АҚШ Тәжікстанға қару беріп, "жарылқап" тастады

2604
Adyrna.kz Telegram

Америка Құрама Штаттары шекараны нығайтуға көмектесу аясында Тәжікстан Қорғаныс министрлігіне 20 жол талғамайтын көлік тапсырды, деп хабарлады Asia Plus ақпараттық агенттігі.

Кеше, 5 қазанда АҚШ-тың Тәжікстандағы Елшісі Джон Марк Поммершайм мен Тәжікстан Қорғаныс министрінің жабдықтар мен қолдау жөніндегі орынбасары, генерал-майор Хусрав Бобозода жеңіл көп мақсатты көлік құралдарын тапсыру рәсіміне қатысты.

Жалпы құны 1,3 миллион долларды құрайтын джип машиналары Тәжікстан армиясының арнайы жасақтарына шалғайдағы таулы шекаралас аймақтарда операция жүргізуге мүмкіндік береді, делінген Америка елшілігінің сайтында.

«Бұл өтеусіз көмек шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Тәжікстанға көрсеткен қолдауымыздың бір мысалы. Біз Тәжікстанға шекара қауіпсіздігі саласындағы тығыз ынтымақтастық үшін ризамыз және бірлескен жетістіктерімізбен мақтанамыз. Біз терроризммен, есірткі бизнесімен және ядролық қарудың таралуына қарсы күресте серіктес болып қала береміз. Біз бірге жұмыс істегенде мықты боламыз», - деді АҚШ елшісі тапсыру рәсімінде

1992 жылдан бері АҚШ Тәжікстанға 330 миллион доллар әскери көмек көрсетті. Бұл көмек аясында республиканың қауіпсіздік күштеріне жалпы сомасы 10,5 миллион долларды құрайтын 358 автокөлік берілді, делінген Америка дипломатиялық миссиясының сайтында жарияланған хабарламада.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер