Салықтық айырмашылық. Қазақстандық бизнес Қырғызстанға бет бұруда

190
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/C3Vy2gC8WodB7LSVo8z4LhdsyjcJpkCgETh0NHZ3.jpg

Соңғы уақытта қазақстандық кәсіпкерлердің бір бөлігі Қырғызстанда заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлікті тіркей бастағаны байқалады. Бизнес өкілдері бұл үрдісті көрші елдегі салық салу шарттарының анағұрлым тиімді болуымен байланыстырып отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Kursiv.kz сайтына сілтеп.

Салық сарапшысы Максим Барышев жуырда берген сұхбатында Қазақстаннан бизнестің Қырғызстан мен Өзбекстанға көшу қаупіне назар аударды. Оның айтуынша, бұған аталған елдердегі либералды салық заңнамасы ықпал етіп отыр.

Сарапшының дерегінше, Қырғызстанда жеке кәсіпкерлер үшін айналым салығы 1% ғана болса, қосылған құн салығы 12% деңгейінде сақталған. Сонымен қатар қазақстандық компаниялар Қырғызстандағы кәсіпкерлер көрсеткен қызметтерді салықтық шегерімге енгізе алады. Ал Қазақстанда «жеңілдетілген салық режимімен» жұмыс істейтін бизнес субъектілерімен өзара есеп айырысуға қатысты талаптар қатаңдатылған.

«Қырғызстан мен Өзбекстан өкілдерімен өткен жабық кездесуде олар Қазақстанда енгізіліп жатқан Салық кодексін “өте тиімді” деп бағалады. Олардың айтуынша, соңғы айларда тәуелсіздік алғаннан бері болмаған деңгейде шетелдік инвесторлар ағыны байқалып отыр», - деді Максим Барышев.

Бұл мәселеге Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов те назар аударды. Ол әлеуметтік желілерде Қырғызстанда ТМД елдері азаматтарына жеке кәсіпкер тіркеуді ұсынатын жарнамалар жиі кездесе бастағанын жазды. Депутаттың пікірінше, мұндай үрдіс Қазақстаннан бизнестің кетуі есебінен көрші елде жаңа компаниялардың көбеюіне алып келуі мүмкін.

Сонымен қатар Threads әлеуметтік желісінде бірнеше қазақстандық кәсіпкер Қырғызстанда заңды тұлға ашу тәжірибесімен бөлісті. Кейбірі бұл қадамды салықтық жүктеменің төмендігімен және әкімшілік рәсімдердің жеңілдігімен түсіндірген.

Алайда қоғамдағы пікірлер біржақты емес. Бірқатар қолданушылар бизнесті Қырғызстанға көшіру жолдарын сұраса, енді біреулері мұндай тәжірибені сынға алды. Сын айтушылардың пікірінше, Қазақстаннан кетіп жатқан бизнестің бір бөлігі карго-импортпен айналысып, тауарларды қайта сату арқылы табыс тапқан кәсіпкерлер болуы мүмкін.

Осылайша, салық саясаты мен реттеу талаптарындағы айырмашылықтар өңір елдері арасындағы бизнес ағындарына ықпал етіп отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс алдағы уақытта Қазақстанның салық және инвестициялық саясатына қайта қарау қажеттілігін күн тәртібіне шығаруы мүмкін.

Комментарии