Арон Атабекті неліктен түрмеден ерте босатпады: Министрлік жауап берді

3167
Adyrna.kz Telegram

Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев қоғам белсендісі Арон Атабектің өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап. 

Бүгін сенатта журналистер ішкі істер министрлігінің өкілінен не себепті Атабектің денсаулық жағдайы ескеріле отырып, ертерек босатылмағанын сұрады.

"Осы сұрақтың көтеріліп жатқанына көп болды. Арон Едігеев (Атабек) 2006 жылы 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол адам өлтіру және кепілге алу қылмыстары үшін сотталған болатын. 2019 жылдан бастап барлық медициналық тексерістен бас тартты", - деді комитет төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, барлық түрмеде жыл сайын профилактикалық тексеріс жүргізіледі. Мекеме қызметкерлері Атабектің қатты арықтап кеткенін байқап, медициналық тексерістен өтуге ұсыныс жасаған. Бірақ ол бас тартыпты.

"Біз туған-туыстарын шақырдық. Олар да сөйлесті. Қоғамдық бақылау комиссиясы әңгімелесті. Бірақ Атабек келіскен жоқ", - деп атап өтті Аюбаев.

Биыл 22 қыркүйекте Арон Атабек Павлодар қаласының ауруханасына жеткізілген. Сол жерде медициналық тексеріс жасалды. 1 қарашада Павлодар қалалық соты оны қамау мерзімін қысқартып, бостандыққа шығаруға шешім қабылдады.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер