Жүрсін Ерман. АҚЫН мен АЖАЛ

3673
Adyrna.kz Telegram

АҚЫН мен АЖАЛ

поэма

(Сәкеннің соңғы сәттері)

I ТАРАУ. ТАЙТАЛАС

Тағы тап боп тағдыры бір кесірге,
Ақын жатыр Алматы түрмесінде.
Кеше жұртты тәңірдей табындырса
Бүгін өзі кіріптар күн кешуде.

Айналды ма шынымен күн бесінге?
Жанашыр жоқ,
Жақын жоқ тілдесуге.
Қалың елдің қамқоры секілденіп
Тұрушы еді үкімет мінбесінде.

Басқа өлендер саңқылдап жыр кешінде,
Дүбірлейді астана іргесінде.
Білегінде шылдырлап темір кісен,
Ақын жатыр Алматы түрмесінде.

Түрмедегі түндердің ұзағы анық,
Маңайынан енді оның ұзамалық.
Кейде төзім таусылса,
тас түрменің
Тепкiлейдi есігін ызаланып,

Міз бақпайды түрменін тас қамалы,
Жоқ акынның жасайтын басқа амалы.
Тергеушімен ақынын тайталасы
Түн ортасы ауғанда басталады.

— Есімін кім?
— Сәкені Сейфолланың
— Кәсібің кім?
— Ақын боп ой толғадым.
Төңкерістің дауылпаз жыршысы едім,
Күн көрістің өлеңін айта алмадым...

— Тоқтат сөзді!
Жауап бер тек сұраққа!
Сен көсемді байлаймын депсің оққа
Троцкизм тобна қашан кірдің?
Айт шыныңды!
Шыдамды кеп сынатпа!

Енді қалған ғұмырын қысқа мүлдем,
Талмау жерден тапжылмай ұстадым мен,
Неге сонша өшіктің ұлы адамға —
Кегің бар ма алмаған Сталиннен?!

— Тарт тіліңді, ей жолдас!
Арандатпа!
Ғайбатыңды беталды борандатпа!
Бетіңдегі бүлк етпей бір тамырың
Ұялсаңшы телуге арамды аққа!

Мен кәдімгі большевик Сейфуллинмін,
Төңкерісім – тәңірім дейтін ұлмын,
— Былшылдама! Тәңірім - Троцкий деп
Басталатын жоқ па еді кей туындың!

— Алданған да,
Ақынға өлген де бір,
Тілегіне адамның көнген бе өмір.
Троцкий ол кезде көсем еді,
Кінәлі ме көсемге сенген көңіл?!

— Көсем болса ол саған болған көсем,
Адал болсаң азбас ең,
алданбас ең.
Амандығын тiледiң алаяқтың,
Міне, қолда кітабың - жалған десең...

«Арыстан Дәуітұлы Троцкий»...
Қайтіп ол да қақпанға тұрар түспей!
Троцкийді алдай сап, қазақ жерін
Сатып жүрдiң Жапонға бірақ іштей.

— Не деп тұрсың?
Не дедің, ақымағым?
Тауар ма екен туған жер сатылатын?
Кісендеулі ақынның кескін-кейпі
Арыстанға ұқсайды атылатын.

— Жә, бұл сөзді әзірше доғарайық,
Бір бұл емес мойынға тағар айып.
Былтыр көктем,
декада күндерінде
Мәскеудегі жайыңа оралайық.

Құпияңды өзің-ақ ашасын ба,
Жоқ бұдан да жалтарып қашасыңба?
Өзің айтшы —
болдың ба, болмадың ба?
Галина Серебрякованың дaчaсында?

— Қайдан білдің ол кештің құпиясын?
Бардық,
Көрдім Галяның ықыласын...
— Троцкизм ұясын жайлап шықсаң,
Енді қалай айыптан құтыласың?!

— Әй батырым, аптықпа,
құр демікпе,
Айтып кеткен комиссар Жүргеновке...
— Жүргеновті бірге ала кетемісің?
Сейфуллин мен Жүргенов бір делік пе?

— Садаға кет сен мұндар Темірбектен!
— Зиянкестің талайын мен індеткем.
Ол да менің түсіп тұр тұзағыма,
Темірбегің немене темір деп пең!

Жау Жүрегінін біледі жұрт іргеде,
Жеткізбеді ол сен жайлы былтыр неге?
Соның өзі жетеді Жүргеновті
Әкеп тыға салуға бұл түрмеге!

Жә, өзіңе келейік, өлерменім,
Басылады қазір-ақ елергенің.
Галина мен күйеуі дачасында,
Мойындарсың жасырын не бергенін!

— Анықталар – жөн кімде,
бұрыс кімде.
Галинаны бұл жерге кірістірме.
Пейілімнің белгісі деп бергені
Үстелімнің әлі де тұр үстінде.

