"Заман-ай" жапон караокесінде айтылатын әндер тізіміне енді

2585
Adyrna.kz Telegram
"Заман-ай" әні жапон караокесінде айтылатын әндер тізіміне енген деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы өзінің фейсбук парақшасында Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет жазды.
"Жапонияда қазақ, ағылшын, жапон тілдерінде жарық көрген "Заман-ай" әнінің дискісі. Орындаушы токиолық әнші Томако. Қазақшасы біздің Роза Рымбаеваның орындауында берілген. Жапон караокесінде айтылатын әндер тізіміне еніпті. Композитор досым Төлеген Мұхамеджановтың музыкасына жазған өлеңіміз бұл күнде әлемдік антиядролық қозғалыс гимніне айналды", — деп жазды ақын.
Айта кету керек, әнші Роза Рымбаева орындайтын "Заман-ай" әні шыққаннан кейін көп ұзамай Жапонияның Қазақстандағы елшілігі әннің авторы Ұлықбек Есдәулетке хабарласқан. "Қазақ пен жапонның қасіреті бір. Екі ұлт та ядролық сынақтан қасірет көрді. Рұқсат етсеңіз, сіздің және композитор Төлеген Мұхамеджановтың авторлық құқын сақтай отырып, жапон тіліне аударып, әнді орындағымыз келеді", – деп келісім беруін сұраған. Ақын мен сазгерден рұқсат алынғаннан кейін ән жапон тіліне аударылып, Томако есімді танымал әншісі сахна төріне алып шыққанда, жапондар әннің әсерінен селтиіп тұрып қалған.
"Адырна" ұлттық порталы.
Пікірлер