Билік пен қоғам диалогы: X Азаматтық форум басталды

383

 

Үкіметтік емес сектормен өзара іс-қимыл саласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығының ең ірі оқиғасы: "Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылы" тақырыбымен Қазақстанның X Азаматтық форумы басталды. 

Форумды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева ашты. 

Министр өз сөзінде X Азаматтық форумның жұмысы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығының қорытындыларына арналған маңызды оқиға екенін атап өтті. Тәуелсіздік таңында

 Қазақстанның азаматтық секторы  ондаған ҮЕҰ-дан басталғанын еске сала тұра, А.Балаева бүгінде еліміздің бұл саласы Орталық Азиядағы ең дамыған қоғамдық институтқа айналғанын айтты. Мәселен, жыл сайын қазақстандық "үшінші сектордың" қатары орта есеппен 150 жаңа қатысушыға қосылып келеді.

"Азаматтық форум - бұл кейбіреулер дәйексіз айтатындай "ҮЕҰ өкілдерінің декларативті-хаттамалық жиыны" емес,  ал қолданбалы идеялар мен бастамалар туындайтын, министрлер мен әкімдер азаматтық белсенділермен тең дәрежеде бірлескен іс — қимыл жоспарларын жасайтын, жекелеген әлеуметтік проблемаларды шешуге мемлекет ҮЕҰ-ды тартатын нақты жұмыс процесі", - деді министр.

Айта кетейік, X Азаматтық форум жұмысына тұңғыш рет Қазақстанның ЕҚЫҰ, БҰҰДБ, ЮНИСЕФ, Фридрих Эберт қоры, ЮНЕСКО, ЮСАИД сияқты халықаралық серіктестері қатысуда. А.Балаева олардың қазақстандық азаматтық қоғамның дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті. "Бұл миссияларға сындарлы диалог пен құнды ұсыныстар үшін, өзара түсіністік пен қолдау үшін, адамгершілік пен ашықтық танытқан үшін алғыс айтқым келеді", — деді ол.

Өз кезегінде, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Б.Нұрғазиева Азаматтық форум — қоғамның, билік пен бизнестің сындарлы диалогын құратын еліміздің басты алаңы екенін атап өтті. "Бүгін Азаматтық Форум жалпыұлттық сипатқа ие болды. 

Ол халық пен билік арасындағы кері байланыстың тиімді механизміне айналды. Үкіметтік емес сектор нақты қоғамдық күшке қалыптасты деп пайымдауға барлық негіз бар", - деді ол. 

X Азаматтық форумның жұмысы 22-26 қараша аралығында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 5 күн бойы гибридті: онлайн да, офлайн форматта да өтеді.

Форумға қатысуға ниет білдіргендердің барлығы қатыса алады, тікелей эфир YouTube және Facebook әлеуметтік желілеріндеге арнайы ресми парақшаларында күн сайын өткізіледі, яғни өз сұрақтарын қойып, жедел түрде кері байланыс ала алады.

ҮЕҰ мен қоғам, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор, БАҚ және бизнес өкілдерінің арасынан 20 мыңнан астам қатысушыны қамту жоспарлануда.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы