Ош қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы көше, ескерткіш және музейдің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Асқаралы Мадаминов, Ош қаласының мэрі Жеңісбек Тоқторбаев, дипломатиялық корпус пен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ашылу салтанатында министр Аида Балаева бұл бастаманың екі ел арасындағы рухани байланыстарды нығайтудағы ерекше маңызын атап өтті.
"Биыл тамыз айында Бішкекте Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған композициялық ескерткіш ашылған еді. Сол дәстүрді бүгін Ош жерінде Абайдың есімімен жалғастырып отырмыз. Бұл — тек мәдени нысандар ғана емес, екі елдің бауырластығын, рухани сабақтастығын көрсететін мәңгілік белгі", — деді министр.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жарлығымен Ош қаласының мэріне Қазақстан Республикасының II дәрежелі «Достық» ордені табысталды.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан мен Қырғызстанның мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы айтарлықтай дамып келеді. Бірлескен көрмелер, театр гастрольдері, әдеби және жастар форумдары, ғылыми конференциялар тұрақты түрде өткізіліп, мәдениет мекемелерінің әріптестігі күшейген.


