Қостанай облысында елдің үздік мұғалімдерін марапаттау шарасы өтті

1521
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің ерекше 30 жылдығы мен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180-жылдығында Қостанайда Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың қатысуымен Мұғалім күніне арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Сондай-ақ, «Үздік педагог-2021» республикалық байқауының жеңімпаздары, еліміздің барлық өңірлеріндегі білім басқармаларының басшылары облыс қонақтары ретінде болды.

Республикада жыл сайын өтетін «Үздік педагог» конкурсы тұрақты түрде ғылыми сайыстардың жүлдегерлері болып атанған, өз жұмыс жүйесін құрған еліміздің мектептері мен колледждерінің талантты және креативті педагогтерін анықтауға көмектеседі.

Еліміздің үздік педагогтерін марапаттаудың оныншы мерейтойлық рәсімі Қостанай жерінде, қазақтың ұлы ағартушылары мен жазушылардың елінде өтті.

Біздің облысымыз әлемге биыл 180 жылдығын атап өтетін Ыбырай Алтынсаринді, Ахмет Байтұрсыновты, Шоқан Уәлихановты және Спандияр Көбеевті сыйлады. Педагогтардың жаңа ұрпағы қазақ халқының көрнекті ұлдарының мұрасын мұқият сақтап қана қоймай, кәсіби шеберлік шыңдарына жетуге ұмтылады.

29-қыркүйекте білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов марапаттау рәсімінде 64 үздік педагогті, еліміздің барлық өңірлерінен келген республикалық конкурс жеңімпаздарын құттықтады. Министр мұғалім мамандығының және елдің болашағы үшін «Педагог мәртебесі туралы» заңның іске асырылу маңыздылығын тағы да атап өтті, Қазақстан Республикасының барлық мұғалімдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. 

Жеңімпаздардың әрқайсысы 1000 АЕК (2,9 млн.теңге) сертификатымен марапатталды. Бұл педагогтің әлеуметтік мәртебесін арттырудағы маңызды қадам.

Мұғалім күнінде педагогикалық шеберліктің ең жоғары нәтижелеріне қол жеткізген педагогтер марапатталады. 10 педагог «Ы. Алтынсарин» және «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, сондай-ақ педагогикалық еңбек ардагерлері марапатталды. 

Сондай-ақ Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов «педагог қазақстандық және халықаралық кеңістіктегі білім беру жүйесінің басты тұлғасы» екенін атап өтіп, 20 педагогке марапаттау қағазын табыстады.

Педагогтарға жанкешті еңбегі, қазақстандық мектептің дамуына қосқан зор үлесі, қазақстандықтардың жас ұрпағын патриоттық рухта тәрбиелегені үшін зор алғысымызды білдіреміз.

Пікірлер