Әлихан БӨКЕЙХАН: Хандар муфти қарамағында боламыз деген...

2903
Adyrna.kz Telegram

(Мақаланың түпнұсқадағы атауы: "Қазақта муфтилік мәселесі").

1730-ыншы жылдарда Кіші жүздің ханы Əбілхайыр Петерборға елші жіберіп, Ресей үкіметіне бағынсам екен деп тіленді. Ханның тілегі қабыл алынды. Ол күнгі ханым патша Анна Ивановна ханды елімен қол астына алғандығын білгізіп, 1731-інші жылы 19-ыншы феврəлда қол қойған жарлық жіберді. Келер жылы Анна ханымның бұйрығы бойынша Уфадан Алдар, Таймас, Құтлых-Мұхаммед дейтін мырзалар шығып,
мына жақтан Абылхайыр хан “Ор” қаласына барып Ресейге бағынғандығының растылығына құран ұстап жан берді* (Абылхайырдан соң 1749-ыншы жылда орнына үлкен баласы Нұралы, онан соң Нұралының кенже баласы Бөкей Кіші жүзге хан болған
соң, елі Бөкей елі атанды).

Абылхайыр ханның Ресейге бағынғанына дəл 50 жыл өткен соң, 1881-інші жылда ІІ-нші Екатерина тұсында Орта жүздің ханы Уəли Абылай баласы өзінің тілеуімен Ресейге бағынып, Уфа қаласына барып, құран сүйіп жан берді.

Ол күнде Орынборский крайға наместник болып тұрған барон Игластромның [Иглстрем] орнатуы бойынша ішкі Ресейдегі мұсылмандардың рухани істерін басқару үшін мұсылмандарға “муфтилік” беріліп, Уфа шаһарында «Духовное собрание»
ашылып 1-інші муфтилікке Мұхамеджан Хусейнұлы деген кісі қойылды. Сол күнде Бөкей хан мен Уəли хан біздің де рухани істеріміз муфтидің қарамағында болса екен деп арыз қылған.

Ту басында хандар өз тілеуімен орысқа бағынғанда жалпақ жұрттың қаны ұйып, оншама ықылас қоя қойған жоқ еді. Орыстың саудагерін, кресшісін талап, границадағы елге тиіп қазақ халқы орыстың дамыл тынышын алып тұрушы еді. Қазақты қалай тыныштандырудың жолын таба алмай тұрғанда, хандардың муфти қарамағында боламыз деген арызын Ресей үкіметі қабыл ала қоймады.

Қазақ муфти қарамағында қалған соң, Орынбор, Орск, Троицк, Қызылжар қалаларынан мұғалім-молдалар шығып қазаққа дін үйретуге ерік берілді. Накаһ, талақ, мирас бөлу,
өлік көму істерін шариғатқа муафиқ қылып тұру үшін указной молдалар сайланды. Указнойлардың үстінен қарап тұратын ахундар қойылды.

Қазақтың накаһ, талақ, мирас бөлу істері муфтиге қарағаннан бұрын заң ретімен болушы еді, өлік көму болса – бұрынғы муджаситке муафақ келуші еді. Қазақтың заң дегені Шыңғыс хан заманында, онан бұрын Момын хан заманында шығарылған
жол. Қазақ муфтиге қарағанда Шыңғыс ханның дүниеден қайтқанына 600 жыл, Момын ханның қайтқанына 1600 жыл болған екен. Қазақтың заңы – 1600 жылдан бері қойып келе жатқан жолы. Момын, Шыңғыс хандардан соң заман жыл сайын өзгеріліп, жаңарып тұрғандықтан, һəр заманның өзіне ыңғайлап шығарылған заңы, һəр ғасырдың өзіне муафақ келетін жолы болса керек еді.

Қазақ бұрынғышыл жұрт. Бұрынғының жолы ғой деп, Момын заманынан қалған заңды қазақ түк өзгерткен жоқ еді. Сол бойымен муфтиге қарады. Муфти қарамағында болған соң указнойлар, ахундар заң орнына ислам шариғатын жүргізе бастады. Манағы мың жылдық заңның жолы шариғат қағидаларына үйлеспейтін болды. Мысалы: 1) Байы өліп жесір қалған қатын 4 ай 10 күн ғадат сақтау тиіс. Ғадаты толған соң бір жаққа барам десе де, өзі тілеген біреуге тием деседе – шариғаттың үкімі бойынша – ерік (Құран. 2-нші сүре, 234-інші аят). Қазақ 1000 жылдық заңды қуам деп, жесір қатынды күштеп əменгеріне қосады. 2) Бір адам өлген соң артында баласы қалмаса, шариғат
бойынша – мүлкінің 4/1 қатынға тиеді (Құран, 4-інші сүре, 11-інші аят). Қатын мал беруші ме еді, деп қазақ баса көктеп, малын тартып алып, өзіне бір əменгер табыла кетеді. “Атым өлсе сауыры мұра, ағам өлсе жеңгем мұра” деген қағидасы даяр тұр.
Осындай, шариғаттың үкімімен заңның жолы ереуіл келетін орындар толып жатыр.

Қазақта екі жақ даулы болса, указныйға жүгінгенде указный шариғаттың қағидасына салып хүкім қылғанда, нашарға теңдік, жесірге ерік тигенде, қазақтың заңшыл үлкен адамдары шошынды: “Ойбай, бүйте берсе қазақ мүлде қатынынан айрылып қалады екен; мынауың сұмдық екен; бізге тіпті муфтидің керегі
жоқ!” -деген ойға келді.

