Депутат азаматтардың табысын қорғау үшін әлеуметтік шот ашуды ұсынды

536
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/kA8ANpC2NReWpKbvIFu8A88fNOZmmSDfaFsgkshf.jpg

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасының бірінші оқылымында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Депутаттың айтуынша, бүгінгі күні елімізде шамамен 38 миллионнан астам банктік шот бұғатталып отыр.

«Мен азаматтардың ең төменгі табысын қорғау және өндіріп алушылар мен борышкерлер құқықтарының теңгерімді сақталуын қамтамасыз ету мақсатында заң жобасына қорғалған әлеуметтік шот немесе арнайы банктік шот ашу туралы ұсыныс бердім. Мұндай шотқа айына 300 мың теңгеге дейінгі сомадағы түсімдерге өндіріп алу шаралары қолданылмайды. Сіз азаматтарға айына 300 мың теңгеге дейінгі сомада өндіріп алудан қорғалатын әлеуметтік шот енгізу бастамасына қалай қарайсыз және шоты бұғатталған азаматтар үшін сіздің агенттік қандай тәсілдер қарастыруда?»—деді ол.

Өз жауабында Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің  төрайымы өткен жылы осы заң қабылданған кезде табысы төмен азаматтарды қорғауға бағытталған нормалар кеңейтілгенін айтты. Атап айтқанда, қаржы ұйымдарына бірқатар әлеуметтік төлемдерді өндіріп алуға тыйым салынған.

«Блокталған шоттар бойынша сіз келтірген деректерге қатысты біз мүмкін болатын шараларды қарастыруға дайынбыз. Әлеуметтік осал азаматтармен жұмыс істеу кезінде банктер әрбір шот бойынша жеке тәсіл қолданады. Біздің негізгі мақсатымыз — оларға жан-жақты көмек көрсету. Сондай-ақ қабылдауға болатын қосымша шараларды да қарастыруға дайынбыз», — деді агенттік төрайымы.

Сонымен қатар қаржы реттеушісінің басшысы бұл мәселені заң жобасын әрі қарай пысықтау барысында қарастыруға уәде берді.

 

 

 

Комментарии