Ұлттық идея және дін

4232
Adyrna.kz Telegram

ХХ ғасыр басында қазақ даласында патшалық Ресейдің отарлық саясатына байланысты дін мәселесі ушыға түсті. Көшпелі елдің жауынгерлік рухын басып-жаншып, өзіне бағындыру үшін отаршыл билік дінді пайдаланғаны белгілі. Қазақтың дәстүр-салты мен өміріне үлкен өзгерістер алып келген діни саясаттың астарын жақсы түсінген Алаш қайраткерлері бұл үрдіске белсене қарсы тұрды. 
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы Дін істері басқармасы және «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ұлттық кітапханада өткен «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда қазіргі діни ахуалдың күрделі кезеңінде Алаш зиялылары ұстанған мемлекетшілдік, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеу, дін бірлігі идеяларының өзектілігі басты тақырып болды. Айтулы жиынға ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы Хангелді Әбжанов, өнертану ғылымының докторы Шайзада Тоқтабаева, тарих ғылымының докторы Данагүл Махат, Жезқазған тарихи-археологиялық му­зейі тарих және археология бөлі­мінің басшысы Қабдол Әуезов, Л.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің магистранты Бауыржан Бе­рік­ұлы, педагогика ғылымының магистрі Заңғар Кәрімхан, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің жетекшісі Арман Әубәкір және Алаш арыстарының ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ханкелді Әбжанов, ҚР ҰҒА акаде­мигі, тарих ғы­лымының докторы:–Та­рихтың жолы, адамзат қауы­мы­ның тағдыры қай­шылықтар мен қиын­шы­лықтарға толы. Ол қарапайым малшы мен диханның да, зергер мен ұстаның да, жас пен кәрінің де, білімпаз бен сауатсыз жанның да алдынан әркез шыққан әрі шыға да береді. Қазақи ұғыммен айт­қанда – екінің бірі. Күрмеуі күрделі өзекті мәселе шешілмесе, асқынса, қоғам күйрейді, не осынау қайшылықтар мен қиыншылықтардан алып шығатын кемел адам табылады. Торығуға салынбай, қауымды діттеген межеге жеткізген терең ой мен тегеурінді әрекет иесін, көш­басшыны, ізденімпаз күрескер жанды, біздің пікірімізше, Тұлға деген жөн.
Көктей шолып қарайтын болсақ, Ұлы далада Тұлғалар жалғастығы үзілмегенін көреміз. Парсы әскері шөл далада адас­тырған Шырақ та, күй атасы Қорқыт та, ғылым қуып қияға кеткен әл-Фараби да, азаттық жолында құрбан болған Махамбет, Кенесары, Ахмет Байтұрсынұлы да шынайы Тұлғалар.
Тұлға дәйектеген ізашар нәтижені, интеллектуалдық бетбұрыс пен инновацияны замандастары, кейінгі ұрпақ тұтынады, арқа сүйейді, есейеді. А.Бай­тұрсынұлының ғылыми әдебиет таныт­қышы, тіл құралы, терминтануы, әліпби реформасы, бұқара әдіскерлігі, қоғамдық-саяси жаңашылдығы, міне, осындай құндылықтар.
Тұлғаны Тұлға еткен іргелі нәтиже, танымдық және қолданымдық бәсі жоғары теориялық-практикалық шешім бір күнде туа қалмайды. Алғашқыда ниет, арман, қиял түрінде көрініс береді. Айталық, ХХ ғасыр басына қарай жақсы мен жаманды айырудан қалған қалың жұртты ояту идеясы баз біреулерге мызғымайтын утопиядан көрінгенмен, А.Байтұрсынұлы сынды ұлы Тұлғалардың мектеп ісін ұйымдастырудағы, газет-журнал, кітап шығарудағы, үгіт-насихаттағы, жаңа буын зиялылар тәрбиелеудегі жанкештілігімен айналасы 10-15 жыл ішінде нақты нәтижеге айналды. Қиыншылықтар да аз емес еді. Отарлаушылар тарапынан қуғындалып, абақтыға қамалды, самодержавиенің шен-шекпені мен идеологиясына уланған қандастары сырт айналғаны рас.
Тұтас ұлтты ояту үрдісіне салған олжасымен А.Байтұрсынұлы қазақ тарихына мәңгіге кірді. Бірақ, ол және оның мұраттас замандастары табыстан басы айналмастан келесі ұлы идеяны күн тәртібіне қойды. Әрі биік парасатпен атқара алды. Әңгіме 1917 жылғы жаз-қыс арасында қазақ автономия­сы жобасын негіздеу және жүзеге асыру туралы болып отыр. Бас-аяғы 6 айдың ішінде 1-ші және 2-ші жалпықазақ съезін өткізу, Алаш партиясы мен автономиясын дүниеге әкелу, мемлекеттік билік жүйесі мен шекараны айқындау, ұлтаралық және дінаралық қатынастарды реттеу ұлт ісіне жегілген зиялылардың, оның ішінде Ахаңның жасампаздық, интеллектуалдық әлеуетін паш етті. 1917 жылдың жазында Әлихан, Міржақып, Ахмет үшеуі: «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құр­дастық саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих жолында артта қалады. Бақыт, махаббаттан тысқары болады». Бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек?», деп жазумен жалпыадамзаттық өркениет, шынайы демократия биігінен ой өрбітсе, күзде Алаш партиясының жобасы арқылы қазақ елінің болашағын, мемлекет ретінде қалыптастыру стратегиясын айқындап берді. Мұндағы: «Қазақ жүрегін облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия республикасының федерациялық бір ағзасы болуы. Реті келсе, Қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлесе болуы, реті келмесе – бірден-ақ өз алдына жеке болуы»,– деген көреген пайым бүгінде орындалды.
А.Байтұрсынұлының ұлт тарихындағы орнын ғылыми дәйектеудің бір сарасы оның тарихи көзқарасын зерделеуге келіп тіреледі. Бұл орайда, «Әдебиет танытқыш» кітабындағы тарих жайлы ой-түйіндерінің мән-мағынасына бойлаудың маңызы зор. Ахаң болған оқиғаны бастан-аяқ мазмұндап беретін әуезенің түріне тарихты жатқызады. Тарихты «ұлы дерек», «айғақты әуезе» дей келе, оны сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы қатарына қойыпты. Тарихтың қызметін, мақсатын жеке-жеке тиянақтап, тарихшылар қауымына артылар жауапкершілікті тарқата талдайды. «Тарихшылардың мақсаты, – делінген ең­бекте, – уақиғаның уақытын ғана көр­сету, яки, не түрде болған тысқы сиқын ғана көрсету емес, ол уақиғаның болуына қандай нәрселер, нендей уақиғалар себеп болғанын көрсетіп, ішкі мәнісімен де таныстыру». Тарихқа көзқарасы мен әдіснамасы барынша айқын көрінген еңбектеріне «Қазақтың бас ақыны», «23 жоқтау», «Араб әліппесін жақтаған баяндамасы», т.б. шығармалары жатады.
