Арменияда парламент сайлауының ресми нәтижесі жарияланды

125
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/6bTXEeOnrv5cyJRChLLwPz9t66YnD1uM8NdKUBVA.jpg

Арменияның Орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауының түпкілікті нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды "Адырна".

Ресми мәліметке сәйкес, 7 маусымда өткен сайлауда премьер-министр Никол Пашинян жетекшілік ететін "Азаматтық келісім" партиясы 49,7 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті.

Сайлау қорытындысы бойынша парламентке сондай-ақ "Күшті Армения" партиясы 23,3 пайыз және "Армения" альянсы 9,9 пайыз дауыспен өтті.

"Азаматтық келісім" партиясы сайлаушылардың 50 пайыздан аз дауысын алғанымен, Армения заңнамасына сәйкес жеңімпаз саяси күшке қосымша мандаттар беріледі. Соның нәтижесінде Никол Пашинянның партиясы парламентте абсолютті көпшілікке ие болып, үкіметті коалициясыз өз бетінше құру мүмкіндігін алады.

Орталық сайлау комиссиясы ресми нәтижелерді жариялаған сәтте комиссия ғимаратының алдында оппозициялық күштердің наразылық акциясы өтті. Наразылық білдірушілер сайлау қорытындыларын жарамсыз деп тануды талап етіп, дауыс беру барысында жаппай заң бұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдеді.

Алайда билік өкілдері бұл айыптауларды жоққа шығарып, құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдағанын хабарлады.

Осылайша, жарияланған қорытындыға сәйкес, Арменияда биліктегі "Азаматтық келісім" партиясы өз саяси үстемдігін сақтап қалып, жаңа үкіметті жасақтау құқығына ие болды.

Комментарии