Жау қыла біл Сәкенді.
жат кыла біл.
Деп берілген саған да қатты ма әмір.
Галинаның сыйлаған ескерткіші —
Тәж-Маһалдың мүсіні ақ мрамор!

— Өтірікке екенсің ұста мүлде!
Қырық рет құбылма қысқа күнде
Мүсін емес
Жасырын бомба берген
Жасау үшін қастандық Сталинге!

— Ит екенсің, оңбаған, екі аяқты!
Жөргегінде ұмытқан ұят-аятты!
— Тіліңді тарт деп едім,
Тыңдамадың.
Мә, ендеше, сол иттен же таяқты!

Жақсылықтан жауыздық не ғып күшті—
Жендет дүлей ашуын танытты ішкі.
Зілдей ауыр жұдырык,
Сейфуллиннің
Аппақ күрек тістерін қағып түсті.

Әдiлеттен әбiлет не ғып күшті?!
Байлаулы ақын гүрс етіп талып түсті.
Керзі етіктің күрзідей тепкісінен
Сейфуллиннің бір көзі ағып түсті!

II ТАРАУ. СОЛ БІР КЕШ

Қиналды-ау,
қол ұшыңды бер, анасы,
Басына жастық болшы.
Ор,
Абасы.
Қан-қан боп тас еденде жатыр міне
Кешегі Совнаркомның төрағасы.

Басына вагон-түрме салғанда азап,
Күндерді күтіп ек-ау алдан ғажап.
Кеңестің жауы атанып жатыр енді
Лениннің қолын қысып алған қазақ!

«...Бұдан да артық еді-ау өлтіргенің,
Тезірек ажалымды келтір менің.
Колчактың түрмесінен аман шығып
Кеңестің түрмесінде мертілгенім!»
Өң мен түс арасында Сәкен жатыр
Қуықтай бөлмесінде сол түрменің.

Қан-жоса,
Өрім-өрім жалаңаш тән,
Көлкілдеп тұла бойын жара басқан.
Сықсиған темір торлы терезеден,
Тағы да күреңітіп қарады аспан.
Сұп-суық тас еденге тамып жатты
Көз жасы ыстық қанмен араласқан...

Сәкенім, жыламашы, жүдемеші,
Басыңды бір көтерші, түрегелші.
Тар жол мен тайғақ кешу тансық па еді.
Тағдырдың тап болған бұл бір егесі.
Сәкенім тіл қатпайды,
Көз алдымда
Өмірдің ұмытпас бір тұр елесі.

Дүние-ай, қайдан барды сол дачаға,
Сәлемің жетер еді-ау жолдаса да.
Көңілін Галинаның қимап еді
Сырласып, сыйласқаны болмаса да.

Дегені «қайдан бардым» бекер еді,
Бәрін де сол кеш үшін көтереді.
Галина жүр дей қалса
сері Сәкен
Сол кешке жүз қайтара жетер еді!

Бармайды,
Барған емес серілікпен
Сергелдең сезімнен сен жеңіліп пе ең!
Достардың көңілі еді-ау сені тосқан.
Зиялы қауым еді-ау сені күткен.

Арасын адамдардың жалғар күштің,
Ақындай құпиясын аңдар ма ешкім.
«Маркстің жастық шағын» жазған әйел
Көзіндей көрінді ғой сол Маркстің.

Сөз қандай,
Сезім қандай,
Сенім қандай,
Көз қандай,
Көрік қандай,
Көңіл қандай!
Білімнің буырқанған бұлағынан
Сусасаң — сіміре бер демінді алмай,

Сусап кеп сiмiрген-ді сол кәусардан,
Апыр-ау, емес пе деп алдамшы арман.
Еліткен еркін жандар арасында
Елеңдеп сері көңіл қонырау шалған.

Алғаусыз
Болмаған соң артында алаң,
Сауықтан Сәкен сол түн тартынбаған.
Ажары атқан таңдай ару Галя
Асылдың сынығындай жарқылдаған.

Ән салса ашып тастап күй сандықты.
Артық па ғұмырыңды қисаң тіпті.
Теңіздей толқығанын жасыра алмай
Тебіреніп оқып берген «Сыр сандықты».

— Ал достар, болмас мұндай қауышу көп,
Естиміз енді дала даусын, - деп,
Қолқалап қоймаған соң әнге басқан
«Мен келем түнделетін тау ішінде...»

Сазымен сұлу әннің наз ақтарған
Дос тауып дархан көңiл қазақтардан,
Галина екі көзін боталатып
Сол әнге жылауға да аз-ақ қалған.

Бұл жерде көз бен көңіл тілдеседі,
Тілдеседі, ұғысып, үндеседі.
Қажытқан шулы қала түнде өсегі
Көңілің қылауы жоқ бір кеш еді.

— Жандарды жаңа таптым достасарға,
Сіздерді ұмытпаспын ешқашан да!
Сәкенжан серісі екен сахаранын,
Сыйлаймын бір ескерткіш қоштасарда —
Деп еді сонда Галя тебіреніп: —
— Құмар боп қалдым, Сәкен, сені көріп.
Гарядан өзің бұрын жолыққанда
Соңыннан кетер едім еліне еріп!

Маған да бір сұлу саз арнармысын,
Достықты дархан көңіл жалғармысың.
Махаббат бесігіндей Таж-Маһалдың
Сыйлаймын ескерткіші мәрмәр мүсін!

Сәкенге сұлу жанар төккенде нұр,
Тасынған дариядай көктем-көңіл.
Жасырмай ықыласын риясыз
Сүйріктей саусақтардан өбкен жеңіл:

— Көңілге қуанышпен түсірген мұң,
Мен сізді қимайтын бір кісім дермiн.
Мейірбан махаббатты Таж-Маһалдай
Жырымның жауһарымен мүсіндермiн! —

Деп Сәкен бір уағда беріп қалған,
Бір шабыт шалқып оттай ерікті алған.
Қуанып қайтқан Сәкен қонақүйге,
Көңілді елеңдетіп көрікті арман...

Сол кеште кінә бар деп кім ойлаған,
Сәкенім құтылар ма бұл айладан,
Адалын арам деген кімдер екен,
Тұнығын кімдер екен лайлаған!

Түрмеде жатыр ақын талықсыған,
Мен қалай тас зынданнан алып шығам!
Боздасын бозала түн,
күніренсін тау.
Жыласын, жыласын жыр,
қамықсын ән...

ІІІ ТАРАУ. ТОРЫҒУ

Кешкіріп, айналғанда күн бесінге,
Сәкеннің еміс-еміс кірді есі де.
Есеңгіреп отырып әзер ұкты
Жатқанын НКВД түрмесінде.

Сәкендей қол көтерген кім сәбиге,
Шынымен түскені ме мұнша күйге.
Зіп-зілдей, зеңгіген бас көтертпейді
Миына сұғылғандай мың-сан ине.

Бір салмақ қарақұсқа түсіп ауыр,
Дірілдеп-қалтырайды іші-бауыр.
Төңірек неге күңгірт, неге тұнжыр,
Өңі ме, әлде жайсыз түсі ме бұл?!

Қанатты кеше еді ғой қомдағаным,
Тауқымет, тағы мен бе таңдағаның?
...СЕЛК етіп,
Сәкен қолын тартып алды
Аңдаусыз сыйпай беріп оң қабағын.

Aрсызы бар екен-ау азардың да,
Шошынбай не бар дейсің жазар мұнда:
Қабақ деп сипағаны — қабақ емес,
Жара тұр шодырайып көз орнында!

О, сұмдық!
Оралта алмай төзімді ойға.
Жарқ етті бір қорқыныш сезім бойда
Қыранның жанарындай жарқыраған
Құдай-ау, көзім қайда? Көзім кайда?!

Кеткендей қопарылып жүрек тұсы,
Сәкеннің мұп-мұздай боп, дір етті іші.
Көнектей еріндерін сипап еді
Қалыпты опырылып күрек тісі.

Жисаң да бәрін түгел бөрiктестiң,
Cәкендей таппас едің көрікті ешкім.
Арқардың кұлжасындай сымбатына
Сүйсініп кім қарамас, елiтпес кім.

Адамның ішіндегі арыстандай,
Ақылдың хабаршысы — қарыс маңдай.
Ақ маңдай айдынымен қап-қара шаш
Толқитын жаңа ғана табысқандай.

Көкірек домбырадай күмбір қағып
Кеп еді-aу...
Енді, міне, бұл бір ғаріп.
Жер басып кісімін деп жүрер ме екен
Сәкеннің сағын сонша сындырған ит?

Бұл емес жолыққаны қырсық алғаш,
Нар еді —
Үзілсе де, үн шығармас.
Құйылды ап-ащы боп таңдайына
Сәкеннің сау көзінен ыршыған жас.

Жігіттің жампозы еді, жайсаңы еді,
Қан шықпас кесіп алса қайсар еді.
Көкемнің қамыққанын қалай бүгем
Куә ғып бұл сұмдыкка қойса мені!

Ағатай, айналайын, жыламашы,
Сауға да сұм тағдырдан сұрамашы!
Қиянат құрбандығы болып өту
Қашаннан ақындардың сыбағасы!

Саған да етер дейсің кім кешірім,
Тағы да тербетейін жыр бесігін.
Күн батты саңылаудан бір сығалап,
Түн өтті тырнай-тырнай түрме есігін.

