Шавкат Мирзеев: Абай өзбек халқы үшін де өшпес із, бай рухани мұра қалдырды.

2315
Adyrna.kz Telegram

Өзбек ғалымдары енді Абай мұрасын зерттеумен айналысады. Өзбекстанның екінші Президенті Шавкат Мирзиеев пәрмен беріп, Жарлық шығарыпты.

13-наурыз күні Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев Абай Құнанбайұлының мұрасын зерттеуге және халық арасында кеңінен насихаттауға байланысты құжатқа қол қойды. Құжаттың басты мақсаты - Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты дамыту және өзбек жастарын қазақ әдебиетімен таныстыру.

Өзбекстан Республикасы Президентінің 2018 жылдың 13-наурызы күнгі №ПЖ-3598 Жарлығының негізгі мазмұны мынадай:

Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының есімі әм оның шығармашылық бай мұрасы – гуманизм мен ізгіліктің ең жоғарғы идеалы. Ол тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл түркі жұртына, соның ішінде біздің өзбек халқы үшін де өшпес із, бай рухани мұра қалдырды.

Абай Құнанбайұлының бар өмірі мен шығармашылығы Отанға қалтқысыз адал қызмет етудің, оның ұлттық құндылықтарын сүюдің жарқын үлгісі.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыс бүгінгідей жаңа белеске шыққан уақытта, Абай Құнанбайұлы секілді тұлғалардың өшпес мұраларын насихаттау, зерттеу біз үшін маңызды болмақ.

Екі елдің арасындағы туыстық қарым-қатынасты нығайту және мәдени-гуманитарық байланысты арттыру, сондай-ақ, Өзбекстан қоғамын, әсіресе, жас буынды қазақ әдебиетімен жақын таныстыру мақсатында:

1.Мәдениет министрлігіне, Орта және жоғарғы әлеуметтік білім министрлігіне, Ұлттық білім министрлігіне, Сыртқы істер министрлігіне, Өзбекстанның баспа ісі және ақпарат агенттігіне, Өзбекстанның Жазушылар одағына, Ғылым академиясына, Діни басқармасына, Министрлер кабинеті жанындағы Халықаралық қатынастар комитетіне және азаматтық қоғам өкілдеріне - Абай Құнанбайұлының мұрасын зерттеу және халық арасында кеңінен насихаттау туралы қабылданған құжат негізінде жұмыс жасауға;

2.Құжат негізінде  Ұлы ақын, әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының мұрасын зерттеу және халық арасында кеңінен насихаттау ісі бойынша Ұйымдастыру комитетінің құрамын бекітуге;

3.Ұйымдастыру комитетіне 1 айдың ішінде тиісті шаралардың жоспарын әзірлеуге;

Оның ішінде:

-Абай Құнанбайұлының шығармалар жинағын баспаға әзірлеуге және жарыққа шығаруға, «Қазақ-өзбек әдеби байланысы» әдеби-сараптамалық мақалалар жинағын шығаруға;

-Ташкенттегі «Низами» атындағы  Мемлекеттік педагогикалық университетінде «Абай және өзбек әдебиеті» экспозициясын ұйымдастыруға;

-Жыл сайын ақынның туған күнінде, яғни 10-тамыз күні Ташкенттегі Абай ескерткіші алдында салтанатты іс-шара өткізуге;

-Жыл сайын Өзбекстан ЖОО студенттері арасында «Абай шығармаларының білгірі» атты конкурс өткізуге;

-Ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында БАҚ-та, соның ішінде гәзет-журналдар мен теле-радиоларда арнайы материалдар әзірлеп, жариялауға;

-Өзбекстанның Ұлттық телерадиокомпаниясына Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы деректі фильм әзірлеуге және насихаттауға;

-Жалпы білім беру мекемелерінде, мамандандырылған білім ошақтарында, мектептер мен ЖОО-да, әскери бөлімшелерде, еңбек коллективтерінде т.б. қаламгерлермен кездесулер өткізіп, Абай мұрасы жөнінде кеңінен насихат жүргізуге;

4.Өзбекстанның Ұлттық ақпарат агенттігіне, Өзбекстанның Ұлттық телерадиокомпаниясына, «Жахон» ақпараттық агенттігіне және өзге де бұқаралық ақпарат құралдарына осы Жарлықты негізге ала отырып ауқымды жұмыстар жүргізуге;

5.Аталған Жарлықтың орындалуын қадағалауды Өзбекстан Республикасы Премьер-министрі А.Ариповке және Өзбекстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік кеңесшісі Х.Сұлтановқа тапсырамын!


Abai.kz

Пікірлер