Тұлғасыз – халық жетім, туған хал­­қынан тамырын үзген тұлға – тұл. Халықтың ғұмырын ұзартатын, тіп­ті, жер бетінде сақталып қалуын қамтамасыз ететін алғышарт: ма­териалдық және рухани қазынаны – азық-түлік, тұрғын үй, киім-кешек, тіл, әдебиет, өнер, т.б. с.с. – ілгерілеусіз, қасаң, әу бастағы әдіс-тәсілмен, құрал-жабдықпен өндіре беру, туындату жақсылыққа апармайды. Оны үздіксіз жетілдіру, интеллектуалдық өресін байы­ту, еңбектің өнімділігін арттырған үстіне арттыра түсу қажет. Әйтпесе, ашаршылық, кедейлік, рухани жұтаңдық этностың түбіне жетеді. Мұны айтпаса да түсінгендіктен халық саналы немесе автоматты түрде еңбектенеді, ізденеді. Шаруаға қыры барлары, мәдени имандық істерге икемділері айналасындағыларға үлгі-өнеге көрсетеді. Бірақ, бұлар эмпирикалық нақты міндетті жергілікті ауқымға сай шешкен пысық белсенділер ғана. Артық қыламын деп тыртық қылғандарға кешегі күшпен ұжымдастыру тұсында халықтың берген анықтамасы «шолақ белсенді» ғой. Көп жайдан хабар беретін, танымдық әлеуеті әзірге толық зерделене қоймаған ұғым-түсінік бұл. Нағыз тұлға ізденісі мен әрекетінің нәтижесі жалпыұлттық мақ­сатты үздік үлгіде атқарумен көм­ке­ріледі. Айталық, саясатта бұлар қазақ хандығының іргесін қалаған Керей мен Жәнібек сұлтандар, мемлекеттің тарихи-этникалық аумағын қалпына келтірген Хақназар, Тәуекел хандар, уақыт үдесіне лайық реформаларды жүзеге асырған Қасым, Есім, Тәуке хандар, ұлттық идеология мен теорияда пәрменді ұстанымдарды және қағидаттарды дәйектеген Асан қайғы, Бұқар жырау, Алаш зиялылары, әскери-соғыс өнерінде – Әбілқайыр, Қабанбай мен Бөгенбай батырлар, ұлттық «менге» негізделген тәуелсіздік үшін күресте даңқы артқан Абылай, Кенесары хандар, еуропалық өмір салты мен рационализмді орнықтыруда – Жәңгір хан, жазба әдебиетте – Абай, әлемдік ғылымды игеруде – Шоқан, қазақ ғылымын өрге сүйреуде – Қ.Сәтбаев, кеңестік тоталитаризм қылмысын әшкерелеуде – М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов. Осындай тұл­ғаларсыз қазақтың қазақ болып қалуы екіталай еді, халқына адалдық пен ақыл-ойын, әрекетін нәрлендірмегенде бұлар тұлға биігіне көтерілмес еді.
Халық пен Тұлғаның ажырағысыз бірлігі А.Байтұрсынұлының барша тағдырынан көрініс тапты. Ғасырлар тоғысындағы қазақ тағдырын Ахаңсыз, Ахаңның есімі мен мұрасын қазақ халқынан тыс ұғыну мүмкін емес. Осынау әдіснамалық пайымды А.Байтұрсынұлының көзі тірісінде жас алашшыл М.Әуезов былайша жеткізіпті: «Ахаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет, саясат жолында жол бастаған күндері бәріміздің де есімізде… Ахаңның қазақ оқушысының ойы мен пікірін тәрбиелеген заманнан бір ой ұзағамыз жоқ. Қаламынан туған өсиет-үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы үкіметтік әр зорлыққа салған ұраны, ойымызға сіңірген пікірі әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді». Тұңғыш Президентіміз Елбасы Н.Назарбаев: «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының ар-ожданы» деген идеологемасымен ұлт тарихындағы тұлғаның орнын дөп көрсеткенін бүгінгі ұрпақ жақсы біледі.
Ұлы перзентін ұлықтай алған ел өрке­ниет көшінен қалуы мүмкін емес.
Шайзада Тоқ­­табаева, өнертану ғы­лымының докторы:
– Бүгінгі жаһандану үр­дісі жай­лаған қоғамда халықтың дәс­­түрлі өнері мен әдет-ғұрпы ұлттық мәдениетіміздің өзе­гі болуы керек. Өйткені, әлемдегі әлеу­меттік-саяси жағдаят: миграциялық үде­рістердің күшеюіне, интернеттің жедел қарқын алуына, үдей түскен жаһандануға байланысты барлық дерлік ұлттар мен ұлыстар дүниежүзілік ақпараттық контекске ерікті-еріксіз тартылып отыр. Оған қоса, этникалық дәстүрлі құндылықтық бағдарлар ауысып, діни сенім мен өмірлік мұраттар өзгеруде.
Бұған адамзат қоғамының құры­лым­дық жағынан күрделене түсуі себеп болып отыр, ондағы діни, этникалық, кәсіптік субмәдениеттердің құрамы жаңаша сипат алуда. Бұл факторлар басты құндылықтардың стандарт­талуына (қалыпқа түсуіне) орай өмірлік ұстанымдардың соған сәйкес бір­­кел­кі­ленуіне ықпал етеді. Соның нәти­жесінде көркем келбетімен өзге­ше­ле­нетін ұлттық төлтума дүниетанымға селкеу түсе бастады. Мұның барлығы мәдениеттің бір қалыптануына, шығар­машылық үдерістің жаһандық ауқымда жұтаңдануына әкеп соғуы мүмкін. Осы ретте көптеген мәдениеттанушылардың, идеологтардың кейбір этностардың жаңа жүзжылдық тасқынына біртіндеп жұтылып кету қатері жөніндегі болжамдары негізсіз емес деген ой келеді. Осыған орай, бүгінгі таңда халықтардың өз тарихы мен мәдени мұрасына деген қызығушылық ерекше өзектіленіп, этникалық сана-сезім күшейе түсуде.
Қазіргі уақытта этникалық бір­тектілікті қалыптастыруда ма­те­риалдық-рухани іс-әрекеттің қол­данбалы-декоративтік шығар­ма­шылық, фольклор, тіл, ғұрыптық мәдениет, дәстүрлі архитектура, дін және т.б. құбылыстары аса тиімді болып есептеледі. Аталғандардың ішінде декоративтік-қолданбалы өнер эстетикалық әсерімен ерекше орын алады. Ол этностың көркем ойының бір формасы, ұлттың эстетикалық көзқарасын барынша толық әрі терең бейнелейтін ерекше өнер болып саналады. Қазақтардың дәстүрлі қолданбалы өнерінің туындылары басқа да халықтар сияқты бірқатар жағдайларға, атап айтқанда, табиғи және климаттық ерекшеліктерге, шаруашылық-мәдениет типіне, тұрмыстың сипатына, этно-тарихи үдерістерге байланысты қалыптасқан. Халықтық қолданбалы-декоративтік өнер көркем шығармашылық бастаулардың сабақтастығы, талантты тұлғалардың үздіксіз ізденістері, сондай-ақ, жергілікті дәстүрдің өзге де мәдениеттердің жетістіктерімен байытылуы нәтижесінде осы күнге келіп жетті. Шын мәнінде, шығармашылық қызметтің бұл түрі тарихи-мәдени мазмұнымен қазақ халқының өзіндік біртектіленуі үдерісінде ерекше ақпараттық дереккөз деп білеміз.
Осы орайда, ұлтымыздың атақты этнограф-ғалымы Шоқан Уәлихановтың шығармашылық мұрасында қазақтардың этногенезі, тұрмысы, киіз үйдің құрылымы, қару-жарақ және т.б. туралы бірегей материалдар бар екендігін және оның отандық этнология ғылымы үшін мән-маңызы жоғары екендігін атап айту орынды. Әсіресе, ғалымның «Тәңірі (Құдай)», «Қа­зақтардағы шамандықтың қалдығы», «Қыр­дағы мұсылманшылық туралы» атты мақалаларының құндылығы зор. Мұнда пұтқа табынушылық, анимистік наным-сенім, шаманизм, мұсылман дінінің сипаттары жөніндегі деректер қамтылған. Ш.Уәлиханов жазбаларындағы мифтік бейнелер рухани мәдениеттің керемет үлгілері болып саналады. Оның акварельмен, қарындашпен, тушьпен салған суреттерінде бейнеленген табиғат көріністері, қазақ музыканттары, бақсылар, тас балбалдар, сәулет ескерткіштері, жартастағы бейнелер біз үшін құндылығы өте жоғары дүниелер. Сондықтан да, қазіргі шетелдік бұқаралық мәдениет үлгілерінің үздіксіз ағылуы жағдайында төлтума мәдениетімізді сақтап қалу үшін ұлттық мұраларымызға ден қою, Шоқан сынды ағартушыларымыздың халықтық әдет-ғұрып пен дін жөнінде айтылған ой-тұжырымдары мен көзқарастарын зерттеу, елеп-ескерудің маңызы зор.
