19 тамыз күні шамамен сағат 16:00-де Абай облысы Үржар ауданының Бестерек ауылында көлік қаққаннан үш бала қаза тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Алдын ала мәлімет бойынша, 55 жастағы көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үйдің қақпасының алдында, жолдан 10 метр қашықтықта тұрған балаларды қағып кеткен.
Оқиға салдарынан екі бала оқиға орнында қаза тапты, тағы бірі медициналық мекемеге барар жолда көз жұмды. Үш бала түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Абай облысының денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, олардың жағдайы ауыр, барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен зардап шеккен балаларға көмек көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік ұшағы құрамында реаниматолог, нейрохирург және травматолог бар медициналық бригадамен бірге Үржар ауданына ұшып келді.
Абай облысының әкімі Берік Уәлидің тапсырмасымен қаза болған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыруда барлық қажетті қолдау, сондай-ақ психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі.
Полиция мәліметінше, жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Медициналық сараптама оның апат кезінде мас болмағанын көрсетті. Қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтауға бағытталған барлық тергеу шаралары жүргізілуде.