"Этностық бірлік пен прогресс". Аз ұлттары қысымға түскен Қытайдағы жаңа заң алаңдаушылық туғызды

149
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/9HKOG2ZDYat8uLlSw3grjLZ72Hz15sAvUrRpXktJ.jpg

Қытайда 1 шілдеден бастап "этностық бірлік пен прогреске жәрдемдесу туралы" жаңа заң күшіне енді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бейжің құжаттың мақсаты ұлттық бірлікті нығайту және ортақ азаматтық бірегейлікті қалыптастыру екенін хабарлаған.

Ал халықаралық құқық қорғаушылар оның ұлттық азшылықтардың тілдік және мәдени құқықтарына әсер етуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдіруде.

Заңға сәйкес, путунхуа (стандартты қытай тілі) мектептердегі негізгі оқыту тілі және мемлекеттік мекемелердегі басты жұмыс тілі болады. Ұлттық азшылықтардың тілдері сақталғанымен, олар негізінен жеке пән ретінде оқытылады, ал негізгі пәндерді оқыту тілі ретінде қолданылмайды.

Сондай-ақ қоғамдық орындарда қытай тілі мен ұлттық азшылықтардың тілдері қатар қолданылған жағдайда басымдық путунхуаға беріледі. Заң Қытайдағы ресми танылған 56 этностық азшылыққа, соның ішінде қазақтар, ұйғырлар, тибеттіктер мен моңғолдарға қатысты қолданылады.

Қытай билігі жаңа заң ұлттық бірлікті нығайтуға және этностар арасындағы келісімді дамытуға бағытталғанын хабарлаған. Алайда АҚШ пен Еуроодақ бұл құжат ұлттық азшылықтардың мәдени және тілдік құқықтарын шектеуі мүмкін деген алаңдаушылық білдірді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары заңның кейбір баптарына ерекше назар аударуда.

Атап айтқанда, 63-бапқа сәйкес, Қытай билігі этностық бірлікке нұқсан келтіреді немесе сепаратизмді қолдайды деп есептеген шетелдегі ұйымдар мен жеке тұлғаларды жауапкершілікке тарту мүмкіндігін қарастырады.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, бұл норма Қытайдың Тибет пен Шыңжаңдағы саясатын сынайтын журналистерге, ғалымдарға, қоғамдық белсенділерге және діни ұйымдарға қысым жасау құралына айналуы мүмкін.

Ал Қытайдың әділет министрінің орынбасары Ху Вэйле бұл сындарды жоққа шығарып, аталған бап ұлттық қауіпсіздікті қорғау және сепаратизммен күресу үшін қажет заңды тетік екенін айтты. Сондай-ақ Бейжің жаңа заң ұлттық азшылықтарды ассимиляциялауға немесе олардың мәдени құқықтарын шектеуге бағытталмағанын хабарлады.

Дегенмен құқық қорғаушылар заңның 15 және 22-баптары путунхуаның мәртебесін күшейту арқылы тибет, ұйғыр, моңғол және басқа да ұлттық азшылықтардың тілдерін қолдану аясын одан әрі тарылтуы мүмкін деп есептейді. Соңғы жылдары осы елдегі қазақ диаспорасы өкілдерді де қысымға ұшырағаны мәлім. 

Комментарии