Қабдол Әу­е­зов, Жез­қазған та­рихи-архео­логиялық мұражайы тарих және ар­хеология бөлімінің басшысы:
– Әз-Тәу­ке хан дү­ние­ден өткеннен кейін қазақтың тағдыры таразының басына түсіп, ішкі жағдайдың тірлігі әр жүзді басқарған кіші хандардың қолына көшті. Ресей императрицасы II Екатерина ислам дініне қолдау көрсету саясатын ұстанды. Себептері мынада еді: біріншіден, патша үкіметі қазақтарды Ресеймен тығыз байланыстырмақ болды. Бұл ретте молдалар тек қана Ресей татарларынан іріктелді. Екіншіден, мұндай қадам жасау қазақтардың  Орта Азиядағы мұсылман орталықтарымен байланысын шектеуге тиіс болды. Үшіншіден, бұл шаралар көшпелі қазақтардың жауынгерлік мінез-құлқын едәуір жұмсартады деп ұйғарылды. Сондықтан да, қазақ даласымен шекаралас жерлердің барлығында да мемлекет қазынасы есебінен мешіттер салына бастады. Әдетте, ол мешіттер патша үкіметі әкімшілігінің бастамасы немесе қазақ хандары мен сұлтандарының және старшындарының өтініші бойынша бекіністер жанынан салынды. Мәселен, сұлтан Шаншар Сұлтанбетовтың өтініші бойынша Ертіс өзенінің жағасында осындай бір мешіт бой көтерді. Ол мешіт Жәмішев бекініс-қамалы мен Семей қаласының ортасында салынған еді. Ислам дініндегі төзімділік, бейбітшілік, бағыныштылық қасиеттердің қатаң сақталуы, ұлтшылдық идеясының аса көп дәріптелмеуі сияқты ұстанымдар сол кездегі орыс отаршылдары үшін өте тиімді пайдалана білу саясатына келіп тоғысты. Осы тұста: «Бұдан біз ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін пат­ша үкіметінің қазақ даласына ис­лам дініне байланысты медреселер сал­дырып, қазына есебінен Құранды бас­тырып, қазақтарға тегін таратуының мақсаты халықтың ақыл-ой, санасын дінмен шырмап ұстау арқылы билеп-төстеуді көздеген» деген көзқарастармен келісуге болады. Олар Ислам дінінің көнбістікке бағытталған жүйесін пайдалануды да мақсат етті. Мысалы, Та­тарстандағы ұлттық рух қарсылығының онша күшті болмауы, Қазақстанға да осы нұсқаны алып келіп көшіру туралы идеяны туғызды. Сондықтан, Қазақ жерін христиандандырудан гөрі исламдандыра түсу маңыздырақ, әрі тиімдірек, әрі пайдалырақ болды. Себебі, Ислам діні басқа діндерге қарағанда қазақтарға барынша жақын екендігін түсінген Ре­сейлік ғалымдар да оны жете зерттеуге қарай ұмтылды. Сондықтан, олар қазақ жеріндегі сопылық дәстүр мен оның тым көнбістікке келіп тоғысатын ұстанымын оңтайлы пайдалануды және жандандыра түсуді қолдай отырып, оны татар-башқұрт-ноғай жұрты мен бұхарлықтар арқылы өрістетуді тиімді деп білді. Шын­дығында, сол кездегі, әсіресе, ХІХ ғасырдағы қазақ ағартушылары білім алған оқу орындарының көпшілігі діни-мұсылмандық сипатта болған еді. Демек, «мұндай ағартушылықтан еш зиян жоқ» деген сияқты ұстаным Ресей империясындағы отаршылдықты жүргізуші теоретиктер үшін заманға сәйкес келетін шындық ретінде ба­ғаланды. Себебі, сол кездегі ишан-молдалар қашан да қару алып, жорыққа шығуға құштар болмаған. Демек, бас­ты ұстаным бұл жерде қазақтардың ұлттық рухы мен ұлттық идеясын ұмыттыру дегенге келіп саяды. Себебі, олар исламның тек осындай құлшылық жағын ғана көре білді. ХІХ ғасырдағы ислам дінін татар-башқұрт-қазақ даласында өрістету, бір-біріне миссионерлер жіберу саясатының сол кездегі қитұрқылығы мен терең отарлаушылық-бағындырушылық психотехникасын жете түйсінгендердің бірі Ғұмар Қараш болатын: «Ол қара славяншылдықты өршітсе де, бейне тек қана славян байларының шат тұр­мыспен дәурен сүрулері ыңғайына қа­рап қызмет етті. Бүтін Россияда бол­ған, Россия халқының бірігуі миссионерлер қамы һәм басқалар сияқты зор ұйымдардың бары да қызметтерін осы бағытқа ғана арнап сіңірді» деп көрсетті.
ІІ Екатерина 1785 жылы 25 қарашада арнайы қаулы шығарып, барон Игельстромға қазақ руларын татар молдаларымен қамтамасыз етуді тапсырды. Молдалар қазақ даласында Ресей үкіметіне тыңшылық қызмет атқарып, қазақ тілін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін білуі қазақ халқын Ресей құрамына енгізуде делдалдық қызмет етуге мүмкіндік берді. Мәселен, алғашқы мүфти Хусейнов Сырым Датұлының ұлт-азаттық көтерілісін басуға тікелей қатысқан кісі болды. Осылайша, татар молдалар Құранын арқалап қазақ сахарасына жайылып кетті. Әліпті таяқ деп білмеген талай қазақ қарадомалағы татардың шыбығының арқасында мұсылманша сауат ашты. Бұл кезең халқымыздың тіліне, әдебиетіне ықпал етпеді деп айта алмаймыз. Орыстың қолшоқпарына айналған татар молдалары қазақ даласындағы өз миссияларын осылайша «адал» атқара берді.Татар молдалар қазақ даласында тек дінді уағыздаған жоқ. Сонымен бірге, сауаттылықты да уағыздады. Қазақ балаларына арнап көшпелі мектептер ұйымдастырды. Сол уақытта қазақ тілінде татар тілінің әсері байқалады. Оны алғашқы қазақ басылымдарының беттерінен де байқауға болады. Тіпті, «Қазақ» газетінің өзінде татар сөздерінің әсері аңғарылып тұрады. «Айқап» журналының төңірегіне жиналған зиялылар, егер қазақ мемлекеті құрылатын болса, Ислам дінінің заңдылықтарына негізделу керек деген ұстанымда болды дейді. Ал, «Қазақ» газетінің айналасындағы зиялылар мемлекетті басқару жүйесінде еуропалық жүйені таңдады. Бірақ, бұлар Исламды емес, әдет-ғұрыпты қоғамдық құндылық ретінде жақтаған. Осы жерде де қақтығыстардың, кереғар көзқарастардың бар екенін көруге болады.
