қатысқан.Олардың 40 мақтау қағазы бар екен.Ал 4 награданы атақты қолбасшы С.Буденныйдың өз қолынан алыпты. Қазақстанның 50 жылдық тойындағы сайыста 106 жігітті жеңген батырлар «Алтын медаль» алған.
Білім ошақтары
Үңгіртас ауылында 1930-1934 жылдары бастауыш мектеп ашылған.Ол оқу орны 1935 жылы мектеп-интетнатқа айналып, жеті жылдық білім беретін мекеме болған екен. Мектептің алғашқы ұстаздары:Р.Сартбаев,Ж.Байжанов, Ж.Жүнісов, З.Беласаров.М.Шөпбаев.1957 жылы мектеп жаңа ғимаратқа көшіріледі.Ал,1963 жылы он жылдық мектеп ретінде жұмыс жасап, тағы да басқа ғимаратқа көшеді. Қазір бұл мектепті бітірген түлектер арасында елдің мақтанышына айналған тұлғалар да бар.Атап айтар болсақ, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Мақпал Жадрина, ҚР сыртқы барлау қызметі директоры, генерал-майор Ғабит Байжанов, Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев.Жыл сайын мектепті «Алтын белгімен» бітіретін шәкірттер де келешектің кемел тұлғаларына айналатын болады.
Ауыл мұғалімдері Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі, Ленин орденінің иегері Жұмабай Жадринмен мақтанады. Ол Үңгіртас мектеп-интернатын 20 жылдан астам уақыт басқарған.
Көкқайнардағы мектеп
«Қастек» қой зауытының І бөлімшесі саналған қазіргі Көкқайнар ауылының атауына қатысты деректі айтып өттік. Бөлімшеде 1952 жылы бастауыш мектеп ашылған.Мектептің аты Шиен бастауыш мектебі деп аталған. 1979 жылы мектеп бастауыш деңгейден орталау мектепке көтеріледі. Ал 1992 жылы 21 шілдеде Көкқайнар орта мектебі болып ұйымдастырылады. Төлеміш Өкеевтің «Көксерек», Қаныбек Қасымбектің «Шоқ пен шер» фильмдерінде ойнаған Қамбар Уалиев осы мектептің түлегі.
Ауыл аудан орталығынан 47 шақырым қашықтықта орналасқан. 123 түтіні бар ауылда 5 көпбалалы отбасы тұрады.Қозыбасы тауына жақын орналасқан ауыл тұрғындары телефон желісі тартылмағандығын, интернеттің жоқтығын мәселе ретінде айтып өтті.Ауылдағы қазіргі мектеп те күрделі жөндеуді күтіп тұрған ғимарат болып есептеледі екен.
Рухани жаңғыру аясындағы бастама
Рухани жаңғыруға қатысты идеологиялық жұмыстар тек қана мемлекеттік қызметкерлерге қатысты емес.Елбасының бастамасын түсінген әрбір азамат бұл жобаға өз үлесін қоса алады.Үңгіртас ауылына осы жылы мешіт қасынан асхана, имамға үй және балаларға ойын алаңы салынған.Ал бұл қайырымды істі осы ауылдан түлеп ұшқан кәсіпкер Бекжар Ысқақов жасаған.Қазіргі кезде заманауи үлгіде салынған балалар алаңында ойнап жүрген бүлдіршіндер де ұшқан ұя мен туған өлкеге бір бүйректің бұрып тұруының қандай болатынын сезіп өсіп келе жатқандай. Жаңғыру деген осындай іс-әрекеттерден басталады.
Ақдаладағы тың игеру кезеңі
1954-1960 жылдарда тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны КСРО-да жүргізілді. Бұл науқанда КСРО бойынша жалпы 41,8 млн. гектар жер жыртылса, соның 25,5 млн.гектары қазақ жеріне тиесілі еді.Игерілген жердің жартысынан көбі қазақ даласына қатысты. Қазақ халқының басым бөлігі ауылдарда тұрғандықтан аталмыш реформалардың зардабы бірінші кезекте қазақтарға тиді. Соғыстан кейін еңсесін енді түзеген ел енді ауыл шаруашылығындағы тәжірибелердің сарсаңына салынды.
1953 жылы қыркүйекте КОКП ОК пленумда мемлекет басшысы Н.С.Хрущев баяндама жасады.Баяндамада аграрлық саланың артта қалу себептері талданды.Күштеп ұжымдастырудың зардаптары, миллиондаған шаруалардың ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болғандығы ашық айтылған еді.Ауыл шаруашылығындағы жағдайды жақсарту үшін жемдік дақылдар егісінің көлемін ұлғайту жүзеге асырылды. Техникамен жабдықтау және малшылар-ды материалдық тұрғыда ынталандыру жұмысы жүргізілді.Әрине, біз бүгінде тың игеруге басқаша көзқараспен қараймыз.Елу жылда ел жаңа демекші, өткен ғасырдың бел ортасындағы оқиғаға өзге қырынан қарауымыз заңдылық та шығар. 1964 жылға дейін жалғасқан тың игеру соншалықты нәтижесіз аяқталды деуге болмайды. Сол уақыттан осы кезге дейін Қазақстан халқын нанмен қамтамасыз ету мәселесі тың игеру жобасы арқылы шешілген болатын.Сонымен қатар, Қазақстан астықты шет елдерге экспорттаушы елге айналды.Демек, тың игерудің экологиялық және рухани зардаптары болғанымен, ол XX ғасырдың аса ірі экономикалық жобаларының бірі болды.
