Қырғызстаннан кейін. Қазақстан да Биволға іздеу жариялады

1111
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/XXEEYXu28zeIo1vO95ADF20QPp2tyHYC94lW4PpH.jpg

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі (ІІМ) боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы Екатерина Биволға іздеу жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында ІІМ өкілдері Екатерина Биволдың бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу түрі таңдалғанын мәлімдеді.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», – деп хабарлады министрлік.

Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Екатерина Бивол әлеуметтік желілерде түрлі ұлт өкілдеріне тіл тигізетін бейнежазба жариялаған еді. Өткен аптада Қырғызстанда оның қамауға алу туралы ордері шығарылған болатын.

Бұған дейін ол бұрынғы күйеуінің отбасына қатысты да жағымсыз пікір айтқан, атап айтқанда, Дмитрий Биволдың анасын балағаттаған.

Дмитрий Бивол — ресейлік кәсіпқой боксшы, жартылай ауыр салмақтағы WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы. Ол Екатеринамен 2007 жылдан бірге болып, 2014 жылы үйленген. Олардың ортақ ұлдары бар. Ерлі-зайыптылар 16 жылдық қатынастан кейін 2023 жылдың маусымында ажырасқан. Алайда жанжал өршіп, әлеуметтік желілерде өзара айыптаулар, сот процестері мен дауларға ұласқан. Екатерина бұрынғы жұбайын зорлық-зомбылық, опасыздық және қаржылық алаяқтық жасады деп айыптаса, Дмитрий оның мінез-құлқын адамгершілікке жат деп сипаттаған.

Комментарии