Қазақ қоғамының даму жолы және ондағы діннің алатын орны мәселесінде Алаш зиялыларының арасында екі жақ­ты көзқарас қалыптасты. Бір жа­­ғынан, Ресейде білім алып, орыс әде­биеті мен мәдениетінен сусындаған зиялы топ халықтың жарқын бола­шағын батыстың озық мәдени үлгілерін қабылдау арқылы түсіндірді және дінді екінші орынға қойды. Екінші жағынан, исламдық рухта тәрбиеленген, ислам дінінің үлгілері мен ережелерін өз бойына терең сіңірген зиялы қауым дінді басты орынға шығарды. Олар Ислам ілімінің ғылым мен білімнің дамуына зор ықпалын көрсете келе, ұлт тұтастығын діни тұтастықпен тікелей байланыстырды. Алаш қайраткерлерінің ішінде Ислам дінінің көптеген ірі өкілдері болды. Солардың бірі Ғұмар Қарашұлы еді. Алаш Орда үкіметінің кейбір қабылдаған заңдарында мүфтият құру мәселесі көтеріледі. Ғұмар Қараш бабамыз ал­ғашқы қазақ мүфтиі болып саналады. Орынборға, татар молдаларға бағын­байтын өз алдына жеке қазақтың өзінің мүфтияты болу керек деген мәсе­лені нақты құжат күйінде бекітіп берген. XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүріп, казақ халқының тарихын зерттеп зерделеуге үлкен үлес косқан, мәдениетіміз бен рухани өміріміздің ұлағатты ұстаздары саналатын адамдар – Шоқан, Абай, Ыбырай, сондай-ақ Бөкей ордасынан шыққан Мұхамбет Салық Бабажанов.
Шоқанның еңбектерінен оның Ислам дінінің тарихын және оның қазақ жеріне қалай тарағанын жете білгенін аңғару қиын емес. Ол мұсылманшылықтың орнығуын өз шығармаларында аса бір білгірлікпен талдайды. Шоқан өз басы діндар болмаған, тіпті, дін туралы түсініктерден жоғары тұрған және діни таным-сенімге сын көзбен караған адам. Оның рухани бет-бейнесі, қоғамдық ой-санасы қалыптасып келе жатқан кезде қазақ жеріне Ислам діні әлі тарап кеткен жоқ болатын.
«Мұсылмандық әзірше біздің сүйегіміз бен қанымызға сіңіп бола қойған жоқ. Қазақтардың арасында әлі Мұхаммедтің атын білмейтіндер көп… Қасиетті Нестор заманында Русьте болған сияқты, енді біздің сахарада да қазір қос дін дәуірі болып жүр» деп жазды ол. Расында, Шоқан тұсында Ислам дінін таратуға патша өкіметі, жергілікті ел билеушілер, сондай-ақ, қожа-молдалар тарапынан орасан мол күш-жігер жұмсалып жатқанымен, ол әлі қазақ жеріне қанат жайып үлгермеген еді. Ислам дінінің қалай тарағанына назар аудара келіп, Шоқан оның қазақ жеріне үш жақтан оңтүстіктен, солтүстіктен, батыс беттен енгенін айтады. Оны насихаттауға Ираннан, Орта Азиядан және Қазаннан шыққан қожа-молдалар атсалысты. Әсі­ресе, татар молдалардың белсенділігі күшті болды.
Түйіндей келгенде, ағартушылар қа­зақ­тардың ой-санасын діннің кандай да бір түрінен аман сақтауды қалады. Олар туған халқының діни фанатизмге салынбай, салиқалы, салауатты өмір кешкенін көргісі келді. Діннің адамды сіреспе жаттандылықка ұрындыратынын, ой-өрісін шектейтінін кемеңгерлікпен көре білді.
Бауыр­жан БЕ­РІКҰЛЫ, әдебиет­та­ну­шы, Еуразия ұлттық уни­вер­сите­ті­нің магис­транты:
–Ресей отар­лау­шы­ла­рының бас­ты мақсаты – қазақты құр­ту, мұсылманды мұ­сылманмен, фанатизммен «құрту» сая­­саты арқылы Қазақ елін жерінен айыру, рухын өшіру арқылы отар елге айнал­дыру еді. Мәселен, 1731 жылдың 19-ақпанында қатын патша Анна Иоанновна Әбілқайырдың антын қабылдап, «қазақ халқы» Ресейдің қол астына қабылданғаны жөніндегі грамотаға қол қойды. Ал, осы арада делдалдыққа жүрген кім еді?! Әрине, ол өзіміздің башқұрттан шыққан атақты елші, тілмәш А.Тевкелев «бауырымыз» еді. Осындай тәсілмен «Кіші орданы өзіне қаратқан Ресей енді Орта жүзге ауыз салды. Оларға башқұрт старшыны Таймас Шаймовты аттандырды. Нәтижесінде Орта жүз сұлтаны Сәмеке 1734 жылы қа­тын патшаға бодан болу жөніндегі гра­мотаға ие болды». Түркітілдес туыс­қандарымыздан шыққан кейбір адамдар осылайша араға дінді сала отырып, ақырында қазақтарға бодандық қа­мытын кигізіп кетті. Олар дінді саясат қол­шоқпары ретінде ұтымды пайдаланды.
Ал, 1731 жылы «Шоқындыру кең­сесі» құрылып, кеңес жұмысын жүй­елі жүргізу мақсатында Қазан қаласында руханият академиясы ашылды. Онда миссионер мамандар, тілмәштар даярланды. Яғни, осы мектептерден тәлім алғандар қандай ниетте болса да, қазақтар олардың діні мұсылман деп, одан аса қатты қауіптене қоймады, сенді. 
Қазақтың мінез-құлқын әбден зерттеп келе жатқан жаулық ниеттегі империя бұдан ары қазақты, енді, дін арқылы ғана құлдандыруға болатынын түсінді. Сондықтан да, Екатерина II 1785 жылы 25-қарашада арнайы қаулы шығарып, барон Игельстромға қазақ руларын татар молдаларымен қам­тамасыз қылу жұмыстарын тапсырды. Ал, келесі патша Елизавета Пе­тровнаның тұсында төмендегідей нұсқаулар қабылданды: Далалықтарды (қазақтарды) Ислам діні арқылы Ресеймен тығыз байланыстыру үшін оларға Үкімет іріктеген татар молдаларды жіберу. Ислам дінінің аса мейірбан, жұм­сақ тетіктерін терең насихаттау (мұсылман жан баласына қиянат жасамайды, т.б.) арқылы қазақтардың жауынгерлік мінез-құлқын өзгертіп, ынжық-ез қылып жіберу.
Сондай-ақ 1867-1868 жылдары пат­шалық Ресей тарапынан қабыл­данған құ­жаттарда қазақтарға Исламның ма­ңызды тетіктерін емес, фанатизмге әкеліп соқтыратын тұстарын уа­ғыздауға баса назар аударылды. Ол мін­детті Қазақ даласына арнайы жі­беріл­ген указной молдалар «адалынан» атқарды. Мұсылман мешіттеріне указной молда деген қызмет енгізіліп, оған отарлаушылар өздері ұсынған адамдардың сайлануын қадағалады. Мұн­дай дін жетекшілері Исламды уа­ғыз­даған сияқтанып, іс жүзінде оның кү­шеймеуіне қызмет етті.
Алаш ақыны Мағжанның «Дін үйрет­кенге» атты өлеңінде: «Үйретіп дін деп құлдық, қорқақтықты, Қандай құл бізге молда бола қалды?!» деп ашынатыны бар. Яғни, молдалар қазаққа қараңғылықты, қорқақтықты, басшыға кез келген жағ­дайда қарсы шықпауды уағыздап, санасына сіңіре берді. Осы орайда Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Түркістанмен бірге автономия алу – қойны-қонышыңа тас толтырып, Ертіске сүңгумен бір есеп. Себебі: бізден қараңғылығы 10 есе елден үміт ете алмаймыз. Ташкент городской управасында сарттың гласныйлары обаға қарсылық күнә болады, ем керегі жоқ деп жасаған қаулылары ав­тономия арбасына есек пен түйе жегіліп оңбайтындықты көрсетеді» деп жазды. Сондықтан да, Алаш партиясы бағдарламасының жобасында «Дін ісі мемлекет ісінен айырулы болуы» керек деп жазылды.