Бола ма асыққанмен біз аптығып,
Түрменің ұзақ күні, ұзақ түні:
Ақынның жанaлғышы жылмиып жүр
Мертіккен мерт қыранға тұзақ кұрып.

Жемі боп қандала мен аш бүргенің,
Ішінде Сәкен жатыр тас түрменің.
Тесіктен бақылайды тергеуші кеп
Күтердей шу асаудың бас білгенін.

Жылынып жүрек қайта ысымай ма,
Қарманып кайрат қылар күші қайда?!
«Аһ» деп бір күрсінеді анда-санда
Қайдағы-жайдағылар түсіп ойға.

Ақынның алағызып жүрек тұсы,
Келеді әлде нені жыр еткісі.
Сағынған Сарыарқасын аузына алса,
Көнбейді қопарылған күрек тісі.

Соған да cері Сәкен арланады,
Арланып, қорланбасқа бар ма амалы.
Ызыңдап кетік тістен кеміс дыбыс
«Зарарка, Зарарқа» деп зарланады.

Сарыарқа, сағындырған еркіндігім,
Басады сенен басқа ертімді кім?!
Қанаты қиылған бір құс болдым-ау
Сен менің шерімді біл, дертімді ұғын!

Сен болып бар бейнесі елесімнің,
Көлбеңдеп көз алдыма келесің мың.
Бақытын таптым деп ем туған елдің
Байрағын тігіп саған Кеңесімнің.

Киеме балаушы едім жыр кешінде,
Тағдырың талайымдай жүрді есімде.
Сеніп ем сенің нұрлы ертеңіңе
Жатсам да Колчак иттің түрмесінде.

Армандай асуларға аттандырып
Сен мені жіберіп ең шаттандырып,
Кешпеді хас жауларың, кешірмеді
Жолыма жүр екен-ау қақпан құрып.

Ұлың ем азабыңды арқаласқан.
Бас тігіп дұшпанымен балталасқан.
Қор етіп қорқауларға қоясың ба,
Алсаңшы арашалап тар қапастан!

Имандай шыным осы, Иманағым,
Білмеймін, енді кімге иланамын.
Шоқтығын қишы маған бір шоқыңның
Бекерге енді мені қинамағын...

Қайдасың, қасиетті Қарашілік,
Көз жазып калдым, сенен дара шығып,
Көтере кетші мені! — дейді Сәкен
Қапастың құшағында аласұрып.

Ор, Аба, жүруші едім дара санап,
Алсаңшы қиянаттан арашалап,
Мертіккен мерт ұлыңды тұра ма шын
Желiккен жендеттері тамашалап?!

Өмірден жоғалайын өтпей налып,
Қатыгезің болмайын кекке айналып,
Ақын болып туғаным рас болса,
Кием қайда — иеме кетпей ме алып?

IV ТАРАУ. СЫНУ.

Тергеуден қажыса да тексеруден,
Бір адым ақиқаттан жоқ шегінген.
Қорлыққа қайсар ақын көніп бақты
Айнымай көңілдегі бек сенімнен.

Шығармай камерадан тысқа мүлдем,
Зорлықтың құрсауында қысқанымен,
—Қастандық Сталинге еттің, — десе,
—Садаға кет! — дейді, —ұлы Сталиннен!

— Мойында!
—Өлтірсең де мойындаман!
Көлеңке болған емес ойымда алаң!
Көретін қорлығының есебі жоқ,
Сұрақ жоқ оған сірә қойылмаған.

Жала жоқ оған үйіп жабылмаған,
Кінә жоқ оған қиып тағылмаған.
Қаһарман қайратыңнан айналайын
Сынбаған,
Иілмеген,
Бағынбаған!

— Бар екен Жапонменен байланысың!
— Сөз шығын сендей арам хайуан үшін!
—Жасырын ұлтшылдармен жалғасқансың,
Алаштың бетке шығар қаймағысың!

— Бөлінбес большевизм — ұлтым менің,
Аңсаған талай ғасыр бұл күнді елім!
Барлығы әділеттің рас болса,
Қайтар-ақ, жауыз, сенен бір күн кегім!..

Етпеді демесең тек жан тәсілім,
Сауы жоқ өкпе, бауыр қолқасының.
Қинаудың бар амалын қолданады,
Біледі азаптаудың сан тәсілін.

Құрышын жұдырықтың қандырғанда,
Сілейтіп ақынды естен тандырғанда,
Сүйретіп апарады камераға
Не пайда ессіз-түссіз жанды ұрғанда.

— Ендігі безеруің далбасалық!
Кеңеспен болам десең жолдас анық,
Мойында—Мәскеудегі қаскүнемдер
Бергенін қойыныңа бомба салып!

Азаптан құтыласың мойындасаң,
Бәрібір сенің арам ойыңды ашам.
Білмейді жан баласы өлгеніңді,
Қажетсіз қасарудан тайынбасаң!

—Атаңның көрі! — дейді бар жауабы,
Жендеттің қабағынан қар жауады.
«Иермін еменді де» деген еді,
Орнына келер емес болжамы әлі.

Бір күні жанaлғышы арсыз күліп,
Деп қалды.
— Сен мынаны алшы біліп,
Сыбайлас өзіңменен болып келген
Атылды Майлин... және Жансүгіров!

Иланбай суық сөзге алғаш сана,
Күдіктің шылауына жармасса да.
Сенбеске лажы жоқ. Мынандай сұм
Тайынбас атпақ түгіл, дарға асса да!

Мақсатын орындады тосын амал,
Мәрт еді жауға қатал, досына адал.
Түршікті тұлғасымен шошына бар,
Сындырып кетті сағын өр ақынның
Төбеден жай түскендей осы хабар!

Жасытпай тағдырдың да тепкісі нық.
Бәрін де өткiшi ғой деп түсініп,
Төзуге талай сынға әзір еді.
Үмітің әлсіз жібі кетті үзіліп,
Сенімнің бәйтерегі кетті сынып!

Жаланы жан түршігер мойынға алмай
Жүр еді.
Енді бұл да тойынғандай,
Түңілді тіршіліктен Сәкен мүлдем,
Өмірдің мағынасы жойылғандай,

Сезбейді ұрғанын да, соққанын да,
Тұщы етке ащы таяқ батқанын да.
Aшу да, ызасы да ғайып болып,
Лап етіп тұтанбайды от қанында.

Ой өшті.
Сана сөнді.
Тіл байланды.
Тіршілік қара түнек түнге айналды.
Суынып ыстық жүрек, үлкен өмір
Сапарын үзуге енді ыңғайланды.
Есірік хал үстінде қай қағазға
Не үшін деп қол қойғанын білмей қалды...

Шығарды өз үкімін есіл аға,
Жендетке керегі де осы ғана.
Талықсып жатқан ақын білген де жоқ
Галяға жібергенін не сыбаға...

V ТАРАУ. ГАЛИНАНЫҢ ҚАРҒЫСЫ

Оқушым, емеурінді ұқтың ба әлгі?
Десе де бір әділет күттім мәңгі
Зайыбы троцкистің болғаннан соң
Мәскеуде Галина да тұтқындалды.

Жазықсыз бір жан еді жолы тайғақ,
Кінәсіз кінәлі етті оны ғайбат.
Жабылған жалаларға қосылды кеп
Сәкеннің «куәлігі» болып айғақ...

Шыдасын көздің жасын төкпей не ғып,
Сенiмi досқа деген кекке айналып,
Тағдырдың тәлкегі ме — Сәкен туған
Қазақтың даласына кетті айдалып!

Нақақтан күйіп достың жаласына,
Бір нала қосылғанда наласына.
Есінен шықпай койды Сәкен мүлде
Келген соң Қазақстан даласына.

«Қай күні,
Кез болып ең қайдан маған,
Ақын деп қуанып ем жайрандаған.
Былғадың тұнығымды лайланбаған.
Жау болдың қызығымды ойрандаған.

Жақындық белгілерін жолдағанда,
Жанарың жарқылдаған алдаған ба?
Жақсыны топ ішінен танымаса
Жүректің керегіне онда адамға!?

Жақсының жақындығын кім тілемес,
Көңілде жүріп еді-ау күлкің елес.
Ақыннан аяр шықса...
жоқ сенбеймін...
Сенбеймін...
Сенбеу бірақ мүмкін емес!

Кім маған берер еді түсіндіріп,
Еркімді билей алмай мысам құрып,
Қоштасып кетіп бара жатқанында –
Соңынан үш тоқтап ем, үш ұмтылып.

Көз қандай,
Көрік қандай,
Даусың қандай,
Төзімім болып еді-ау таусылғандай.
Мұңайған кездерімде сені ойлаушы ем,
Күмбірлеп кұлағымнан даусың калмай.

Сөз қандай,
Сенім қандай,
Сезім қандай,
Сүйсініп карап ем-ау көзімді алмай,
Жүгіріп талай бардым мен есікке
Алайда қоңырау шалған өзің болмай!

Келемін дегеніндей «қош» дегенің,
Мазамды алдың талай кеште менің,
Келдің-ау,
Келдің бірақ тажалым боп,
Ажалым болғаны ма дос дегенім?!

Жауапсыз сұрақ болды-ау бұл далбаса,
Танымай қалғаным ғой тұлғаңды аса.
Қапысыз таныр ем-ау, қасымда егер
Бір-ақ түн болғанында... Тым болмаса!

Болмақ ем шын тілектес шапағатшын,
Қасірет енді сен қаталатсын.
Taж-Mahaл өзiм берген тұншықтырып,
Махаббат бесігінің каһары атсын!

Сыртымен жылтыраған мұндар-мүсін,
Әлі де талай жерді былғармысың.
Көңілдің кепиеті ұрсын сені,
Алысқа жібермесін бұл қарғысым»!

VI ТАРАУ. СОҢҒЫ СӨЗ

—Бәрін де құлақ естіп, көзің көрді,
Ақырғы арылатын кезің келді.
Үштіктің алқасына не айтасың?
Сейфуллин!
Сөйле соңғы сөзінді енді!

Соңғы сөз,
Соңғы лебіз.
Сөз ақырғы.
Адалдап алар жерің өз атыңды.
Ақиқат біреу ғана түп-түбінде,
Болғанмен кесім-қилы, жаза -түрлі.

Соңғы сөз, болар сені кімге арнасам,
Жоғалмай жетермісін жылдарға сан?
Келешек күндеріме сөз айтар ем,
Кім білсін, шындығымды тыңдар қашан!

Куә жоқ ар-иманнан басқа менде,
Кім білсін, қарабет боп босқа өлем бе.
Зіркілдеп тұрып алды бұл замана
Үйіріп қара бұлтын тас төбемде.

Түнерсе көңілде түн, ойда тұман,
Қор болған ғазиз басты қайда тығам?
Әділет! Аршалап алармысың
Дауасыз дұшпан иттің ғайбатынан!!

Аяным, ұядағы бала бүркіт,
Әкеңнен хабар күтпе алабұртып.
Түтіккен түнек жылдар арасында
Мұнарған келбетіме қарама үркіп.

Жабығып жүрермісің жолға қарап,
Именбей биіктерге қомда қанат.
Жетпедік сыр шертісер бір қараға,
Жұмбағым жүрегіңе болды аманат.

Білмессің талдырғанын топшымды кім,
Өзіммен кетер бірге көп шындығым.
Әйтеуір арым таза жұрт алдында,
Жасырған жамағаттан жоқ сұмдығым!

Бәріне болып тұрмын көнген адам,
Жетер ме, ұлым, саған мендегі алаң.
Сенсең де сен ғайбатқа, туған жерін
Саудаға салды десе, сенбе балам!

Ғайыптың мініп тұрмын кемесіне,
Келешек түсем бе екен ел есіне.
Қастандық етті десе, сенбе, балам,
Орнатқан өзім қолдан Кеңесіме!..

Жолында қалсам уақыт мен көшінің
Жұмбақ боп жетер бәлкім елге сырым.
Әкеңнің шалыс басқан қадамы үшін
Сұрауың керек, қарғам, сен кешірім.

Дәрменсіз әкең бейне мертілген кұс,
Болсаңшы азабым аз, дертім кеміс.
Жығылып аяғына жеткізе гөр —
Қиянат іс болғанын еркімнен тыс.

Болмасын жарым қапа досым алаң,
Ажалды қаймықпай-ақ тосып алам.
Әкеңнің аманатын шығарма естен –
Ақырғы сөзім, міне, осы, балам!
VII ТАРАУ. АҚЫН МЕН АЖАЛ

Ажалды айтып келген кідіртіп көп
Бөгелді бір байқұс жан кібіртіктеп.
Алдында тергеушінің күмілжіді
Бетіне келмесе де бұрын тіктеп:

—Сейфуллин ақын шығар мүмкін ұлы?
Жер-көкті шошытпай ма мылтық үні?..
—Үштіктің үкіміне кідіріс жоқ.
Атылсын!— деп бұйырды НКВД

— Атылсын!
Кім шығарып жатқан бүлік?
—Кім үштік үкіміне таққан күдік?!
— Атылсын!

— Тез атылсын!
жіберіңдер.
Тезірек ақыретке аттандырып!—

деп жендет бұйрық берді қатуланып,
Өштігі бар ма дерсін ақында анық
Сол күні таң алдында Сейфуллинді
Шығарды тас түрмеден атуға алып.

Боралдай.
Боралдай сай.
Боралдай бел.
Бейсауат Боралдайға бара алмайды ел.
Алдында үңірейіп қара мылтық.
Артында ашады аузын арандай көр.

Ақпанның алакөбең жиырма бесі,
Алқынып ақтүтектің қырда көші.
Ақыннын жанарында ақырғы рет
Ағарып Алматының тұрды елесі.

Ағытып алай-дүлей боран әнін,
Тауысты табиғат та бар амалын.
Ақынның аяғына лақтырады.
Түйдектеп аппақ қардың орамалын.

