Корей тілінен аударудың ерекшеліктері мен қиындықтары

1252
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/cQsLeGLtT8zMwDawdE3GuGhQPagxxE611OP5WAmG.jpg

Корей тілінен аударумен айналысқанда ең алдымен сезінетін нәрсе – бұл тілдің қазақ тіліне де, орыс тіліне де ұқсамайтын мүлде бөлек жүйесі бар екені. Сөйлемнің құрылымынан бастап, әр сөздің мағынасына дейін бізге таныс емес логикаға бағынады. Мысалы, қарапайым бір етістіктің өзі бірнеше деңгейде өзгереді: “가다” – жай ғана “бару”, ал егер үлкенге немесе сыйлы адамға айтылса “가십니다” болып өзгереді. Қазақшаға аударғанда біз мұндай айырмашылықты көрсете алмаймыз, себебі тілімізде құрмет категориялары грамматикада емес, сөз таңдауда, сыпайылықта көрінеді. Сол себепті мәтінді аударарда “сөзбе-сөз бе, әлде мән-мағынасын сақтап қана жеткізейін бе?” деген сұрақ үнемі туындайды. Сөз тәртібі де үнемі қиындық тудырады. Корей тілінде баяндауыш әрқашан соңында тұрады. Бізде де сөйлем соңына жиі қойылады, бірақ корейде толықтауыштар ұзақ-ұзақ тізіліп келіп, ең соңында ғана іс-әрекет айтылады. Мысалы: “저는 어제 도서관에서 한국어 책을 읽었습니다.” – “Мен кеше кітапханада корей тіліндегі кітап оқыдым.” Қазақшаға аударғанда бәрі қалыпты көрінгенімен, күрделі сөйлемдерде тіпті бір абзац бойы соңғы етістікті күтесің. Бұл оқырманға да, аудармашыға да шыдамды болуды талап етеді.

Ең ауыр сәт – мәдениетке тән ұғымдарды жеткізу. Мысалы, “정” деген сөз бар. Тура баламасы жоқ. Бірде “мейірім”, бірде “жақындық”, кейде тіпті “адамдар арасындағы жылылық” болып шығады. Бірақ оның тереңінде тек корейлер сезінетін ерекше байланыс жатыр. Сол сияқты “한” деген сөз – мұң, шер, өкініш, ашу, бәрі араласқан сезім. Қазақшаға бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осындайда аудармашы тек сөзді емес, бүтін мәдениетті түсіндіріп беруі керек болады. Кейде мақал-мәтелдермен немесе идиомалармен жұмыс істеу одан да қиын. Мәселен, “개구리 올챙이 적 생각 못한다” – тура аударсаң “Бақа кезінде шөрелекті болғанын ойламайды”. Қазақ оқырманына бұл түсініксіз. Сондықтан оны “Адам өткенін ұмытады” деп баламалап бересің. Бірақ осы сәтте өз-өзіңе сұрақ қоясың: мен жазушының ойына адал болдым ба, әлде өз мәдениетіме бейімдеп жібердім бе?

Әдеби аудармада бұл мәселелер одан да күрделенеді. Корей жазушылары ойды қысқа сөйлемдермен, үзік ырғақпен береді. Ал қазақ тілінде ойды толық жеткізуге бейімбіз. Егер сөзбе-сөз аударсаң, мәтін тым құрғақ шығады. Ал стильді сақтаймын десең, сөйлемдерді өңдеп, кейде өз тіліңнің мүмкіндігін пайдаланып жазасың. Мысалы, “그녀는 바람처럼 속삭였다” деген сөйлемді тура аударсақ “Ол желдей сыбырлады”. Бірақ қазақ оқырманына әсерлі ету үшін “Ол сыбыр еткенде, жел жапырақ арасынан сыбырлай өткен сияқты болды” деп жазуға тура келеді. Мұнда түпнұсқа мен баламаның арасындағы нәзік шекара тағы да көрінеді.

Корей тілінен аударма жасау – сөздерді алмастыру емес, екі дүниенің арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Бір жағында – автордың ойы, екінші жағында – жаңа тілдегі оқырман. Сол екі арада жүргенде, кейде өзімді көпірдің үстінде тұрғандай сезінемін: бір қадам артық жасасаң – түпнұсқадан алыстайсың, бір қадам кем болса – оқырманға түсініксіз қалады. Нағыз қиындық та, нағыз қызық та осында.

Комментарии