Жерінен айрылса да, қанаты қайы­рылса да, болмысы бағыныштылыққа әбден үй­ренген қараңғы халық барлығы бір Құдайдың ісі деп қарап отыра берді. Мұ­ны указной молдалар да тиімді пайдаланды. Өлген адамнан да, хал үстіндегі тірі адамнан да өледі деп алдын ала жаназасын шығарып ақысын алып отырды. Бұл жайында 1910 жылы шыққан тарихшы Құрбанғали Халитдің «Шығыстың 5 мемлекетінің тарихы» атты еңбегінде жақсы жазылған. Молдалардың бассыз­дығына көнбіс халық Құдай ісі деп амалсыз көнді.
Міржақып Дулатұлы 1929 жылы қарашаның отызы күні ОГПУ-дің тер­геушісіне берген мәлімдемесінде Әли­ханның біз келтірген сөзіне қа­тысты: «Бөкейхановтың пікірі мынадай болады: өзбектер және басқа Орта Азия халықтарына қосылуға болмайды. Олар­­да консерватизм, клерикализм мен діни фанатизм күшті. Олар жақын уа­қыт­­та діндарлар қастығы мен шари­ғаттың езгісінен құтыла алмайды» деп жауап берген болатын.
Алаш арыстары осы кезде дүрк етіп көтеріліп, рухымыздың көтерілуін, ең­се­міздің тіктелуін тіледі. Қазақты қа­раң­ғылықтан құтқаруға атсалысты, на­дандық шырмауынан шығаруға, жарық Күнге ұмтылуға үндеді. «Дәлелдері тас­бығы менен шалмалары» ғана болып қалған молдалардың жолымен емес, ғылым, білім, өнер жолымен қазақты қараң­ғылықтан құтқаруға қам жасады.
Осы ретте тарихшы, алаштанушы ғалым Кеңес Нұрпейісұлының: «Ұлтты сүю керек. Бірақ, қалай сүю керек, қайтіп сүю керек. Дәл осы мәселенің байыбына бара бермейміз. Мұның керемет үлгісін бізге Алаш зиялылары көрсетіп кетті» деген сөзіне терең бойлауымыз қажет.
Арман Әу­бәкір, «Адырна» ұлт­­тық-этно­гра­фиялық бір­лестігінің жетекшісі:
– Расында Ресей императрицасы ІІ Екатерина те­ріс пиғылды Ислам дінінің тармақтарына қолдау көрсету саясатын ұстанды. Себептері мынадай еді: біріншіден, патша үкіметі қазақтарды өз саяси уысында ұстау болды. Екіншіден, қазақтардың дәстүрлі дүниетанымын өзгертіп, өз тамырынан, түп-негізінен ажырату көзделді. Үшіншіден, бұл шаралар ат үстіндегі көшпелі қазақтардың жауынгерлік мінез-құлқын едәуір жұмсартады деп ұйғарылды. ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейінгі патша үкіметінің қазақ даласына ислам дініне байланысты медреселер мен мешіттер салдырып, қазына есебінен діни кітаптар бастырып, қазақтарға тегін таратуының мақсаты – қазақтың ақыл-ой, санасын дінмен шырмап ұстап, билеп-төстеу пиғылы жатты. Мысалы, Татарстандағы ұлттық рух қарсылығының соншалық күшті болмауы – Қазақстанда да осы нұсқаны алып келіп көшіру идеясын тудырды. Сондықтан, қазақ жерін хрис­тияндандырудан гөрі исламдандыра түсу маңыздырақ, әрі тиімдірек, әрі пайдалырақ болды. Себебі, Ислам діні басқа діндерге қарағанда қазақтарға барынша жақын. Өз тамырына балта шабар ұғым-түсініктерді аңқау ел тез қабылдай қоятын. Тек көзі ашық Шоқан, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп тәрізді ағартушылар бұған өз тараптарынан қарсы болды.
ІІ Екатерина 1785 жылы 25 қара­шада арнайы қаулы шығарып, барон Игельстромға қазақ руларын та­тар молдаларымен қамтамасыз ету­ді тапсырды. Нақты жұмыс 1789 жылы Уфа қаласында мұсылман діни бас­қар­масының ашылуынан бас­талды. Молдалар онда ІІ Екатерина шы­ғар­ған Сібір халықтарын «бөліп ал да билей бер» жарғысын орындауға да ма­шықтанды. Бір жағынан байлыққа қызыққан молдалар бай адамдарға жас қыздардың некесін шариғат арқылы заңдастырып беріп отырды. Бай мен кедей арасындағы әлеуметтік теңсіздікті өз мүдделеріне орай қолданып, ел арасына таптық бүлік салды. Олар қазақ даласында Ресей үкіметіне тыңшылық қызмет атқарды. Мәселен, алғашқы мүфти Ху­сейнов Сырым Датұлының ұлт-азат­тық көтерілісін басуға тікелей қатысқан кісі болды. Ақ парақтай қазақтың таза балаларын татар молдалары бүлдіріп жатқанын Мәшһүр Жүсіп те жазады. Қажылықты екі құрылықтың арғы жағына ақша шашу деп есептейтін Мәшкең топ-топ болып мұсылмандықтың парызын өтеуге жиналған 250-дей адамның алдынан шығып райынан қайтуға тырысады екен. Қажылыққа жұмсалатын шығынды жетім-жесірлерге, елдің мұқтажына жұмсау Құдай алдында да, ел-жұрты алдында да игілікті іс екендігін, жылда әртүрлі ауру-сырқаулардан кісілердің қайтыс болуы қаупін түсіндіру жұмыс­тарын жүргізіпті. Шөлді жерлерде лас суларды тұтынған көптеген халық инфекция жұқтырып, Меккеге жетпей-ақ жолда жан тапсырады екен. Бұл туралы бізге Мәшһүр Жүсіптің немересі Қажымұқан Пазылов өз аузынан айтып берген еді. Тіпті, Мәшһүр Жүсіптің үстінен татар молдалары Ресей империясына арызданған да кезі бопты. Егер, Мәшһүр Жүсіптің кінәсі дәлелденсе, өлім жазасына кесілсін деген жауап та келіпті. Бірақ, Мәшекеңнің діни білімі де телегей-теңіз болғаны себепті, оны ортаға алып тергеген молдалардың бәрін сөз сайыста жеңіп шығып, аман қалған екен. Тіпті, ұлы Абайдың өзі «Моллалар тұра тұрсын, хусуан (әсіресе) бұл заманның ишандарына бек сақ болыңдар. Олар – фитнә ғалым. Бұлардан залалдан басқа еш нәрсе шықпайды» деп «указной молдаларды» айтып отырса керек.
Қазақ зиялыларының рухани жетекшісі Әлихан Бөкейхан 1906 жылы Кадеттер партиясының орталық комитетіне мүше болып сайланды. Әлихан Бөкейханның «Мен Кадет партиясынан неге шықтым?» деген мақаласында да алаштықтардың ұстанымы айқындала түседі.
1905 жылы басталған қозғалыс 1917 жылы ұлы іске ұласып, Алаш автономиясы құрылады. Сөйтіп, бүгінгі Қазақ­станның негізі қалана бастады. Алаш зиялыларының бірі Қошке Кемеңгерұлы өз естелігінде «Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі әдеби тіл тууына себеп болды, діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды» деп жазады. Сол себепті, Алаш автономиясы шаңырақ көтерген алғашқы күннен бастап зайырлы мемлекет құруға қадам басты.