Апыр-ай, рас па деп осылары,
Жел байғұс ішін тартып шошынады.
Шыдамай көктi көздің назарына
Алатау бетін бұлтпен жасырады.

Боралдай.
Боралдай сай.
Боралдай бел.
Басына Боралдайдың бара алмайды ел.
Алдында үңірейіп қара мылтық,
Артында ашады аузын арандай көр.

Сейфуллин сезбейтіндей ештеңені,
Қорлықтан алсын өзге еске нені.
Көп мылтық қарсы алдынан гүрс еткенде
Туған ел, тым болмаса «қош» демеді!

Сынбады.
Иілмеді.
Қоштаспады.
Тістеніп Алматыға көз тастады,
Алатау тас-талқан боп қирады да,
Жалт етіп жарық дүние өшті аспаны.

Соңғы сәт.
Соңғы минут.
Соңғы сағат.
Мезгілді керегі жоқ енді санап,
Жұмыр жер айналуын доғарды да,
Күн сөнді.
Жарық өшті.
Өлді сағат!

Өлді.
Өшті.
Керегі не енді аялдап,
Қайтайын Алматыға мен де аяңдап
Боралдай бауырындағы бұл сұмдықты
Жеткізсін жамиғатқа жел баяндап.

Жел айтсын ажалменен арбасқанын
Жендеттің шалғайына жармасқанын.
Ақынның аузына кұм құйылғанын,
Қап-қара шашын аппақ қар басқанын!

Жел айтсын аһ ұрғанын, ашынғанын,
Ақынның аяғына бас ұрғанын.
Күбірлеп басында аят оқығанын,
Көлденең көзден сосын жасырғанын!

Сол желің айтады әлі сондағы әнін,
Боралдай бәрін жұтып-жалмағанын.
Уілдеп ұлы боран ұйтқығанда
Томпайған топырақ та қалмағанын!

VІІІ ТАРАУ. «МОЛАСЫ ЖОҚ ОНЫҢ»...

Құлағанға қайтып мойын бұрмады,
Замананың көші ілгері зырлады.
Көкейінен шықпаса да халықтың,
Оқулықтан шығып қалды жырлары.

Сәкен аты өшірілді, сызылды,
Сәкенсіз-ақ толықтырдық тізімді.
Сәкен әні айтылмады тойларда,
Домбырада Сәкен сазы үзілді.

Ұмытқан боп ұлы ақынның есімін,
Ойға-қырға қудаладық жесірін.
Майып болды Аян бала,
Әкенің
Айыбы үшін сұрай алмай кешірім!

Қаяу тілек көңілінде кетті ізгі,
(Амал нешік,
ататын оқ жоқ бізді!)
Ал Галина он жеті жыл өмірін
Арып-ашып айдалумен өткізді.

Он жеті жыл қарғап-сілеп Сәкенді,
Сәкен - аяр деген ойға ет өлді.
...Айдаудағы Галинаны бір күні
Шұғыл Жамбыл обкомына әкелді.

«Тағы неге қажет болды бұз мазақ ?»
Галинаның көздерінде тұрды азап.
Жарқыраған кабинеттің төрінен
Ұшып тұрып қарсы алды оны бір қазақ.

— Замананың қателігі түзелді.
Құттықтаймын!
Ақталдыңыз сіз енді.
Шешімімен XX съездің
Болашаққа бағыттаймыз біз елді!

Шындық осы.
Илан,
мейлің иланба —
Бір ыстық от лап етті де ми, қанға,
Дымы құрып,
діңкелеген Галина
Әзер жетті бүйірдегі диванға.

— Кешіріңіз күндер үшін кейіткен, —
деді хатшы кінәлі бір кейіппен.
Түсіргендей әлденені есіне
Алды сосын бір қағазды сейфтен.

Айналайын Галинажан, ардақты! —
деді сосын сөзін жалғап салмақты.
— Майып болған ақынымыз Сейфуллин
Соңғы сөзін өзіңізге арнапты!

Зорлықпенен атап едім есімін,
Тиді де деп Галинаға кесірім,
Өлерінде қалдырыпты аманат,
Сәкен үшін сұраймын мен кешірім!

Кісі едіңіз, Галинажан, ақылды...
— Сәкен қайда?
Сәкен ағай атылды...
Кешіріңіз... егер кеше алсаңыз
Атыларда сізді ойлаған ақынды!

Деді хатшы,
қоспай басқа сөз артық.
Ол парызын өтеп шықты тазартып.
Бұл xикая тынды осы бөлмеде,
Ақынға да қалмағандай жазар түк.

Керегі не əсірелеп бояудың,
Керегі не мүсіркеудің,
Аяудың!
Жазайын ба өксігенін Галяның:
«— Кешір, Сәкен, кешір мені, аяулым!

