Қазақстандық оқушылар халықаралық физика олимпиадасында 11 медаль жеңіп алды

2655
Adyrna.kz Telegram

8-13 қараша аралығында Өзбекстанда әл-Фергани атындағы халықаралық физика олимпиадасы өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, зияткерлік сайысқа әлемнің 18 елінен, соның ішінде Ресей, Әзірбайжан, Беларусь, Румыния және т.б. 130 бала қатысты.

Байқау жазбаша және практикалық жұмыстардан тұратын екі кезеңнен тұрды.

Ұлттық құрама Қазақстанға екі «алтын», алты күміс және үш қола медаль әкелді. Әлішер Еркебаев пен Нұрдәулет Назарбаев жеңімпаз атанды. Күміс жүлде Даниил Шатохин, Оразхан Хайдар, Дінмұхаммед Сапыбек, Ердәулет Нахип, Бернард Шамғонов, Диас Эспанға бұйырды. Бексұлтан Шәріп, Асқар Қасымов және Нұржан Хасенов «қола» алды.

Мектеп оқушылары өздерінің жеңістерін туған ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнағаны атап өтілді.

Олимпиададағы бәсекелестік өте жоғары болды, өйткені қатысушылардың көпшілігі Халықаралық физика олимпиадасының (IPhO) рейтингінде жетекші орындарда. Біздің жігіттер тамаша нәтиже көрсетіп, Қазақстанды әлемдік аренада лайықты танытты. Қазір Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» орталығы оқушыларымыздың халықаралық олимпиадаларға қатысуына барлық жағдай жасау үшін түрлі деңгейдегі олимпиадалар өткізу бойынша жұмыстар жүргізуде», - деді Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігің мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер