Абайдың “Қара сөздері” алғаш рет ортақ түркі әліпбиінде жарық көрді. Бастама – түркі халықтарының мәдени және рухани байланысын тереңдетуге бағытталған тарихи жоба болды. Бұл туралы Түркі академиясының сарапшысы Дінмұхамед Әметбек “Адырна” ұлттық порталына берген сұхбатында айтып берді.
– Дінмұхамед мырза, Абайдың “Қара сөздерін” ортақ түркі әліпбиінде басып шығару идеясы қалай пайда болды?
– Абай ХІХ ғасырда түркі өркениеті құлдырап, түркі халықтары еуропалық империялардың отарына айнала бастаған күрделі кезеңде өмір сүрді. Сол қиын уақытта ол халқының рухани және мәдени күйін терең түсініп, ұлтты оятудың, өркениетті елдер қатарына қосудың жолдарын көрсетті. Сондықтан Абай – тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі әлемінің ортақ тұлғасы, ортақ ойшылы.
Шынын айтқанда, біз қазір де сол ХІХ ғасырдағы жағдайдан түбегейлі алыстап кеткен жоқпыз. Ғылым мен технология саласында әлі де дамыған елдерден артта қалып келеміз. Осы тұрғыдан алғанда, Абайдың “Қара сөздерінде” көтерілген идеялар мен даналық ойлар бүгін де өзектілігін жойған жоқ.
Сол себепті ортақ түркі әліпбиінде жарық көретін алғашқы еңбек ретінде Абайдың “Қара сөздерін” таңдадық. Бұл бастама – түркі халықтарының рухани байланысын нығайтып, ортақ мәдени кеңістікті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.
– Бұл жобаның мақсаты мен маңызы неде? Неліктен дәл Абай шығармасы алғаш болып осы әліпбиде жарық көрді?
– Түркі мемлекеттері ресми түрде тағайындаған мамандардан құралған комиссия 1991 жылы ұсынылған латын жазуы негізіндегі ортақ әліпи жобасын қайта қарап шыққан болатын. Былтыр қыркүйекте Бакуде 34 әріптен құралған ортақ түркі әліпбиі бекітілген. Сол ортақ түркі әліпбиін тәжірибе жүзінде сынап көру және оның мүмкіндіктерін көрсету – жобаның басты мақсаты.
Бір жағынан, бұл – жаңа әліпбиді қазақ тілінде қолданып көру арқылы оның қолайлылығын, дыбыстық жүйемізге сәйкестігін анықтау. Екінші жағынан, латын графикасына негізделген қазақша мәтінді басқа түркі халықтарының қаншалықты түсіне алатынын байқау. Яғни, ортақ әліпби түркі дүниесінің өзара тілдік және мәдени түсіністігін арттыра ала ма – соны тексеру.
Дәл Абай шығармаларының, соның ішінде «Қара сөздердің» таңдалу себебі де кездейсоқ емес. Бұл туындының тілі – бір жағынан, ежелгі шағатай тілінің (бір кездері күллі Түркістан өңірінде кең қолданылған әдеби тілдің) ықпалын сақтаған, екінші жағынан, қазіргі қазақ тіліне өте жақын. Сондықтан “Қара сөздерде” бүгінгі қазақ тілінде сирек кездесетін, бірақ өзге түркі тілдерінде әлі де қолданыста бар араб және парсы тектес сөздер жиі ұшырасады.
Осы ерекшеліктерін ескергенде Абайдың «Қара сөздері» – ортақ түркі кеңістігіне түсінікті, әрі мағыналық жағынан барша түркі жұртына жақын шығарма. Сол себепті оны ортақ түркі әліпбиінде жарық көретін алғашқы еңбек ретінде таңдау – тарихи әрі символдық мәнге ие шешім.
– Басылымды дайындау және шығару жұмыстары қалай ұйымдастырылды?
– Басылымды дайындау барысында ең басты міндет – кирилл әліпбиіндегі қазақ мәтінін ортақ түркі латын әліпбиіне сауатты әрі жүйелі түрде көшіру болды. Бұл үдерісте тілдің табиғи заңдылықтарын сақтау, яғни қазақ тілінің төл фонетикалық жүйесін мүмкіндігінше қалпына келтіру негізгі қағида ретінде алынды.
Кирилден латынға көшу кезінде ең үлкен қиындық “и” және “у” әріптеріне қатысты туындады. Себебі кирилл әліпбиіндегі қазақ тілінің бұл екі әрпі – шын мәнінде, екі дыбыстың қосындысы. Бұл ерекшелік орыс тілінің орфографиялық қағидаларына сүйеніп жасалған бұрынғы реформаның салдары еді. Яғни, қазақ тілінің емес, орыс тілінің дыбыстық заңдылықтары басшылыққа алынғандықтан, “и” мен “у” әріптері қазақ тілінің табиғи жүйесіне сәйкес келмей қалды.
Мысалы, “қиын” және “киім” сөздері қазіргі кирилл жазуында бірдей “и” әрпімен беріледі. Ал қазақ тілінің үндестік заңына сай, “қиын” сөзі жуан дауыстылармен, ал “киім” жіңішке дауыстылармен жазылуы тиіс. Себебі қазақ тілінде бір сөздің ішінде жуан және жіңішке буындардың аралас келуі заңға қайшы.
Егер бұл сөздерді “әріпке әріп” принципімен латынға көшірсек, олар “qiın” және “kiim” түрінде жазылады. Алайда мұндай жазу қазақ тілінің табиғи дыбыстық жүйесін бұзады, өйткені төл тілімізде екі дауысты дыбыс қатар келмеуі керек. Сол себепті жаңа ортақ түркі әліпбиінде біз бұл заңдылықты ескеріп, сөздерді “qıyın” және “kiyim” түрінде жаздық. Бұл нұсқада әр дыбыс өз табиғи рөлін сақтап, тілдің үндестік заңына сай келеді.
Дәл осындай қиындық “у” әрпіне де қатысты. Кирилл жазуында “у” кейде дауысты, кейде дауыссыз қызметін атқарып, жазуда тұрақсыздық туғызады. Ал жаңа ортақ әліпби жүйесінде біз оның нақты фонетикалық мәнін айқындап, әр контексте дұрыс таңбалануына назар аудардық.
Осылайша, бұл жоба тек графиканы ауыстыру емес, қазақ тілінің ішкі заңдылықтарын сақтай отырып, оны түркі тілдерімен табиғи үйлесімде дамытуға бағытталған тілдік тәжірибе болды.
– Шығарма ортақ әліпбиге бейімделгенде мәтіннің мазмұны мен тіліне қандай да бір өзгерістер енгізілді ме?
– Жоқ, енгізілмеді. Мәтіннің мазмұны мен тілі сол күйі қалды. Өйткені біздің негізгі мақсатымыз – Абайдың "Қара сөздерін" түпнұсқа ретінде түркі әлеміне жеткізу болатын.
– Бұл басылымның таралымы қандай? Түркі елдеріне жеткізілуі, таралуы қалай ұйымдастырылады?
– Кітапты әзірге тек үлгі ретінде, тәжірибе ретінде шығардық. Шығарманы Түркі Академиясының кітапханасы сайтынан оқуға болады. Қазіргі дамыған заманда кітаптың оңай таралуы үшін осылай болғаны жөн деп шештік.
– Жоба түркі халықтарына Абайды жақынырақ тануға қалай көмектеседі деп ойлайсыз?
– Әрине, қай жазушыны немесе ақынды болсын, ең алдымен оның шығармаларын өзінің ана тілінде оқу арқылы терең түсінуге болады. Бұл тұрғыдан алғанда, ортақ түркі әліпбиімен жарық көрген Абайдың “Қара сөздері” түркі халықтарына ұлы ойшылдың мұрасын ана тіліне барынша жақын нұсқада тануға мүмкіндік береді.
Бүгінде Абай шығармалары көптеген тілге аударылғанымен, аударма барысында кейбір ұғымдар мен ой тереңдігі дәл берілмей қалуы мүмкін. Себебі әр тілдің өзіндік мәдени астары мен бейнелеу тәсілі бар. Ал түпнұсқада оқу – сол ойдың табиғи мәнін, Абайдың сөз саптасын, ұғымдық тереңдігін нақты сезінуге жол ашады.
– Болашақта Абайдың басқа шығармаларын немесе басқа қазақ классиктерін де ортақ түркі әліпбиінде шығару жоспарда бар ма?
– Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Түркі академиясы ретінде біз ортақ түркі әліпбиін тәжірибелік тұрғыда қолданысқа енгізу және оны ғылыми, мәдени кеңістікте нығайту ісін жүйелі түрде жалғастырып келеміз.
Өздеріңіз білесіздер, Абайдың “Қара сөздерінен” кейін Академия Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» повесін қырғыз тілінде алғаш рет ортақ түркі латын әліпбиімен жарыққа шығарды. Осы арқылы біз екі туыс халық – қазақ пен қырғыздың әдеби мұрасын бір графикалық кеңістікте көрсетуге талпындық. Бұл тәжірибе ортақ әліпбидің мүмкіндігін нақты мысал арқылы сынап көруге мүмкіндік берді.
– Абай мұрасы бүгінгі түркі әлемінің рухани бірлігі мен ынтымағына қандай үлес қоса алады?
– Егер түркі әлемін ортақ құндылықтар мен рухани сабақтастық кеңістігі деп сипаттайтын болсақ, онда бұл кеңістікте Абайдың алар орны айрықша. Абайдың шығармашылығы – тек өткеннің көрінісі емес, болашаққа бағытталған рухани бағдар. Оның ой-толғамдары түркі халықтарының дамуына, өзін-өзі тануына және рухани жаңғыруына жол сілтейді.
Әсіресе, “Қара сөздер” – адамгершілік, әділет, білім, еңбек, рух тазалығы сияқты мәңгілік құндылықтарды дәріптейтін туынды. Бұл құндылықтар тек қазақ халқына ғана емес, барша түркі жұртына ортақ. Бір кездері ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігінде өркениет орнатқан, алайда соңғы бірнеше ғасырда дамыған елдерден қалып қойған түркі халықтары үшін Абайдың ойлары жаңа серпіліс пен өзін-өзі жаңғыртудың кілті бола алады.
Сондықтан Абай мұрасы – түркі әлемінің рухани бірлігін нығайтып, өзара түсіністік пен ынтымақты тереңдете түсетін ортақ рухани көпір. Оның ілімі бізге өткенді ұмытпай, болашаққа нық қадам басу үшін қажет бағдаршам іспетті.
– Сіз үшін бұл жоба нені білдіреді? Жеке өзіңіз Абай мұрасының түркі әлеміне ортақ құндылық екенін қалай түсінесіз?
– Мен үшін бұл жоба – тек тілдік немесе баспа тәжірибесі емес, рухани және өркениеттік тұрғыдан мәні терең бастама. Өйткені Абай мұрасы – тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі дүниесінің ортақ рухани байлығы.
Абай өмір сүрген кезең қазақ даласының отарлану дәуірі, халықтың тарихи тағдыры күрт өзгеріп, рухани дағдарысқа ұшыраған уақыт еді. Дәл сол кезде қазақ қоғамы бұрынғы үстем, тәуелсіз қалпынан айырылып, сыртқы ықпалға тәуелді бола бастағанын Абай терең сезінді. Ол халқының артта қалуының себебін іздеп, білім мен өнерге, еңбек пен әділетке үндеді. Басқаша айтқанда, Абай өз заманының «ауруын» дәл танып, оған рухани ем ұсынды.
Бүгінгі күні де жағдайдың сол кездегімен белгілі бір ұқсастығы бар. Қазіргі заманда, мейлі Қазақстан болсын, мейлі басқа түркі елдері болсын, барлығы да жаһандану үдерісінің бел ортасында тұр. Әлеммен байланысымыз, мәдени және экономикалық интеграциямыз арта түсті. Бұл өз кезегінде ұлттық болмыс пен рухани түп-тамырымызға үлкен ықпал етуде. Осындай жағдайда Абайдың ілімі – біздің кім екенімізді ұмытпай, жаңа дәуірде өз орнымызды айқындауға көмектесетін рухани бағдар.
Егер біз Абайдың даналығын терең түсініп, оны тек қазақ тұрғысынан емес, түркі өркениетінің ортақ қазынасы ретінде қабылдай алсақ, онда ХХІ ғасырда әрі өркениет көшінен қалмай, әрі өз ұлттық болмысымызды сақтап қала аламыз. Сондықтан мен Абайды – түркі әлемінің ортақ ұстазы, ал оның ілімін ортақ рухани код деп есептеймін.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!