Қаншама жыл қарғап келдім бекерге,
Кешір, Сәкен!
Сөзім саған жетер ме!»
Айтыңызшы, Сәкен қайда жерленді?
– Деп сұрады Серебрякова кетерде...

Мінажат қып мерт болған сол досыма,
Гүл қояйын өз қолыммен басына...
дей берді де,
Сөзін үзді Галина —
Хатшы қарап қалған екен шошына.

Келе алмады кесімге,
бір шешімге,
(Осы бір сәт қалар мәңгі есінде).
Қалай жауап берсін аңғал сұраққа,
«Сейфуллиннің моласы жоқ» десін бе!

Сөздің беті бұрылғанда молаға,
Тығырыққа тірелді кеп сол аға:
Панасыз жан болса бәлкім
Болар-ау,
Айтыңдаршы, моласыз жан бола ма?

Өңменінен өтпес осы сөз кімнің?
«Тағдыр, мені қандай куйге кез қылды қылдың ?!»
...Жазығы жоқ жақсы адамның басына
Қасіреті түсіп тұрды Мезгілдің!

СӘКЕННІҢ СОҢҒЫ МОНОЛОГЫ
(Боралдай. 25 февраль 1989 жыл)

Қасиетті ел,
Киелі далам үшін
Қобалжыған көңілдің алаңы шын:
Әділетке жүгініп халқым, енді
Арашалап шындықты аламысың!?

Кенжелемей, кемелге толамысың,
Әдiлеттiң бесігі боламысың —
Бір ұлыңа бұйырмай құлыптас та,
Тірі ұлыңа орнатсаң қола мүсін!?

Қызғанбас ем.
Тіріңді күндемес ем,
Өшірер ем үнімді!
Үндемес ем!
Кешірер ем бар көрген қиянатты,
Тасырыңды тоңмойын тілдемес ем,

Мазаңды алып,
Бұзбас ем тынышыңды,
Сездірмес ем тарылған тынысымды —
Қимадың-ау
Сәкенім жатыр дейтін
Екі қадам тар бесік қуысыңды!

Қажет емес тағдырдың сыйы бөтен,
Топырағыңды,
туған жер,
сүйіп өтем, —
деген ұлға
Төр емес,
төрден гөрі
Көр бұйырмай қалғаны қиын екен!

Елін ессіз тілекпен қинамақ кім,
Келмес менің салтанат-сыйға батқым.
Мәрмар емес,
Қола емес,
Бас жағыма
Бұйырмады-ау бір тасы Иманақтың!

Бақыт тауып баянды мұраттардан
Күн кешсем де жетелеп жыраққа арман
Бұйырмады басыма бір уыс гүл
Маған арнап терілген қыраттардан!

Молам қайда,
бауырлар,
молам қайда?!
Қалғаным ба белгісіз Боралдайда?
Әділетсіз заманның құрбаны едім,
Әдiлетiм әлі де оралмай да?!

Төмпештеп ең аяусыз бір кісіні,
Әлпештедің қаяусыз бір кісіні.
Менің соңғы үйімнің ауласында
Менен басқа ұлыңның тұр мүсіні.

Қайран елім,
осы ғой болмысым де,
Біреулерге ақпаның болды шілде.
Мен мәпелеп өсірген жалғыз емен
Жапырағын төгеді сол мүсінге.

Бола бермес сөз мұңды, жыр қаралы,
Шындық жырын замана шырқар әлі.
Сол ұлыңның мойнында кетті емес пе
Менің шындық сөзімнің бір парағы?

Әкелмесін,
Қоймасын гүлін де ешкім,
Әдiлеттен бәрібір түңілмеспін.
Алма-ғайып заманда майып болған
Дауламасын ақынның құнын да ешкім.

Керегі жоқ өліге көп өкпенің,
Өкінішім,
өксігім бөлек менің.
Ұлық басым сыймаса туған жерге,
Құлыптасым несіне керек менің!

Кешкен жоқпын ғұмырын желөкпенің,
Сұлу жырды жарымдай өбектедім.
Кешіріңдер,
кешпеген қызықтарым,
Кешіріңдер,
сүймеген бөбектерім!

Сары белім,
Сарыарқам, сайрандаған
Самал лебін желпісін қайдан маған.
Қош бол,
менің жетпеген 50 жасым,
Кешір,
туған күндерім тойланбаған!

Мен емеспін ол үшін таңды қарғар,
Шошынбасын ақыннан қанқұмарлар.
Көңілінде елімнін қалсам болды —
Құлыптасым сол менің мәңгі мәрмәр!

Жүрсін Ерман

1990 жыл


«Қамшы» сілтейді

Пікірлер