Ақтөбе облысында полицияның сервистік моделі жүзеге асырылуда

2007
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің ғимаратында полицияның сервистік моделіне көшу жүйесі таныстырылды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Р.Г.Хамбаров, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері Мемлекет басшысы ішкі істер органдары мен Ішкі істер министрлігінің алдына қойылған полицияның сервистік моделін енгізу және өңірде цифрландыруды дамыту жөніндегі міндеттердің іске асырылу барысымен танысты.

Облыстық ПД бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Қ.Алиев қатысушыларға облыстағы криминогендік жағдайдың жай-күйі туралы, сондай-ақ ІІМ жүйесінде жүргізіліп жатқан реформа шеңберінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

— Қазіргі уақытта ІІМ жүйесінде ұйымдық-штаттық құрылымды оңтайландырудан және тән емес функцияларды алып тастаудан бастап, полиция қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды жақсартуға дейінгі кең ауқымды реформа жүргізіліп жатыр. Бастапқы кезеңде біз 287 штаттық бірлікті қысқарттық, 26 басшылық лауазымды, сондай-ақ артық басқару буындары мен лауазымдарды жойдық.
Жергілікті полиция қызметінің жүйесін "сервистік полиция" қағидатымен жетілдіру жобасы шеңберінде жаңа тетіктер, құралдар мен жұмыс әдістері енгізілуде. Полицияның сервистік моделі — бұл полицияның, профилактика субъектілерінің және жұртшылықтың қауіпсіздік деңгейін және билік органдарына деген сенімді арттыру мақсатында қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемаларын шешу жөніндегі бірлескен қызмет. Негізгі аспект — азаматтарға полицияға қол жетімділікті барынша жеңілдетуге бағытталған қадамдық қол жетімділік, — деді Қ.Алиев.

Оның айтуынша, биылғы жылы облыс орталығында 5 стационарлық полиция бекеті орнатылды, онда азаматтар тәуліктің кез келген уақытында барлық сұрақтар бойынша жүгіне алады. Сондай-ақ, біз ең криминогендік учаскелерді анықтадық. Ал Жол картасын жүзеге асыру аясында 5 жыл ішінде 12 стационарлық модульдік бекет пен 16 учаскелік полиция пунктін салу жоспарланған. Біздің облыста сервистік модельді енгізу процесі биылғы жылдың екінші жартыжылдығынан басталды.

Мәселен, облыстық ПД алдына қойылған міндеттердің бірі – бұл полиция бөлімшелерінің үй-жайларында, атап айтқанда арнайы мекемелерде, азаматтарды уақытша ұстау бөлмелерінде, қаруды сақтау және беру бөлмелерінде, кезекші бөлімдерде, ішінара тергеушілер мен анықтаушылардың кабинеттерінде жаппай бейнебақылау жүйесін енгізу. Бүгінгі таңда 979 бейнекамера орнатылған.
Одан әрі халық Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты, оларға телефондағы қосымшаның көмегімен қылмыстар мен оқиғалар туралы бейне хабарлама жіберуге болатын "Омниканалдылық" жүйесінің жұмысы көрсеттілді. Қанат Алиев депутаттарды "Азаматтарға арналған қабылдау бөлмесіне" өткізіп, модульдік стационарлық бекет пен учаскелік полиция пунктінің жұмысымен таныстырды.

Жалпы, өңірдегі жедел және қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Жеке құрам Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігінің алға қойған өңірдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, халықтың сенім деңгейін арттыруға және азаматтардың барлық өзекті сауалдарына жедел ден қоюға бағытталған. Қоғамдық орындарда және көшелерде рецидивті, топтық, мас күйінде жасалған және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар азайды.

Кездесу соңында Руслан Хамбаров жергілікті атқарушы органдар құқық қорғау органдарын озық техникалық құралдармен жабдықтау бойынша жан-жақты көмек көрсететініне сенім білдірді.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер