Берік Әбдіғалиұлы: Президент қазақ халқының ұлттық жауапкершілігін айқындап берді

2491
Adyrna.kz Telegram

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жариялаған бес әлеуметтік бастамасы туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

«Біріншіден айтарым, Елбасы сөзінің соңында елдегі тұрақтылықты тілге тиек ете келе, қазақ ұлтының жауапкершілігі туралы айтты. Яғни, Мемлекет басшысы қазақ ұлтының мәртебесін ерекше атап өтті. Бұл - басқа ұлттардың дәрежесін түсіру дегенді білдірмейді. Яғни, Қазақстанның тұрақтылығы ең алдымен қазақ ұлтына байланысты. Қазақстандағы орыс, ұйғыр, неміс немесе кәріс болсын, бәрінің ынтымағына ең бірінші қазақтар жауапты. Өйткені, қазақ ұлты осы елдің де, жердің де иесі. Қазақстанда бәрі де тату-тәтті өмір сүріп, ешкім ешкіммен кикілжіңге келмеуі керек. Ешкім де теңсіздікті сезінбеуі тиіс. Қазақстандағы ұлттардың бәрі де бір-біріне дос-бауыр. Сондықтан, Президент өз сөзінде қазақтардың ұлттық жауапкершілігін айқындап берді деп есептеймін», - деді Берік Әбдіғалиұлы.

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы сонымен қатар, әлеуметтік бастамалардың маңыздылығына тоқталды.

«Әлеуметтік бастамалардың қай-қайсысы да ең өзекті мәселелерді қамтып отыр. Ең біріншіден, тұрғын үй мәселесінің маңызы зор. Біздің бәріміз шетелде үй алу кезінде пайыз аз деп жатамыз. Ендігі кезекте Қазақстан да үй алу кезіндегі пайыздық мөлшерлемені 7 пайызға түсіріп жатыр. Алғашқы жарна 20 пайыз болып, 25 жылға бөліне төленетін үйдің бағасымен күні ертең көп адамның баспаналы болуға мүмкіндігі арта түседі. Сондықтан, менің ойымша, бұл бастаманы халық ерекше қуана қабылдаған секілді. Салықты төмендетіп, мемлекеттің «әр адамның табысы өзінде қалсын» деген ұстанымын да айрықша атап өткім келеді», - дейді ол.

Берік Әбдіғалиұлы оқу бітірген түлектердің біршамасы кейде оқуға түсе алмай қиналып жататынын, осыған байланысты бөлінетін қосымша 20 мың грант мәселені шешетінін еске салды. «20 мың адам қосымша білім алуға мүмкіндік алады. Үкімет тағы да қаржыландырайын деп жатыр. Әсіресе техникалық мамандықтарға баса ден қойылуда. Соның бәріне 20 мың грант бөлу деген - дарынды жастардың жолын ашады деп білемін. Грант бөліп қана қоймай, жатақхана мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Әсіресе, өңірлерде тұратын жастарға бұл керемет мүмкіндік. Жатақхана тұрғызылса, бүкіл жетіспеушілік мәселесі шешіледі. Кәсіппен айналысам дегендерге қосымша 20 млрд теңге бөлінгелі отыр. Кәсібін бастаймын дегендерге бұл өте үлкен қолдау», - дейді Берік Әбдіғалиұлы.

Берік Әбдіғалиұлының пайымдауынша, қалаларға газ тарту жұмысы бағытында жасалған қадамдар экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді. Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Астанаға жететін газ баға тұрғысынан да халыққа ыңғайлы болып келеді.

«Елбасы әлеуметтік құндылыққа, бірлік пен әділеттілікке мән беріп отыр. Яғни, Мемлекет басшысы «Рухани жаңғырумен» бірге, әлеуметтік жаңғырудың кезегі келгенін білдірді. Бұның бәрі тұтас ұлтымыздың, еліміздің дамуына серпін берері сөзсіз», - деп түйді Берік Әбдіғалиұлы.

Еске сала кетсек, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының отырысында бес әлеуметтік бастаманы жария еткен болатын.

Ел Президенті өз сөзінде «Ел бірлігі - ең бірінші қазақтың өзіне керек» екенін атап өткен еді.

«Бүгінгі бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болғанда ғана табысты жүзеге асады. Өткен 26 жыл тәуелсіздік ішінде біз осы қағиданы ұстанғандықтан ғана белестерді еңсердік. Ал ел бірлігі - ең бірінші қазақтың бірлігі екенін айтып келемін. Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін бірлік пен ынтымақ алдымен елімізге, қазаққа керек», - деді Мемлекет басшысы.


http://www.inform.kz

Пікірлер