Қазақстанның оңтүстігінде теміржол бағытында ірі кептеліс қалыптасты. Өзбекстанға бет алған 11 мыңнан астам жүк вагондары қозғалыссыз тұр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Олардың басым бөлігі астық тасымалдайды. Кейбір пойыздардың кідірісі 5–6 тәулікке дейін жеткен.
Қозғалыс қиындаған негізгі аумақтар – Шеңгелді станциясы мен Жылға және Дарбаза бекеттері.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, пойыздардың уақытылы қабылданбауы салдарынан кесте бұзылған. Бұл мәселеге Өзбекстан тарапының Сарыағаш станциясына келетін пойыздарды кеш қабылдауы себеп болған.
Дарбаза станциясының бастығы Ғабит Сүйіновтің айтуынша, қабылдау мүмкіндігінің болмауына байланысты жүк пойыздары уақытша осы бекетке жіберіледі. Қазір вагондар күзетпен қамтамасыз етіліп, транзиттік жүктің қозғалыс мерзімінің өтіп кету қаупі туындап отыр.
Ал «ҚТЖ-Жүк тасымалы» Шымкент бөлімшесінің директоры Нұрдәулет Байғазиев Өзбекстан теміржолына пойыздарды қабылдау және өңдеу жұмыстарын жеделдету мақсатында техникалық көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
Кептелісті азайту үшін Сарыағаш станциясында вагондар тәулік бойы қабылданып жатыр. Алайда мамандар мәселені түбегейлі шешу үшін кешенді шаралар қажет екенін атап өтті.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасымен Дарбаза–Мақтарал теміржол желісінің құрылысы жүргізілуде. Жоба аясында бес жаңа станция ашылып, бұл Сарыағаш бағытының жүктемесін 40 пайызға төмендетіп, кептеліс мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді деп жоспарланған.
Год рабочих профессий: дан старт трансформации технического и профессионального образования в Казахстане