"Анасы терезеден лақтырған..." Павлодарда нәресте қайтыс болды

1982
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pSoqDXy8xIbfhdUWDi8KqrVHoJ3Y36ikTh2bGnf5.jpg

Павлодарда анасы терезеден лақтырып жіберген бір жарым жастағы бала 1 тамыз күні кешке ауруханада көз жұмды. Бұл ақпаратты Павлодар облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сауле Шакенова Instagram парақшасында растады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

"Өкінішке қарай, дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасағанымен, баланың жүрегі тоқтап қалды", – деп жазды уәкіл.

Павлодар облыстық балалар ауруханасы да ақпаратты жоққа шығармады. Мамандар екі күн бойы сәбидің өмірі үшін күрескен. Аурухана мәліметінше, 2024 жылы туған баланың жағдайы өте ауыр әрі тұрақсыз болған. 1 тамыз күні сағат 20:10-да жүрегі тоқтап, сағат 20:40-та өлім тіркелген.

Бұған дейін баланың клиникалық өлім жағдайында ауруханаға жеткізілгені хабарланған еді. Дәрігерлер жүрек соғысын қайта қалпына келтіргенімен, ішкі қан кетудің салдарынан оның сол жақ бүйрегін алып тастауға тура келген. Отадан кейін де жүрегі тағы да тоқтап, дәрігерлер қайта тірілткен еді.

Полиция дерегінше, оқиға 30 шілде күні болған. Алдын ала деректер бойынша, 34 жастағы әйел екі баласын бесінші қабаттың терезесінен лақтырып, артынан өзі де секіріп кеткен. Полиция департаментінің мәліметінше, зардап шеккендер подъездің қалқалағышына құлаған. Әйелдің психикалық денсаулығына байланысты арнайы медициналық мекемеде есепте тұрғаны анықталған.

Жеті жастағы екінші бала аман қалып, қазір оңалып келеді. 31 шілде күні ол травматология бөліміне ауыстырылған.

Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Комментарии