Аспанда екі әскери ұшақ соқтығысып, өрт шықты

95
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/11IkjJedgN2oAcqK13yWGcSgF2Y3LWupCOkL4I8o.webp

АҚШ-тың Айдахо штатында өткен Gunfighter Skies әуе шоуы кезінде екі әскери ұшақ әуеде соқтығысты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Оқиға салдарынан экипаж мүшелері катапультпен секіріп үлгерген.

Апат 17 мамыр күні Маунтин-Хоум әскери әуе базасы маңында өткен авиашоудың екінші күні болған. Әуеде демонстрациялық ұшу орындап жүрген АҚШ әскери-теңіз күштеріне тиесілі екі EA-18G Growler ұшағы соқтығысқан. Оқиғадан кейін өрт шығып, әскери база аумағы уақытша жабылды. Сондай-ақ авиашоудың қалған бағдарламасы тоқтатылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы бойынша тергеу басталған.

Ресми мәліметке сәйкес, төрт экипаж мүшесінің барлығы катапультпен секіріп, аман қалған. Олардың жағдайы тұрақты екені айтылды. Әзірге жарақат алған-алмағаны нақтыланбаған. АҚШ әскери-теңіз күштері өкілдерінің мәліметінше, экипаж мүшелері медициналық тексеруден өтіп жатыр.

Апатқа ұшыраған EA-18G Growler ұшақтары Вашингтон штатындағы радиоэлектрондық күрес эскадрильясының құрамында болған. АҚШ ӘТК дерегінше, бір ұшақтың құны шамамен 67 миллион долларды құрайды. Аталмыш авиашоу соңғы рет 2018 жылы өткен. Сол кезде де апат болып, ұшқыш қаза тапқан еді.

Комментарии