Ұлыстың ұлы күніне орай Астанада қандай шаралар өтеді?

2241
Adyrna.kz Telegram

Наурыз мейрамына орай Астанада мәдени ойын-сауық бағдарламасы әзірленді. Дәстүр бойынша басты шаралар 21-22 наурызда қаланың ашық алаңдарында сағат таңғы 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін өтеді.

Биылғы шаралар халықтық серуен «ЭКСПО» көрмесі аумағында ұйымдастырылады. Мерекелік шаралар, сондай-ақ, «Қазақ елі» алаңында, Қалалық алаңда, «Студенттік» саябақта және қаланың тұрғын алаптарында да өтетін болады.

«21-22 наурызда «Астана ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесі аумағында киіз үйлер тігіліп, Этноауыл ашылады, жиналған қауымның назарына мерекелік концерт ұсынылады. Астана қаласы театрларының әртістері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері әрбір киіз үйдің жанында қазақ халқының салт-дәстүрлерін көрсетеді. Бұдан басқа, фуд-корт аймағы ұйымдастырылады. Онда палау, наурыз көже мен бауырсақ дайындауға арналған қазандар тұрады. Сауда орындарында шығыс аспаздығынан ыстық тағамдар сатылады. Сондай-ақ сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын сату-көрмесі ұйымдастырылады», – делінген хабарламада.

  • Этноауыл аймағында халық арасында қазақ күрес, арқан тартыс, гір көтеру, қой көтеру сияқты ұлттық ойындар ойнатылады.
  • Мұнымен қоса, Наурыз мейрамын мерекелеу аясында этноауыл аумағында ит жарысы, тазы мен төбеттер көрмесі өтеді.
  • Астананың мәдениет мекемелерінде де Наурыз мейрамына арналған шаралар ұйымдастырылады.
  • 21 наурызда Конгресс-орталықта қазақстандық «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел» мюзиклі көрсетіледі.

«Шараға жас таланттар, опера, балет, театры сынды сахна өнеріндегі жаңа тұлғалар тартылған. Мюзикл барысында симфониялық оркестр әлемдік классикалық музыка, қазақстандық композиторлардың белгілі композицияларын орындайтын болады», – делінген ведомствоның хабарламасында.

Осы күні «Астана» концерт залында «Ауылым – әнім» атты концерт өтсе, «Жастар» сарайының қонақтары 20 наурызда «Женщина-весна» концерттік бағдарламасын тамашалай алады.

Ал 16 наурызда «АЛЖИР» мұражайында Балалар үйінің, мамандандырылған интернаттардың тәрбиеленушілері үшін «Добро пожаловать, Наурыз!» атты мерекелік танымдық ойын-сауық бағдарламасы, «Мәңгілік ел» қақпасында елорданың жас суретшілері мен фотосуретшілердің көрмесі өтеді деп күтілуде. Ал тарихи-мәдени мұра нысандары мен ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі дирекция «Наурыз – бейбітшілік және достық мерекесі» атты шара өткізеді. Сәкен Сейфуллин музейінде 19-23 наурыз аралығында «Астанаға қош келдің – ӘзНаурыз» экспозициясы жұмыс істемек.

Cондай-ақ, мереке күндері Астананың барлық кітапханаларында кітап экспозициялары, ұлттық салт-дәстүрмен таныстыратын театрландырылған кештер, библиошоу, тақырыптық викториналар, этнографиялық көрмелер көпшілік назарына ұсынылады.


Пікірлер