Былтыр Үңгіртас селолық округіне қарасты Ақдала ауылында тың игеруге арнайы ескерткіш қойылды.Ақдала 1955-1956 жылдары «Қастек» асыл тұқымды қой зауытының IV бөлімшесі болып құрылады.1962 жылы ол жерге тың игеруге келгендерге арнайы кеңсе мен жатақхана салынған. Ал 1989 жылы бұл ғимарат ауылдағы бастауыш мектепке беріледі. 1971 жылы бөлімшеге Ақдала деген ат беріледі. Ауыл аудан орталығынан 62 шақырым қашықтықта жатыр. 90 ғана адам тұрады. 23 қана түтіні бар Ақдалада 5 көпбалалы отбасы бар.
Жиренайғыр өзені
Ауылды Жиренайғыр өзені басып өтеді. Ұзындығы 133 шақырым, су жиналатын алабы 1130 км2 өзенді ауызекі тілде Қастек деп те айтады екен. Бастауын Жетіжол жотасының солтүстік беткейінен алатын Жиренайғыр темір жол бекетінің солтүстігіндегі (6 км) Қопа өзеніне құяды.Арнасы тар, жағасы – тік жарлы. Қар және мұздық суларымен толығады. Жылдық орташа су ағымы 0,43 м3/с.
Өзеннің Жиренайғыр аталуына қатысты үш түрлі нұсқа бар. Көктем кезінде қар суымен толығып,айбаттанып,айғырдай асаулық танытатын өзеннің болмысына қатысты осы атау берілсе керек.Енді бір нұсқада суы молайған өзен Жиренайғырды ағызып кеткен деседі.Ал, ақсақалдар алқасының мүшесі Сәрсебек Екейбаев қарияның айтуынша бір байдың жирен айғырлы үйірі болса керек.Жылқының көптігі соншалық,шөлдеп өзенге түскенде су азайып, тіпті тартылуға шақ қалады екен.Жирен айғырлы үйір өзенге түскенде сусыз қалатын ел осы оқиғаға қатысты өзенге әлгі атауды берсе керек.
Бүгінгі тыныс
Қазіргі таңда Үңгіртас ауылында пластикалық құбыр шығаратын «Пласт-Инвест» ЖШС кәсіпорны жұмыс жасайды.Сонымен қатар,2560 ірі қарасы бар «Империя Фуд» ЖШС де ет кластерін құруға дайын шаруашылық болып саналады.Жалпы алғанда ауылдық округте 4463 ірі қара,28520 қой,1331 жылқы бар. 648 оқушы мектепке барады.5 кітапхана,3 компьтерлік сынып бар. 4412 халқы бар округте 468 түтін бар. Орталығы Ұзынағаштан 36 шақырым қашықтықта орналасқан.
Жақында Сарыбастау ауылында «Сарыбастау» деген атпен салтанат орыны ашылды. Ауыл тұрғындары алысқа сабылмай, өз қуанышымызды ауылдағы ағайынмен бірге атап өтетін болдық деген ілтипаттарын жеткізіп жатты.Біз жоғарыда айтып өткен тарихи орындар мен киелі мекенге саяхатшылар арнайы ат басын бұрады.Ауасы саф, суы мөлдір ауыл экологиялық таза аймақта орналасқан.
Ел мен жердің болмысы тұлғаның қалыптасуына себеп болады.Көктемде қалың қызғалдақ басатын Үңгіртас даласының күзгі пейзажы да сөзбен айтса нанғысыз.Күз деп қарастырып қана қоймай,бұл мезгілдің де өзіндік кезеңдері болатынын ескерсек, түрлі колоритті көруге болады.Күрең күздің қанық түсі ауылды ерекше бір поэтикалық күйге бөлеп тұрғандай.Осындай бояуға еніп, ерекше әсерге бөлей алатын ауылдан тұлғалы азаматтардың шығуы да заңдылық шығар.Ең бастысы бұл өлкенің азаматтарында қазақ халқының жеке-дара хандық құрып, ұлттық мұратты барлығынан биік қойған асқақ рухы бар.Себебі,Қозыбасы – тарихи мекен.Ал жер бізге дейінгі және бізден кейінгі энергетиканы сақтайды.


Айнұр Төлеу.

Пікірлер