Журналистер арасында байқау жарияланды

2879
Adyrna.kz Telegram

Бүгін «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы бұқаралық ақпарат құралдары арасында «Жасыл баспасөз» республикалық байқауын жариялады. Дереккөз: baq.kz

Конкурсқа журналист қауымның «жасыл технологиялар» тақырыбындағы жұмыстары қабылданады.

Коалиция баспасөз хатшысы Меруерт Әбдәлиеваның мәліметінше, байқау 4 номинация бойынша өтеді: «Үздік теле-радиосюжет»; «Үздік ТВ және радиобағдарлама»; «Газетте жарияланған үздік мақала»; «Интернет ресурстарда жарияланған үздік материал».

«Конкурсқа 2017 жылғы сәуір – 2018 жылғы маусым аралығында жарияланған жұмыстар қабылданады. Байқауға қазақ және орыстілді журналистер қатыса алады. Материалдарды «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясының» баспасөз қызметіне жіберуге болады. Жүлде қоры әлі анықталу үстінде, жүлде бекітілгеннен кейін қосымша хабарлаймыз», – деді Меруерт Әбдәлиева БАҚ өкілдеріне арналған «Жасыл дәмхана» шарасында.

«Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекова биылғы конкурстың қорытындысы Астана күніне қарай шығарылатынын айтты.

«Биыл біз Астананың 20 жылдығына орай «жасыл» онкүндік өткіземіз. 28 маусым – 6 шілде аралығындағы онкүндік аясында 20-дан астам шара ұйымдастырамыз. Осы күндері «Жасыл» экономика көшбасшыларының ІІ форумы өтеді. Аталған форумда «Жасыл баспасөз» байқауының қорытындысын шығарып, жеңімпаздарды марапаттаймыз», – деді Салтанат Рақымбекова.

Конкурс жайлы толығырақ www.greenkaz.org сайтынан білуге болады.


baribar.kz

Пікірлер