Соңғы көштің тағдырын шешкен жазушы

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Tt4nUdMJInfeTeDboGRjYgF4j9sTC4vyLIgd5GKt.webp

Фото: adebiportal.kz

Бүгін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл толып отыр. Қаламгердің шығармашылық мұрасы мен өмір жолы – тек әдебиет тарихының бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар ХХ ғасырдағы қазақ халқының тағдыры мен тарихи көші-қонының көркем шежіресі.

Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы Шәуешек ауданында дүниеге келген. Кейін ол Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетін тәмамдаған.

Жазушының кәсіби қызметі баспасөз бен баспа ісімен тығыз байланысты болды. Ол әр жылдары:

  • «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкер,
  • «Жазушы» баспасында редактор,
  • Баспа, полиграфия және кітап саудасы саласындағы мемлекеттік құрылымдарда жауапты қызметтер атқарған.

1980 жылдан бастап толықтай шығармашылық жұмысқа ден қойған.

Қабдеш Жұмаділов әдебиетке ерте араласты. Оның алғашқы өлеңдері 1954 жылдан бастап жарық көрсе, 1956 жылы «Шұғыла» журналында «Жамал» атты алғашқы әңгімесі жарияланды.

Жазушының қаламынан10 роман,13 повесть, 50-ден астам әңгіме және көптеген мақалалар туды.

Оның ең танымал туындыларының қатарында:

  • «Соңғы көш» дилогиясы,
  • «Тағдыр» романы,
  • «Дарабоз» тарихи дилогиясы,
  • «Көкейкесті», «Атамекен» романдары бар.

1998 жылы жазушының ғұмырнамалық «Таңғажайып дүние» романы жарық көрді. Кейінгі жылдары «Мәңгілік майдан», «Тозақ оты» секілді еңбектері оқырманға жол тартты.

Қабдеш Жұмаділов шығармаларының басты өзегі – туған жерге сағыныш, тарихи әділет, атажұртқа оралу идеясы. Ол Қытайдағы қазақтардың тағдырын, елге көшіп келу үдерісін көркем шындықпен бейнелеп, ұлт тарихындағы күрделі кезеңді әдебиет арқылы сөйлетті.

Жазушының «Соңғы көш» романы мыңдаған қазақтың тарихи көшін суреттеп, ұлттық санаға әсер еткен ірі туынды ретінде бағаланады.

Қабдеш Жұмаділов тек жазушы емес, тарихи жадыны сақтаушы тұлға ретінде де танылды. Оның шығармалары арқылы атажұртқа оралған қазақтардың тағдыры көркем әдебиет деңгейінде кеңінен танылды.

Қытайда туып-өсіп, кейін қазақ жеріне келіп білім алған Қабдеш Жұмаділов көп ұзамай қайта қудаланды. Қытайға оралып, қара жұмысқа салынды. Ал 1962 жылы атажұртқа көш бастап келді.

"Мәскеумен келісе отырып жасалған көш. Бес шекара заставасын ашып тастады. Арасы 150 шақырым. Содан 20 күн бойы атты, түйелі, арбалы, жаяу көш ағылды. Ұзын-ырғасы 200 мыңнан астам қазақ өте шықты. 10 сәуірде басталып, 1 мамырда жабылды. Егер ол тағы бір ай ашық тұрғанда миллион қазақ өтетін еді. Ең соңғы сағатым соғылып, бақиға аттанатын кезде де осы еңбегімді еске алып, көз жұматын шығармын деп ойлаймын",- деген болатын Қабдеш Жұмаділов «Дара жол» бағдарламасында.

Қаламгер еңбегі жоғары бағаланып, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы, Абай атындағы сыйлық, Мұхтар Әуезов атындағы әдеби сыйлық, «Парасат» ордені және басқа да марапаттарға ие болды.

 

 

Комментарии