Тоқаев жаңадан тағайындалған Нәлібаевқа бірқатар тапсырма берді

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/jrTNf4Y4zlhoV9dCRhi4siPtkHAmcLFVecICDvZL.jpg

Бүгін, 11 мамырда  президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өнеркәсіпті дамыту және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелері жөнінде баяндалды. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде жүргізіліп жатқан негізгі жұмыстар туралы ақпарат берілді.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыру және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жоспарына тоқталды.

Одан бөлек, мемлекет басшысына көлік-логистика инфрақұрылымы мен құрылыс саласын дамыту жайында айтылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымдық жобалардың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, отандық тауар өндірушілерді қолдауды және алдағы жылу беру маусымына дайындық шараларын бақылауды күшейту жөнінде тапсырма берді.

Еске салайық, 6 мамырда Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалған еді. 

Комментарии