"Хан тағындағы" қағба суреті уақытша алынып тасталды

2656
Adyrna.kz Telegram

Бұған дейін оқырман қауым "Адырна" ұлттық порталында “Хан тағындағы” діни дүмшелік немесе ескерткішке қағбаның қандай қатысы бар?" деп аталатын мақаланың жарық көргенін біледі (http://adyrna.kz/ma-alalar/temir-azy/han-ta-yinda-yi-dini-d-mshelik-nemese-eskertkishke-a-banyi-anday-atyisyi-bar/). Осы мақала негізінде "Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне және Ақмола облысы әкімдігіне ресми хаттар да жолдаған болатын. 

 "Ал “Хан тағына” қызыл X белісін қойып, ешқандай қисыны болмаса да қағбаның суретін қойып, көкпен қолдау √ белгісін орнатуларын қалай түсінеміз? Қазақтың ескерткіші керек емес, одан да Меккеге бар /табыну/ деген ойды мегзеп тұрғандай. Сирияда, Ирак, Ауғанстан тәрізді уаһабизмнің отанына айналған елдерде ең әуелі дәл осылай тарихи орындар мен жергілікті халықтың төл мәдениетін, дәстүрін жою арқылы сырт күштер діни идеологиялық жұмыстар жүргізгені белгілі. «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі өз жарғысында көрсетілгендей қазақтың ұлттық құндылықтарын, мәдени-рухани құндылықтарын насихаттау және қорғау мақсатында осы хатты жазып отыр" деп жазылған болатын ресми хаттарда.

Күні кеше Ақмола облысы әкімінің орынбасары А. Мысырәлімовадан жауап келді. Онда мәселені зерттеу мақсатында Ақмола облыстық және аудандық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдардың басшылары мен мамандары (Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» МКМ директорының м.а. және аталмыш мекеменің инспекторлары, Бурабай ауданы, Бурабай кенті әкімінің орынбасары, Щучье тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі, (Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының «Бурабай даму» ЖШС заңгері), квазимемсектор өкілдерінен құрылған жұмыс тобы 2018 жылғы 2 наурызда Бурабай ауданы, Бурабай кентіндегі «Абылай хан алаңы» сәулеттік-көркем кешеніне барғанын жазады.

 

Ақмола облысы әкімінің орынбасары А. Мысырәлімовадан келген ресми жауап хаттың негізгі мәтіні төмендегідей болып келеді: 

Ақпараттық тақтайшаны зерттеу барысында, «Абылай хан алаңы» сәулеттік-көркем кешенінің құжаттамасы мен техникалық қарау барысында келесі жағдай анықталды:

  1. «Абылай хан алаңы» сәулеттік-көркем кешенін тұрғызу барысында алғашқы тұжырымдамаға сәйкес, «Хан тағы» тасы аталмыш қала құрылысы ескерткішінің бірыңғай құрылымы болып саналмаған. Сондықтан, сіздің хатыңызда баяндалған ақпараттық тақтайшаны орнату кезінде автордың мемлекеттік органдармен келісуі жобада көрсетілмеген.
  2. «Абылай ханның тағы» тасы (халықтың деректемесі мен аңызына сәйкес шартты атауы) киелі объект болып саналады.
  3. Ақпараттық тақтайшаны қарау барысында, шын мәнінде «Абылай ханның тағы» объектіге жақын металмен қоршалған үш тілде жазылған тақтайша («Бұл құлшылық жасайтын, табынатын, тәуіп қылатын жер емес. Бұл жер қазақ халқының тарихи маңызды орны болып саналып, осы жерде Абылай хан Ресей, Қытай және басқа да елдің елшіліктерін қабылдаған. Бұл орында қазақтың ханы Абылай хан үш жүздің басын біріктірген.») сонымен қатар, осы жерде (Мекке қаласындағы мұсылман тасына арналған) қағбаның суреті бар.
  4. «Абылай хан алаңы» сәулеттік-көркем кешені мен «Хан тағы» киелі объектілер орналасқан жер ерекше қорғалатын табиғи орын, Қазақстан Республикасының Президент Істер басқармасының «Бурабай» МҰТП-республикалық ұйымының теңгерімінде (балансында) тұр.
  5. «Бурабай Даму» ЖШС заңгерінің айтуы бойынша, ақпараттық тақтайшадағы мәтіннің авторы кім екенін білмейді және белгісіз. Өйткені, объект орналасқан жер, яғни жер пайдаланушыға берілгенге дейін тақтайша орнатылған.
  6. Одан басқа, Қазақстан Республикасы Конститутциясының 20-бабына сәйкес, сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Қазақстан Республикасында азаматтарға дін таңдауда еркіндік берілген. Сондықтан, жоғарыда аталған ақпараттық тақтайшаны алып тастауды (конституциялық норманы бұзбай, ислам дініне заңды түрде қызмет жасайтын діндар адамдар мен (имамдардың) діни қызметшілердің сезіміне қысым жасамай) объективті тұрғыда жан-жақты ойластырып қарастырған жөн. «Қазақстан мұсылмандарының рухани басқармасы» РИДБ-нің бекітілген Жарғысы мен қолданыстағы заңнама негізінде, Қазақстан Республикасы аумағында исламның ерекшеліктерін ескере отырып, мұсылмандық діни суниттік бағытта (Әбу Ханифы мазхабы оқуына сәйкес) дұрыс және жүйелі түрде дәріс беру жолы қойылуда.
  7. Сондықтан, бірлескен шешім нәтижесі бойынша хаттама және техникалық қарау актісі жасалды) және «Бурабай Даму» ЖШС-ның мамандарымен ақпараттық тақтайша уақытша алынып тасталды және «діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Дін істері комитетіне хаттама және техникалық қарау акті жолданады.
  8. Аталмыш ақпараттық тақтайша Қазақстан Республикасында дәстүрлі, ресми танылған ислам бағытына, қазақ халқының тарихи-мәдени дәстүріне қайшы келсе орнатылмайды, оның орнына діни мазмұны жоқ киелі объекті туралы ақпарат жазылған жаңа ақпараттық тақтайша орнатылады.

Ескерткішке арнайы барған жұмыс тобы атаулы тақтайшаның шын мәнінде ілініп тұрғанын көзбен көрген. Қазіргі таңда ақпараттық тақтайша уақытша алынып тасталған екен. Сонымен бірге, «діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Дін істері комитетіне хаттама және техникалық қарау акті жолданыпты. Дін істері комитетінің сараптамасы негізінде ақпараттық тақтайша мазмұны Қазақстан Республикасында дәстүрлі, ресми танылған ислам бағытына, қазақ халқының тарихи-мәдени дәстүріне қайшы келсе, онда оның орнына діни мазмұны жоқ киелі объекті туралы ақпарат жазылған жаңа ақпараттық тақтайша орнатылмақшы. "Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігі Дін істері комитетінің сараптамалық жұмысын жіті бақылап, оның нәтижесін көпшілік қауымға жариялауға уәде етеді. Қоғамдық ұйым сараптамалық жұмыс нәтижесімен келіспеген жағдайда қайта шағымданатын болады. 


Арман ӘУБӘКІР,

"Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігің директоры 

 

 

 

Пікірлер