Астанасы – Орынбор. Қазақстан Қазақ АССР болып құрылған күн

2239
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UuKmpDNpXLbIt5wiuSsLY4Hg1TNXWYKZC2GBld9G.jpg

Осыдан тура  105 жыл бұрын, яғни 1920 жылы 26 тамызда, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті (БРОАК) мен РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі (ХКК) Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын (Қазақ АКСР) құру туралы Декрет қабылдады.

Бұл Декретке сәйкес, жаңадан құрылған Қазақ автономиясының астанасы ретінде Орынбор қаласы бекітілді, ал Сейітқали Меңдешев Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің алғашқы төрағасы болып тағайындалды.

БРОАК-тың 1920 жылғы 22 қыркүйектегі қосымша Декретімен Орынбор қаласы мен губерниясы Қазақ АКСР құрамына енгізілді. 1920–1925 жылдар аралығында Орынбор республика астанасы қызметін атқарды.

1925 жылы Қазақ АКСР аумағына Түркістан АКСР-нің құрамында болған Сырдария мен Жетісу облыстары, сондай-ақ Қарақалпақ автономиялық облысы қосылды. Осыған байланысты астананы географиялық тұрғыдан қазақ халқының орталығына көшіру мәселесі көтерілді.

Қазақ Орталық Атқару Комитетінің 1924 жылғы сессиясында астананы Ташкентке немесе Шымкентке көшіру ұсынылды. Алайда, Мәскеудің шешімімен ел астанасы ретінде Ақмешіт таңдалды. 1925 жылғы 9 ақпанда Орталық Атқару Комитеті астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы қаулы шығарды.

Сол жылдың сәуірінде өткен Кеңестердің V съезінде «Киргиз АКСР» атауы «Қазақ АКСР» болып өзгертіліп, «киргиз» деген бұрмаланған этноним «қазақ» деп түзетілді. Сонымен қатар, Ақмешіт қаласының атауы Қызылорда болып өзгертілді.

1925 жылдың көктемі мен жазында мемлекеттік басқару органдары жаңа астанаға көшірілді. Осы сәттен бастап Қызылорда республиканың саяси, экономикалық және мәдени орталығы ретінде қалыптаса бастады. Бұл үрдіске Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Жалау Мыңбаев, Нығмет Нұрмақов, Мұхамеджан Тынышпаев секілді бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлері белсене араласты.

Дегенмен, Қызылорданың табиғи-климаттық және экономикалық жағдайының күрделілігіне байланысты 1927 жылы ел астанасын Алматыға көшіру жөнінде шешім қабылданды. Бұл ұсынысты Филипп Голощекин бастаған БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті ұсынды. 1927 жылғы 3 наурызда Қазақ АКСР ОАК мен ХКК арнайы қаулы қабылдап, ол кейін VI съезде бекітілді. РКФСР тарапынан 30 мамырда мақұлданған бұл шешім Қазақстан астанасының Жетісуға ауысуына жол ашты.

Алматыға көшуге Түркістан-Сібір темір жолының іске қосылуы да әсер етті. Табиғи ерекшеліктері мен географиялық тиімді орналасуы арқасында Алматы аз уақыт ішінде миллион тұрғыны бар ірі саяси, мәдени, экономикалық орталыққа айналды. 1997 жылға дейін Алматы Қазақстан Республикасының астанасы болды.

Комментарии