Алаш жетекшісі Кадет партиясынан кетуін үш себеппен түсіндіреді. Бірінші, Кадет партиясы қазақтың автономиясына қарсы шықты. Екіншіден, олар жерді жекеменшікке беруді қолдады. Әлихан қазақтың жерін жекеменшікке берсек, башқұрттар сияқты бүкіл жерін көрші орысқа сатып жіберіп қарап отырады дейді. Ал, үшінші себеп ретінде Кадет партиясы орталық комитетінің дін мемлекетке қарасын деген ұстанымына ол өз қарсылығын білдіреді. Ұлт көсемі мұны Батыс Еуропа тарихы мен тәжірибесі көрсетіп отырғандай, мемлекет гүлденіп, өркендеуі үшін діннен бөлек болуы тиіс деп түсіндіреді.
Указной молдалар қазақ дәстүрін жоюды мақсат тұтты. Бұл мақсатты олар ең әуелі аналарымызды қоғамнан шеттету, аластау арқылы жүзеге асыр­ғанын білеміз. Еуропалық саяхат­шылардың жазбалары бойынша кейінгі этнографиялық деректерде бір кездері ән айтып, сөз сайысқа емін-еркін түсетін еркін ойлы қыз-келіншектердің қараңғы тіршілікке ақырындап бой ұсына бастағанын аңғарамыз. Мұны Шоқан да өз зерттеулерінде келтіреді. Мәселен, Г.Хохолов «Тургайская область» (1906 ж.) деген еңбегінде: «…женщины, вопреки киргизскому (казахскому) обычаю, начинают прятаться от посторонних мужчин и закрываются при встрече с ними» деп жазды.
Шынында, ешнәрсе көрмеген, еркін ой-пікірінен қағылып, қоғамнан аластатылған ана баласын қалай тәрбиелей алады? Құлқынын ойлаған діншілдер қыз балаларды тым ерте тұрмысқа беру, жас баланы шалға қосуды заңдастыру сияқты абыройсыз істерге де емін-еркін араласты. 1914 жылы Әлиханның «Мұсылмандар сиезі» атты мақаласында қыз балалардың тағдыры мен қазақ тілі мәселесі қозғалады. «Мұсылман сиезі қараған заң жобасында жазылған екен, рухани мекемелерде қағаз татарша тілмен жазылсын деп. Бұл біздің қазақ жұртына ыңғайсыз екені көрініп тұр. Түрік атты халықта біздің қазақтай бір жерде тізе қосып қалың отырған іргелі ел жоқ» деп, бұған Әлихан өз қарсылығын білдіреді. Орта Азия мұсылмандары үшін қағаз тілі татар-түрік тілі болып бекітіледі. Араб-парсы сөздерімен мидай араласып кеткен татар тілінен қазақ тілі әлдеқайда таза тіл. Осы кезде қазақ елінде де араб-парсы сөздерімен тілдің шұбарлануы көкейкесті мәселелердің қатарынан орын алып еді. «Жат сөздер екі жақтан кіріп жатыр. Бірі – араб, парсы сөздері, молдадан оқығандар, екіншісі – орысша оқығандардың еуропалық сөздері» деп жазады бұл туралы Мұхамеджан Тынышбайұлы. Тағы бір өзекті тақырып қыз баланың тұрмыс құру жасы болатын. Бөрікпен ұрғанда құламаса, балиғат жасына жеткені деп үкім шығарған дүмше молдаларға қарсы Алаш арыстары қыз баланың ерте тұрмыс құруы денсаулығына зиян екендігін дәлелдеп, неке құру жасын 13-тен 16 жасқа ұзартады.
Алаштықтар «Қазақ» газетінің әрбір санында дамыған елдердің тарихы мен даму үрдістері, ұлттық тарих, ғылым-білім, түрлі гуманитарлық сала бойынша мәселелерді көтеріп отырды. Ұлттық құн­дылықтар мен заманауи ғылым-білімді негізгі бағдар еткен Алаш арыстары әлі күнге дейін бәрімізге болашаққа жол сілтеп тұр.
Заңғар Кәрімхан, пе­­дагогика ғы­лымының магистрі:
–Қазақ да­­­ласын рухани отарлау мәселесінде ең мазмұнды, өзекті тұсы –рухани отарлаудағы әрекеттер. Өйткені, кез келген халықты жер бетінен тұтас жойып жіберу үшін оның рухани тамыр-бастауларын үзу керектігі, сол арқылы халықтың тарихы мен тілі, дәстүрі жойылғанда ғана үстемшіл топ өз мақсатына жететіні даусыз. Әсіресе, ұлттың далалық наным-сенімі, құдайды тану жолындағы берілгендігін ажырату мақсатында қазақ даласындағы діни отарлық саясат қазақтар Ресей құрамына енбей тұрған кезеңдерде, яғни оған көршілес елдердің (татар, башқұрт) мұсылмандығына қарсы шабуылдар Петр І дәуірінен басталады.
Белгілі зерттеуші Б. Қайратұлының «Қазақия қалай отарланды?» атты танымдық-тарихи кітабында «І Петр патша 1725 жылы қабылдаған аса құ­пия өсиетнамасы: «Мұсылмандарды шоқындырып құртыңдар, угро-фин, түркі, моңғол-манжур текті жұрт­тарды ассимиляцияға ұшыратыңдар…» болғанын жазады. Сенаттың жанынан құрылған «Шоқындыру кеңсесі» «орыстандыру палатасы» мен «қоныстанушылар кеңсесінің» майталмандарын даярлап шығарды.
Отарлаушылар бұратаналарды шо­қындырудың жоспар-жобасын жасап алған соң, қазақтарды нақты шоқындыру ісіне кірісті. Бұл іс «Егер, орыс­тардың мүддесі қажет ететін болса – онда қазақтарды құрбандыққа шалуға ешкім қарсы болмау керек» деген пиғылда жүргізілді. Істі бір жақты ету Орынбор шекаралық комиссиясының бастығы В.В.Григорьевтің тапсырмасымен миссионер Ильминскийге жүк­телді.
1870 жылы патшалық Ресейдің Ағарту министрлігі «Ресейде тұратын жат­жұрт­тықтарды сауаттандыру шаралары» атты құжат қабылдайды. Осы құжатта көрсетілгендей орыс емес халықтарға білім берудің үш түрлі бағыты анықталды.
«Бірінші бағыт – сабақ сол ұлттың тілінде, бірақ, міндетті түрде орыс әліп­биімен оқытылсын. Екінші бағыт – сабақ таза орыс тілінде оқытылсын, тү­сінбеген жағдайда басқа тілді пай­да­лануға рұқсат. Үшінші бағыт – сабақ тек қана орыс тілінде жүргізілсін». Осы құжатта айтылған негіздемелер бойынша миссионерлерге үкімет тарапынан тап­сырмалар берілді және орыстандыру идеясын іске асыру үшін генерал-адъютант фон Кауфман арнайы жоспар жасап, оны Ағарту министріне бекіттіріп алып отырды. Ал, миссионер ғалым Остроумов болса: «…орыс халқымен және орыс мемлекетімен түземдіктерді жа­қын­дастыру бағыты – тікелей орыс транскрипциясымен жүргізілуі керек және орыс әліпбиіне ешқандай өзгеріссіз, қосымшасыз, қысқартусыз жүргізу талабы басшылыққа алынуы тиіс» деп жазады.
