Халима Адамқызы өмірден өтті

2724
Adyrna.kz Telegram

Өмірден Халима Адамқызы өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Заңғар Кәрімхан мырзаның Facebook парақшасына сілтеме жасап. 

Бәрімізге белгілі тарихшы, әйгілі Ермұхан Бекмахановтың асыл жары болған кейуана 98 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Иманы жолдас болсын апамыздың.

Халима апаның шыққан тегі зайсандық, арғы аталары жай адамдар болмаған. Өз әкесі Адамбек Бекмұхамедұлы Алаш офицері болса, атасы "указной молда" лауазымымен белгілі Бекмұхамед Сатыпалдыұлы. Зайсан өңіріндегі алғашқы Алаш мектебін ұйымдастырушы, Міржақыптай дарынды тұлғаны шақырып мектебінің абыройын көтерген.

Ал анасы Айша – Алашқа белгілі бай, сақи Бидахмет Бәбікеновтің (Бобкин) қызы. Сонда нағашы атасын қазақ-орыс, татарлар "Фида Ахметович" деп атап, атымтай жомарттығына бас иген. Кейін бүкіл мал-мүлкі кәмпескеге ұшырап, үрім-бұтағы қуғын-сүргінге түсті.

Халима апамыз Ермұхан Бекмахановпен Ташкентте танысқан, шынайы сезіммен адал, жақсы ғұмыр кешті. Жар сүйді, бала көрді. Тарихшы профессордың басына төнген қара бұлтты күндерде бірге болды. Біріне бірі жазысқан хаттар қандай десеңізші!

"Алашорданың қызы", "Халық жауының" әйелі" деген ауыр айыптармен күн кешсе де, жақсылықтың бәрібір келетінінен, ақиқаттың бәрібір туатынынан үміт үзбеген әзиз ана, абзал жар, ардақты адам Халима Адамбекқызының жаны жәннатта, рухы пейіште болсын. Алдынан тәңір жарылқасын.

Заңғар КӘРІМХАН

Пікірлер