«Рухани жаңғыруды» насихаттау суретіне дауласқандарды бітімге шақырды

2200
Adyrna.kz Telegram
Алматының Бостандық аудандық сотының судьясы Әбілмәжінова «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттауда дау тудырған суретті көрсетіп тұр. Алматы, 19 ақпан 2018 жыл.

Алматының Бостандық аудандық сотында 26 ақпан күні «министрлік «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау үшін суретімді рұқсатсыз пайдаланды» деген фотографтың арызы бойынша сот отырысы жалғасты. Шағымданушы фотограф Сәрсенбек Қызайбекұлы мен жауапкер тарап Спорт және мәдениет министрлігі және Алматы әкімдігі арасындағы соттың бүгін төртінші отырысы өтті.

Сот журналистерді залға кіргізгенімен, әкімдік пен министрлік өкілдері өздерін видеоға түсіруге тағы қарсы болды. Сот отырысында прокурор министрлік пен әкімдікке «Қалаға ілінген суреттер алғаш кімнен тарады?» деген сұрақ қойды. Олар «министрлік суретті ашық дерек көздерінен алып, президент әкімшілігіне бекіту үшін жібергенін» айтты. Министрлік өкілі «Сәрсенбек Қызайбекұлымен мәмілеге келу үшін оны бұған дейін Астанаға шақырғанын», бірақ арызданушы тараптың «кездесуге 1,5 миллион теңге төлесеңдер ғана барамын» деп жауап бергенін айтты. Алайда сотта фотографтың адвокаты ешқандай кепілсіз келіссөзге баруға қарсы емесін жеткізді. Жиырма минутқа созылған отырыста сот министрлікке келіссөз уақытын нақтылауға екі күн берді.

Сәрсенбек Қызайбекұлының айтуынша, жас бала мен қаршыға бейнеленген 2014 жылы түсірген суреті былтыр тамыздан бастап Қазақстанның бірнеше аймағында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үгіттеуде көрнекілік ретінде іліне бастаған.

Бұған дейінгі сотта министрлік өкілі суретті өздері өңдеп жібергенімен, атқарушы органның (Алматы қалалық әкімдігін айтады – ред.) нақты сол суретті алу-алмауға еркі бар екенін айтқан. Алматы әкімдігі де, министрлік өкілі де сотта фотографпен «алдын ала келісім болмағанын, оған ешқандай гонорар төленбегенін» мойындаған.


azattyq.or

Пікірлер