Алматыда ICE SCREAM CUP XII республикалық жас пікірсайыс турнирі өтті

189
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/dBxUv456h34u2Xr0ivxHaw3i3ZHaoBFsm8b5SDvD.jpg

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Алматы қаласында Нархоз университетінің ТЭО ЖПМ ұйымы ұйымдастыруымен ICE SCREAM CUP XII республикалық жас пікірсайыс турнирі жоғары деңгейде өткізілді. 2025 жылдың 15–16 желтоқсанында өткен бұл турнирге еліміздің әр аймағынан 160 жас қатысушы қатысты.

Жарысқа Қазақстанның 6 аймағынан — Тараз, Шымкент, Алматы облысы, Талдықорған, Ақтөбе, Қызылорда қалаларынан командалар келіп, өз бақтарын сынады. Турнирге 80 команда қатысты, ал іс-шараны тамашалауға 500-ден астам көрермен жиналды.

Турнирдің мақсаты — жас пікірсайысшылардың көшбасшылық қабілетін, сыни ойлау дағдыларын дамыту және пікірсайыс мәдениетін насихаттау. ICE SCREAM XII республикалық турнирі 12 жыл бойы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді және Қазақстандағы ең ірі пікірсайыс додаларының бірі болып саналады.

2025 жылғы жеңімпаздар:

  • 1-орын — «Бердімұрат аға» (Болатұлы Алихан, Мырзабекова Тоғжан)
  • 2-орын — «Рузвельт» (Әбдреш Ақлен, Құдайберген Али)
  • 3-орын — «ZugZwang» (Аркадиева Риза, Нұрлан Асылхан)

Жеке номинациялар бойынша ең үздік спикер — Асқар Елдана, үздік спикер — Шералы Қасиет деп танылды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен арнайы марапаттар табыс етілді.

ICE SCREAM XII аясында қосымша интеллектуалдық ойын ұйымдастырылып, қатысушылар өз логикасы мен эрудициясын сынады. Жеңімпаздарға HR ACADEMY курсына арналған сертификаттар мен арнайы сыйлықтар берілді.

Турнир жастарға республикалық деңгейде тәжірибе алмасуға, өз ойларын білдіруге және қоғамдағы маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. ICE SCREAM CUP XII жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас пікірсайысшыларды біріктіріп, пікірсайыс мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосуда.

Комментарии