Белгілі күйші Нұрымбай Сүлейменұлы өмірден өтті

390
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ekV9LASXxztEnvdBBKFaYd7uU4WnEkVogiEDEPok.webp

Белгілі күйші, композитор Нұрымбай Сүлейменұлы дүниеден өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Күйші Нұрымбай Сүлейменұлы 1956 жылдың қараша айында Қытай халық республикасының Іле аймағына қарасты Текес ауданы, Қарадала ауылында дүниеге келген. 

Жасынан-ақ аймаққа танымал Мұқаметжан, Жабықай, Шамғұын секілді әйгілі күйшілерден бата алған Нұрымбай Сүлейменұлы жасөспірім шағында халық күйлерін нақышына келтіре орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Алайда 1972 жылы әкесінің өмірден озуы күйшіге ауыр соққы болып тиіп, осы қасірет кейін оның әйгілі «Қайран әке» күйінің дүниеге келуіне себеп болды. Бұл туынды Нұрымбай Сүлейменұлын кеңінен танытқан.

Өмір жолында ол 60-тан астам күй мен 20-ға жуық ән шығарған. Олардың қатарында «Қарт толғауы», «Дала сыры», «Ыстық ұя», «Атамекен», «Қос ағама», «Таңжарыққа арнау», «Шашау», «Текес толқыны», «Бейжіңгер», «Қаражоным», «Гүл үздім саған арнап», «Ілем менің» секілді танымал шығармалар бар.

Музыкант Құрманжан Зікірияұлының айтуынша, Нұрымбай Сүлейменұлы шертпе күй дәстүрін ұстанған, шығармашылық өрісі кең, кесек туындылар жазған күйші. Оның күйлері мазмұн тереңдігімен, әуендік күш-қуатымен және табиғат пен қоғамдық өмір құбылыстарын домбыра тілімен шебер бейнелеуімен ерекшеленеді.

2006 жылы Нұрымбай Сүлейменұлы Шыңжаң Халық үкіметі тарапынан «Халық композиторы» құрметті атағына ие болды. Ал 2004 жылы орталық «Ұлттар» баспасынан күйтабақ қоса берілген «Қайран әке» атты ән-күй жинағы жарық көрген.

Комментарии