Патшайым ІІ Екатерина 1785 жылдың 25 қараша күні жарлық шығарып, қазақ сияқты отарланған елдерге дін мен оқуды қалай жүзеге асыру жайлы нұсқаулық береді. Осы құжатта: «…қырғыздардың (қазақтардың) арасына Қазан татарларынан іріктеп, бізге шын берілген, сенімді молдаларды жолдау қажет. Олар қазақтарды патшаға берілген рухта тәрбие жүргізсін! Бұл молдалардың шығынын үкімет мойнына алып, үздік міндет атқарғандарға сый-сияпат беріп тұрсын» делінген. Осы орайда дін атын жамылған «указной» молдалардың аяр қылықтарын Құрбанғали Халид «Тауарих хамса» кітабында аяусыз әш­керелейді. «Указной молда» – Ресей Сенаты 1868 жылы қазақтар арасында жандармериялық бақылау жасау үшін енгізген қызмет, лауазым.
«Қағаз алған молдалар сондай бір іс­тер істеді: онымен не дінді, не дүниені ұстай алмайсың. Бір адам өлсе указной молда болмаса, яки оның атынан біреу бармаса жаназа оқымай кейбір жағдайларда өлікті сасытып, обалына қалмайық деп біреулер жаназа оқып қойса, ол адам қуғынға ұшырайтын болды. Оны – указной молда қайда жүрсе де таптырып алып жазалатып, штраф (бодау) төлетіп, айып төлетіп, әуре ететін болған соң, тіпті, жаназаға ешкім жоламай, указной молданы қай көрге кіріп кетсе де, іздеп табу ақы иесінің мойындарында үлкен бір борыш болды» деп жазды Құрбанғали Халид.
Дала қазақтары миссионерлер ісіне қарсыласып бақты. Ашық күннің астында мұсылманшылықты қолдан жасап, күштеп, мәжбүрлі түрде шоқындыру саясаты дендеген сайын, наразылықтар да көріне бастады. Көкшетауда Науан қазірет, Ақмолада Шаймерден Қосшығұлов, Өскеменде Құсайын, Зайсан уезінен Құрбан қажылар білдірген қарсылықтардан соң, діни отарлау саясатын енді оқу арқылы, оқыту жүйесі арқылы жалғастыру көзделді. Қазақ даласында алғашқы мектептердің ашылуы, мұндағы миссионерлердің әрекеті, қазақ ағартушыларының қызметі, әліпбиді өзгерту секілді жұмыстар сол кезеңнің жемісі болатын.
Алаш қайраткері Науан Хазірет қазақ елінің ұлттық болмысын, тәуелсіздігін сақтап қалу жолында Қазан мен Қырым татарлары тапқан жолды, яғни, Маржани мен Гаспаралы жолын дұрыс бағамдап, сол жолда жастарды діни-ағартушылық бағытта тәрбиеледі.
Көкшетау қазағы Науан Хазіреттің жәдиттік көзқарасының калыптасуына ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында бүкіл әлемде ұлт-азаттық қозғалыстың өрістеуі, Ресейдегі билеуші монархияға карсы бағытталған демократияшылдық үрдістің етек жаюы, орыс емес халықтарда зия­лы топтардың пайда болуы сияқты қо­ғамдық құбылыстардың зор әсері болды. Көптеген аймақтарда саяси партиялармен, қозғалыстармен бірге жәдиттер (жаңашылдар) деп аталған мәдени-ағартушылық бағыттағы қозғалыс пайда болды. Бұл қозғалыстың түпкі мақсаты түрік халықтарын отарлық езгіден азат ету еді. Ал, оны іске асыру үшін дін-ис­лам­дағы жәдитшілдікті түрікшілдікпен ұштастыру, түрік ұлтшылдығын насихаттау, жаңа тәсілмен оқытатын мектептер ашу көзделді.
Науан Хазірет Көкшетау өңіріне келе салысымен халық ағарту саласына көп көңіл аударып, қазақ балалары білім алуын қадағалауды қолға алады. Мешіт жанына қараңғы қазақ балаларын жинап, әсіресе Ә.Бөкейханша айтар болсақ, «қыр баласын» оқу-білім үйренуге шақырады. Ауыл молдаларын жинап, олардың білімін одан әрі жетілдіруге жұмыс жасайды. Мешіт жанынан, халық қаражатымен интернат та салдырады. Әрине, бұл қа­жырлы қайраткердің көреген саясатымен қажырлы еңбегінің арқасында іске асады. Өзіне көмекші алып, оқу-ағарту ісін одан әрі жетілдіреді.
Науан Хазіреттің ұлт тарихындағы мектеп қалыптастырудан басқа екінші ерлігі – орыстанып, шоқынып бара жатқан халқы үшін Түркияға да хат жолдап, әр тараптан білімге кенелудің жолын ізде­гендігі болатын.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Қа­зақтар» мақаласында Ресей патшалығы тарапынан қазақ же­рінде отарлау саясаты жүргізіліп отырғанын айта келіп, қазақтарды мұсылман дінінен аластатып,  христиандандыру əрекетін əшкерелейді. Осы бір күрделі тарихи жағдайда мұсылмандық факторға үлкен қауіппен қарап, оның отаршылдыққа қарсы күш екенін түсінген патша өкіметі мектеп-медреселерді құрту мақсатында үлкен шаралар қолданған. Ә.Бөкейхан сол кезде «Орыс үкіметі қарауындағы қазақ халқын бауырына жақынырақ тарту үшін Науан хазіретті жер аударғаннан басқа ештеңе ойлап таба алмады-ау» деп жазған еді. 
Данагүл Ма­хат, тарих ғы­лы­мының док­­­торы, Л.Гу­милев атындағы ЕҰУ жа­нын­дағы «Отырар кі­тап­­ханасы» ғылыми орта­лы­ғы­ның бас ғылыми қызметкері: – Қа­зақ­стан­ды Ф.Голощекин басқарған 1925-1933 жылдары Қазақстанда «жікшілдік», «ұлт­шылдық» ұраны ушығып, оларды жа­залау жалпы сипат алды. Ф.Голощекин Қазақстанға келгенге дейін Қазақ Өлкелік партия комитетінде С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев және басқа да ұлт тағдырын ойлаған жауапты қызметкерлер болды. Олар кеңестік билік жағдайында қазақ мемлекеттігін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып, оны іске асыру жолдарын іздеді. Отаршыл пиғылды дөп басып түсінген, жас та болса ел басқару, халық тағдырын жоғары деңгейдегі билік тұтқасын ұстағандармен тайталаса жүріп шешу сияқты саясат ісінде ірілік көрсете білген С.Сәдуақасовтай асыл азаматты Ф.Голощекин қазақ ұлтшылдығына, оңшыл ағымға, «сәдуақасовшылдыққа» айыптады. Саяси айыптау шаралары партия қатарын қазақ коммунистерінің ұлттық бағыт ұстанған тобынан тазарту науқандарына ұласты.
1920 жылы РК(б)П қатарына өтіп, кеңес жұмыстарына араласа бастаған С.Сәдуақасов экономикадағы, идео­логиялық саладағы және ұлт мәселесіндегі жолсыздықтарды ашық айтты. Жастар арасында тәрбие жұмыстарын жүргізуге ерекше маңыз беріп, оларға арналған оқу курстарын ашты, дәріс оқыды. Ол жас­тарды тәрбиелеуге, жастарды келешекке дайындап, күш жинауға тырысу керектігін айтты.
С.Сәдуақасов ұстаздар үшін арнайы журнал басылымының шығуына да қолдау жасады. 1925 жылдың 13 мамырында РК(б)П Орталық Комитеті Үгіт-насихат коллегиясы мәжілісінде «Жаңа мектеп» атты ғылыми-педагогикалық және өлкетану журналын шығару туралы мәселе қаралып, бекітілді. «Жаңа мектеп» журналының №1 саны 1925 жылдың тамызында шықты.
