ЕРЛАН ТӨЛЕУТАЙ: Алаш сыйлығын арзандатып алмайық

2606
Adyrna.kz Telegram

Кеше Ұлттық кітапханада өткен Қазақстан Жазушылар Одағының халықаралық "Алаш " сыйлығының тапсырылу салтанатының куәгері болдым. Жазушылар Одағының мүшесі емеспін ғой, десем де аталған сыйлықтың иегері атанған Дидар Амантай досыма жанкүйер болып барғанмын. Алқалы жиын бұл жолы дау-дамайсыз, ұрыс-жанжалсыз – тыныш өтті. "Ә", дегеннен Ұлықбек Есдеулетов ағамыз бастаған, Бауыржан Жақыпов ағамыз (модератор) қостаған Одақтың басшылары қаламгер қауымды келесі жылдан басталатын жақсы жаңалықтармен қуанта желпінтіп тастады. Одан кейінгі кезек жыл қорытындысына берілді. Шешендер бірінен соң бірі мінбеге көтеріліп, өткен жылы жарық көрген шығармаларға тоқталып жатты. Жыл қорытындысының соңы "Алаш" сыйлығын тапсыру салтанатына ұласты.

Сөйтіп, балалар әдебиеті бойынша – Ділдар Мамырбаева, Пернебай Дүйсенбин; поэзия – Светқали Нұржан, Сабыр Адай, Биғайша Медеуова, Қуат Қайранбаев, Бақытжан Алдияр, Қазбек Құттымұратұлы, Дәурен Берікқажы, Ержан Алаштуған, Айтқали Нәріков, Серік Қалиев; проза – Құлтөлеу Мұқаш, Дидар Амантай, Тұрсынхан Зәкенұлы; драматургия – Мәдина Омарова; әдебиеттану – Болат Жүнісбеков, Жанұзақ Аязбеков; деректі проза – Зейнеп Ахметова, Дәулет Сейсенұлы – жиын саны 20 қаламгеріміз Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығына лайық деп танылып һәм оның иегері атанды. Баршаңызға құтты болсын айтамыз, қадірменді қалам иелері! Шығармашылықтарыңыздың игілігін көріңіздер!

Дегенмен, сыйлық туралы бір-екі ауыз пікірімізді білдіре кетейік. Ешкімнің көңіліне келмесін, бұл сыйлықты бірден 20 адамға берген әсте дұрыс емес. Келешекте былай бола берсе, бұл сыйлықта құн қалмайды, Алаш ұғымын да арзандатып аламыз. Сосын екі жылда бір рет беріліп тұрылса да болады. Егер де мына қарқынмен жылда осылай беріле берсе, ЖО 700 мүшесі небәрі 35 жылда тегіс марапаталып бітеді екен. Сондықтан әр екі жыл сайын әдебиеттің әр жанры бойынша бір-бірден ғана берілсе – құба-құп. Соның өзінде алты адам марапатталады екен. "Алаш" сыйлығы алты алаштың алты қаламгеріне берілді!" деген жарқын сөз қандай асқақ естілмек! Алты алаш демекші, аты халықаралық болған соң аталмыш сыйлық кезінде Алаш ұранды болған түбіміз бір туыстарымыз: ноғай, қырғыз, қарақалпақ, башқұрт, тіпті, өзбек, татар, тұркімен әдебиетінің өкілдеріне берілсе дейміз. Бұл өз кезегінде қазақтың алашқа аға жұрт екенін әйгілеп әрі әдебиетіміздің мәртебесін биіктетіп, мерейін өсірер еді. Сонда "Алаш" сыйлығы – аты менен затына лайық болып, түркі халықтары: түбір тіліміз қазақ тілі болсын деп жатқан мына заманда, түрік әлемін туыстық байланыстардың төресі – әдебиет пен өнер арқылы жақындастыру миссиясын арқалар еді.

Утопия болса да, "Армандапсың ақтоқты..." десеңіздер де – айтайын, егер келешекте "Алаш" сыйлығы үшін жеңімпаз қаламгерге бір миллион доллар сыйақы тағайындалар болса, бұл – күллі түркі әлемінің ең басты әдеби бәйгесі болып табылып һәм қаламгерлер арасында жазуға деген құлшыныс туғызып... қысқасы, түркі халықтары әдебиетіне жойқын серпіліс әкелер еді.

Әсілі "Алаш" деген сөз де, сыйлық та жеңіл болмағаны ләзім. Келешекте "Алаш" ұғымын қасиеттендіруге (сакрализация) мақсаттануымыз керек. Бұл – ұлт бағын (санасын) оятуға жасалған жосықты қадам болмақ. Кешегі күннен бері мемлекетіміздің стратегиялық әріптесі атанып жатқан Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық "Алаш" сыйлығы осы ниеттің басы болғай!

 

Пікірлер