Трамп бұрынғы президент қабылдаған шешімді қайта қарауға кірісті

150
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/OuaFgS2QGUVN1p44h5lPBxOwJrNSDDGux7mTfOlb.webp

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі бұрынғы президент Барак Обама кезеңінде қабылданған парниктік газдардың адам денсаулығына зияны туралы ғылыми қорытындыны қайта қарауға кірісті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Report-қа сілтеп.

Бұл шешім климаттық реттеулерді әлсіретуге бағытталған ірі қадам ретінде бағалануда.

АҚШ қоршаған ортаны қорғау агенттігінің (EPA) 2009 жылғы қорытындысы бойынша, алты түрлі парниктік газ халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына негізгі қауіп төндіреді деп танылған еді. Бұл тұжырым электр станцияларының, көлік құралдарының және өндірістің зиянды шығарындыларын шектеуге арналған көптеген экологиялық ережелердің құқықтық негізіне айналған.

Қазіргі уақытта Трамп әкімшілігі осы «қауіп төндіру туралы қорытындыны» жоюға дайындалып жатыр. Егер бұл жүзеге асса, парниктік газдарды реттеудің құқықтық базасы әлсіреуі мүмкін. Сарапшылар бұл АҚШ тарихындағы ең ірі экологиялық дерегуляциялардың бірі болуы мүмкін екенін айтады.

Жоспарланған өзгерістер, ең алдымен, автокөлік шығарындыларына қатысты федералдық стандарттарға әсер етуі мүмкін. Ал электр станциялары, мұнай-газ объектілері сияқты стационарлық көздерге қатысты талаптар әзірге сақталуы мүмкін, бірақ болашақта олар да өзгеруі ықтимал.

Сонымен қатар, соңғы жылдары АҚШ-та климат саясатына байланысты ғылыми және саяси пікірталастар күшейіп отыр. Мысалы, энергетика саласындағы кейбір зерттеулерге қатысты сын айтылып, ғалымдар мен саясаткерлер арасында көзқарас қайшылығы байқалуда.

Экологтар мен сарапшылардың бір бөлігі экологиялық шектеулердің әлсіреуі халық денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін айтады. Олар атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың артуы балалар мен осал топтарға кері әсер етуі ықтимал екенін атап өтеді.

Айта кетейік, Дональд Трамп 2025 жылы президент қызметіне кіріскеннен кейін АҚШ-ты Париж климат келісімінен шығару туралы жарлыққа қол қойған болатын. Бұл құжат бойынша 190-нан астам ел жаһандық температураның өсуін шектеу үшін парниктік газдар шығарындыларын азайтуға міндеттенген.

Комментарии