С.Сәдуақасов «Жаңа мектеп» жур­на­лының 1926 жылғы 5 ақпанындағы №4 санында жариялаған «Оқу ісінің кемшіліктері. Оларға қарсы шаралар» деген мақаласында: «Қазақ жастары салынған мектеп жетпей, мекеменің есігін дүбірлетіп тұр. «Оқыт мені, оқытпасаң мен ырза емен» деп отыр қазақ жастары. Көп айқайдың ішінде ең керекті айқай осы жастардікі. Жастардың бұл дауысын тыңдау керек. … Қазақ балалары орыстан зейінсіз емес. Оларды осы күнгі халге келтіріп отырған мектептің күйі… » деп жазды.
Қазақ балаларының мектепке аз тар­тылуының саяси астары да болды. Халық ағарту жұмыстарын жүргізуге үкімет бюджетінен және жергілікті бюджеттен 35% көлемінде қаржы бөлініп отырды, 1926 жылы – 10 миллион, 1927 жылы – 12 миллион көлемінде қаржы бөлінді. Мәселе осы қаржының қалай бөлінуінде болатын. Мысалы, 1927 жылы 12 миллион ақшадан ауылға 1 миллион 200 мың сом, яғни 10 пайызы, орыс поселкесіне 2 миллион, яғни 16,6 пайызы берілді. Екеуін қосып есептегенде 26,6 пайыз, қалғаны қалаға бөлінді. Бұл жерден шешуін күтіп тұрған екі түрлі өзекті мәселе келіп шығады. Бірінші ұлт мәселесі, екінші қала мен ауыл, поселке мәселесі. Ауыл мен поселке арасында қаржының тең бөлінбеуі. Біз қарастырып отырған жылдардағы қазақ ұлтының үлестік салмағы 75 пайыз, олай болса, қазақ ұлтының саны басым. Алайда, қазақ ауылына қаржы бір жарым есе кем бөлінді. Бұл патшалық билік кезінен келе жатқан орыс ұлтына үстемдік беру саясаттың өзгермегенін көрсетеді. Орыс поселкелеріндегі қара шаруалардың оқу жасындағы балаларының 30 пайызы, қазақ ауылындағы қазақ балаларының 8-12 пайызы ғана мектепке барды. С.Сә­дуақасов Қазақстанда білім беру саласының және Халық ағарту комис­сариатының алдында тұрған үш міндетке тоқталды. «Оның бірі – мектептің үйлерін жөндеу, екіншісі – оқуға керек құралдар табу, үшіншісі – мектепте қай тілде оқылатындығын белгілеу».
С.Садуақасов ұлт, жер, оқу-ағарту мәселесі туралы пікірде сол кездегі Қазақ­станның тізгіні қолында тұрған Ф.Голощекинмен қарама-қайшылыққа жиі келіп отырды. С.Сәдуақасовтың партияның үгіт-насихат құралы, Қазақ­стандағы негізгі әрі басты басылым «Ең­бекші қазақ» газетінің редакторы болып отыруы жаңа басшыны қана­ғаттандырмады. Смағұл «Қазіргі дәуір – іс дәуірі», «Оқу ісінің кемшіліктері» және басқа мақалаларында ел ішінде орын алып отырған олқылықтар мен асыра сілтеулерді сынға алды. Сол жылдардағы шолақ белсенді коммунистердің сөйлеген сөздері мен жазған мақалаларында айтылатындай жаттандылық, жасандылық жоқ, күнделікті өмірден туып отырған келелі мәселелерді көрсетіп, шешу жолдары қарастырылды. Алайда, ұстанған ұлттық бағыты газеттің мақсатына, коммунистік партияның Қазақстанда социалистік қоғам құру идеясына қарама-қайшы келген Смағұл Сәдуақасов «Еңбекші қазақ» газеті редакторлығынан босатылды.
Ұлттық бағытынан айнымаған С.Сә­дуақасов 1926 жылы 29 қазанда Ташкенттегі тұңғыш Жоғарғы қазақ педагогика институтының салтанатты ашылуында сөйлеген сөзінде: «Өткен жүз жылдықтың екінші жартысында Алтынсарин өмір сүрді. Ол алғаш орыс-қырғыз мектептерін ұйымдастырушы, орыс алфавитін қазақ жазуына енгізуді қолдаушы болды. Ол оқымысты миссионер Ильминскийдің досы әрі оның оң қолы болды. Сол Алтынсарин қайтыс боларының алдында өзіне бірде-бір орыс­ты, тіпті, достарын да жібермеуді бұйырды. Осы атеист өзінің жерлеу рәсіміне 99 молланың шақырылуын, көзі тірісінде өсиет етіп айтып кетті. Иә, бұл оқымысты қазақтың қасіреті болатын, мүмкін, қазір бізге түсініксіз болар, қасірет мынада: ұзақ жылдар бойы орыстармен бірге жұмыс жасап, ақыр соңында, миссионерлердің қазақ халқына ешқашан да жақсылық жасамайтынына көз жеткізу. Мүмкін, оның езілген қазақ жүрегі өз қылмысына шыдамай, соңғы минуттарда ұзақ жылдар бірге қызмет жасаған жолдастарынан бас тартты» деді. Иә, Ыбырай Алтынсарин де, Шоқан Уәлиханов та өмірлерінің соңғы сағаттарында өз бастарындағы қасіреттерінен қазақ халқына сабақ беріп кеткен еді.
С.Сәдуақасов бүгінгі күнге дейін қазақ ұлты үшін маңызын жоймаған қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени мәселелерді шешу жолдарын ұсынды, қалыптасып келе жатқан әміршіл-әкімшіл жүйеге қарсы демократиялық ой-пікірлерін батыл баяндады. «Қазақ елі …мақсатына жету үшін ең әуелі өзінің ұлт екенін біліп, ұлттығын танып білуі керек» деген берік ұстанымдағы Смағұл Сәдуақасов – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауға өлшеусіз үлесін қосты.
Хангелді Әбжанов: – Ұлттық идея – ұлттың мұраты. Алаш қозғалысы көтерген идеялар әлі күнге дейін ескірген жоқ. Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» деген сөзі 1916 жылы халықтың патшалық билікке қарсы іс-әрекетке баруына түрткі бол­ғаны анық. 1917 жылы құрылған Алаш автономиясы да халық мұратынан туындаған болатын. Бұл идеяны да алаштықтар дәл тапты. Олардың үшінші идеясы – «Қорған, қазақ». Әлихан Бөкейхан халық үшін орасан зор апат келе жатқанын білді. Бірақ, бұл идеялар дәл сол кезде дұрыс қабылданбады.
Өткен жылы Әлихан Бөкейханның мерейтойы, Қазақ Хандығы құрылуының 550 жылдығының республика бойынша кең көлемде атап өтілуі, биылғы Алашорда қозғалысының 100 жылдығын ұлықтау шаралары, осының барлығы Алаш идеясының мәңгілік екенінің көрінісі. Рухани жаңғыру да осы мұраттармен тығыз байланысты. Бұл біздің дамыған 30 елдің қатарына қазақ болып, өз тілімізбен, өз ділімізбен кіру үшін қажет. Сондықтан, бүгінгі күні «Оян, қазақ» та, «Қорған, қазақ» та өзекті. Бәсекеге қабілетті ел болу жолында Алаш идеясын ұстансақ, адаспаймыз. Осыны баршамыз терең ұғынуға тиіспіз.
Алаш мұрасы – мәңгілік құндылық. Болашағы бар елдің мұраты мәңгілік құндылықтарға негізделуге тиіс. Сон­дықтан, біз Алашқа орала береміз.


Дина ИМАМБАЙ,
«Ана тілі» газетінің бөлім редакторы,

"Ақиқат" журналы 

Пікірлер