Бір күні Орынбор-Торғай атырабында көшіп-қонып жүрген арғын, қыпшақ рулары Орынборский край наместнигінің қарамағында қалған соң, бұлар наместникке өкіл сайлап жіберіп, біз муфтиден шықсақ екен деп сұранған. Бұлардың тілегі қабыл болып, ең алдымен Орта жүзден арғын, қыпшақ рулары, Кіші жүзден бірнеше ру муфтидің қарамағынан шықты.

* * *

1820-сыншы жылда Уəли хан дүниеден қайтқан соң, Сібір қазағында “хандық” мүлде қалып, оның орнына “аға сұлтан” сайланды, Орынбор қазағында “правитель” шықты.

Көкшетау дуанына Уəли ханның баласы Шыңғыс, Атбасар дуанына Сандыбай баласы Ерден, Қараөткел дуанына қыпшақ Ыбырай Жайықбаев, Баянауыл дуанына Мұса Шорманов, Семейде Төйте Нұрекенов, Жетісуда Əділ баласы Тезек аға сұлтандыққа сайланып еді.

Сол аға сұлтандар муфти қарамағында тұрғанда, өздерінше, талай кемшілік көрді. Екі жақтан дау болғанда, муфтидің бұйрығы жүріп, аға сұлтандардың сөзі сөз болмай қалушы еді. Мəселен, Төйте Нұрекеновтің Зылиха атты қызы Жақсыбай деген жігітке тиіп кеткен. Атасы Төйте Жақсыбайдан айырып алуға жүрсе де қолынан келмеген. Зылиха менен Жақсыбай муфтиге арыз беріп қолдарына ерік қағазы алған. Сөйтіп аға
сұлтан Төйте жығылып қалған.

Ыбырай Жайықбаев Жар атты баласына Сапақ байдың қызын айттырған. Құда түскен соң қалың малын бермей тұрғанда, Жар Сапақтың қызын алмайтын болып, айрылысқан. Шариғатта құда түсіп шапан киген соң, төс жеген соң – акті болады. Акті соңында қол ұстап айрылысса, қалың малының бəрі қызға тиеді. Егер де қол ұстамай айрылысса, қалың малының жартысы қызға тиеді. (Құран, 2-іші сүре, 237-нші аят.) Сапақ бай шариғаттың бұйрығы бойынша қызының қалың малының жартысын алмақ болған. Қол ұстамаған қызға қалың мал беруші ме еді деп Ыбырай бермеген. Сапақ арыз беріп, муфтиден бұйрық шығып, қалың малының жартысын санап алған.

Қызылжар оязында Ташет Тілемесов деген кісі бай һəм қайратты болған. Аға сұлтан Шыңғысқа аса қадірлі болып, дегенін қылғызып тұрады екен. Соның Дəржан атты қызы күйеуі Абаймен даулы болып, Шыңғыс ортаға түскенде, муфтидің бұйрығы жүріп, Шыңғыстың сөзі сөз болмай қалған.

Қазаққа жаңа закон («Степное положение») шығардың алдында Петербордан «экспедиционная комиссия» шығып, Сібір қазағын аралаған. Қазақтан “Не мұң, мұқтажыңыз бар? Қалай болуды тілейсіз?” -деп сұраған. Ауылнайлар, болыстар, аға
сұлтандардың үйретуі бойынша, “муфтиліктен шықсақ екен, бұрынғы ата-бабаның заңымен тұра берсек екен, содан бөтен түк мұқтажымыз жоқ, тақсыр”, -деп шулап қоя берген. Жарайды, тілегендерің болар деп комиссия қайтып кеткен. Сонан соң көп
ұзамай 1868-інші жылда, 21-інші өктəбрде бекітілген жаңа закон əп-əдемі болып шыға келді. Сонымен аға сұлтандық мəңгі бітіріліп, оның орнына ояз шықты. Қазақтың рухани істері муфти қарамағынан алынып, «областной правлениеге» тапсырылды.

Ақмолланың:
Айтамын үгіт қылып қазақ халқын,
Көңіліңіз дін жағына сонша салқын!
Дін қойса, заң қоюға риза емес
Бұрынғы қоя алмайсыз ата салтын,
-деп зарланғаны осы.

Мұнан көрінеді, қазақтың бұрынғы асау кезінде ноқталауға орыстар қанша айыпты болса, ноғайлар қазақты жайына қарай бағып икемдеуге сонша аулақ болған. Ол кезде муфтиліктен оп-оңай шықса да, бұл күнде қайта кіруге зар болып жүргенін көзі бар қазақ көріп отырған шығар.

Бұрынғы замандағы қазақтың басшылары есік пен төрдей жерден арғыны болжай алмайтын болғанда, жалпақ жұртқа өкпе жүрер ме?


Түрік баласы. Қазақта муфтилік мәселесі. «Қазақ», 1913, № 11. // Әлихан Бөкейхан. Шығармаларының толық жинағы. III том. – “Сарыарқа” баспа үйі, Астана, 2009. –  418-421 беттер.  

Дайындаған: Арман ӘУБӘКІР, 

“Адырна” ұлттық порталы 

Пікірлер