Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Түркістан облысына Балуан тас сапары» экспедициясының 1-күні Сайрам, Ордабасы аудандарында өтті. Ол ұлттық баһадүрлік мұраны жаңғыртуға бағытталған «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» мәдени-танымдық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Топ жетекшісі «Baluan tas» академиясының президенті, күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров.
Ибрагим ата, Қарашаш ана, Бибіғияс ана кесенелеріне зиярат етумен Шымкент қаласынан басталған іс-шара Сайрам ауданы аумағында жалғасын тауып, Нанжеместің көтерген символдық Балуан тасын зерттеп зерделеуге ұласты. Сондай-ақ экспедиция мүшелері аудандағы бірқатар өндіріс орындары иелерінің қонақ етіп шақыруымен, оның ішінде «GenGroup Qazaqstan» ЖШС-ның банан плантацияларын аралап, таңсық жеміс дәмін татты.

Мұнан әрмен қарай сапар барысында Ордабасы ауданындағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы кесенесіне зиярат етіліп, палуан бабаның қарашаңырағын иеленіп отырған ұрпақтары қолындағы жәдігерлер зерттеу мен насихат нысанына айналды. Атап айтқанда, палуанның арбасының бел темірі, ожауы, су құйар ыдысы, сырнайы және шабаданы қызығушылық тудырды.
Топ мүшелері палуан ұрпақтары аузынан нешеме тың деректерді жазып алып, жаңа ғимаратқа көшіп, көркемдік-технологиялық құрылымы жаңғыртылған Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейіне бас сұғып, мұнда жинақталған 8 Балуан тастың тарихына қанықты. Атап айтқанда, 2 кір тасы, бөлшек тас, томбы тас (салмағы 350 келі), диірмен тас (130 келі), қызыл диірмен тас (550 келілік), ақ диірмен тас (630 келі), Баянауылдан келген тас (480 келілік және әлі де нақтылауды қажет етеді).
Мысалы, музей қызметкері Меруерт Ескерместің 550 келілік Қызыл диірмен тасқа қатысты айтқандары тамаша дерек. Оның сөзінше, бір кездері Қызыл-Сеңгір ауылында палуан атаның қолымен көтеріп лақтырып өнер көрсеткен алып тасы бар екені айтылып қалды. Ауыл тұрғыны Қалмұрзаев Даниярбек Исманұлының үйінің ауласында сақталған тасты музей қызметкерлері әуелі телефон арқылы көріп-біліп, үй иесімен сөйлесіп, музей қорына беруге рұқсатын беретінін біліп барған. Қажымұқан бір өзі көтеріп тастаған үлкендігі мен ауырлығы соншалық зор тасты, 6-7 ересек ер адам жабылып жүріп көліктің телешкесіне әрең тиеп алып келген.

Осы орайда аталмыш музейде жергілікті зиялылар мен спортшылар алдында «Baluan tas» академиясының кезекті бір жобасы – «Күш лекциясы» беріліп, Ұлы даланың күш мәдениеті мен батыр-балуандардың тарихи тізбегі жарияланғанын атап өткен жөн. Бұл қатарда Түркістан облысының белді жазушылары – Асан Тұрабаев пен Ілесхан Байжановқа ұлт руханиятына сіңірген еңбегі үшін «Балуан тас» төселгілері тағылып, «Рухани палуан» атақ-дәрежесі берілді.
«Балуандық тек қана қара күшпен өлшенбейді. Оның рухани және қайраткерлік қабаттары бар. Балуан тас та тек қана физикалық түрде көтерілмейді. Ол да тұтас бір философия болғандықтан, басқа да салаларда символдық тұрғыда көтеріле береді. Екі ағамыздың атқарған ісі жүздеген адам жұмыс істейтін үлкен зерттеу институттарына бергісіз. «Ұлылардың бағасын халық бергенімен, сыйын жеке ерлер береді» деген бар. Біздікі соған ишара», – деді Абылайхан Қалназаров.
Бүгінгі күннің қорытындысы бойынша «Қазақ күшінің картасына» 1 символдық Балуан тас және 8 заттық Балуан тас жеке-жеке нысандар ретінде енгізіліп, әрбірінің толық мағұлыматы ақпараттар базасына тіркелді.
Айта кетейік, бұл сапар 21 наурызға дейін жалғасады және әрмен қарай Бәйдібек, Созақ, Отырар, Сауран аудандары мен Түркістан қаласында өтеді. Жоба авторы – күш мәдениетін зерттеуші, Абылайхан Қалназаров. Экспедицияны «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы ұйымдастырып отыр.
Қатысушылар құрамы өте іріктелген. Сапарға арнайы жасақталған «Балуан тас» журналистер мен блогерлер пулының тұрақты өкілдері, ғалымдар мен спортшылар бар. Мысалы, Зейін Әліпбек бастаған тілшілер мен блогерлер қосыны және Серік Ерғали бастаған ғалымдар шоғыры. Спортшыларды әйгілі балуан Арман Сүлеймен бастап жүр.
Тағы бір айта кетерлік жайт, «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» жобасының тұсауы былтыр наурыз мейрамында елордада кесілген болатын. Бұған дейін жоба аясында Ақтөбе және Павлодар облыстарына экспедициялар ұйымдастырылып, алғашқы ғылыми-мәдени деректер жинақталды. Реттік жағынан үшінші Түркістан бағыты – жобаның рухани-тарихи тұрғыдан ең маңызды кезеңдерінің бірі. Сонымен қатар бұл жолғы сапар Наурыз мейрамы мен Түркістанда өтетін Көкпардан әлемдік чемпионаты іс-шарасына орайластырылып отыр.
Жобаның басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі күш мәдениетін зерттеу, балуан тастарды ұлттық мұра ретінде жүйелеу, оларды заманауи мәдени айналымға енгізу, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті нығайту.
Сонымен, «Балуан тас» сапарының 1-күнгі Сайрам, Ордабасы аудандарына қатысты қорытындысы осындай.
«Балуан тас сапары»: первая научно-просветительская экспедиция, возрождающая культурное наследие казахской силы
