Бірінші Құрылтай. Елдегі 7 партияның бірі сайлауға қатысатынын жариялады

135
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UY2PbekTFk4BIKPawhViPHcrG3alV6FijNTUa0ff.jpg

Астанада Respublica партиясының кезектен тыс съезі өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Онда партияның алдағы даму бағыты айқындалып, сайлауалды науқанға қатысты негізгі шешімдер қабылданды.

Съезге партия басшылығы, Орталық және өңірлік кеңестердің мүшелері, филиал төрағалары, депутаттар, сондай-ақ Respublica Jastary және ReWomen қауымдастықтарының белсенділері қатысты.

Жиында партияның соңғы үш жылдағы жұмысы қорытындыланды. Осы кезеңде партия заң шығару бастамаларын ұсынып, азаматтардың 12 мыңнан астам өтінішін қарағаны, жастар мен әйелдерге арналған білім беру жобаларын жүзеге асырып, кадрлық резерв қалыптастырғаны айтылды.

Делегаттар партия Жарғысына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады. Өзгерістер Конституция талаптарына сәйкестендіріліп, партияішілік басқару жүйесін жетілдіруге, өңірлік ұйымдардың рөлін күшейтуге және ішкі партиялық демократияны дамытуға бағытталған.

Съезд барысында Respublica партиясының жаңа сайлауалды бағдарламасы бекітілді. «Азаматтың игілігі – Жауапты қоғам – Тиімді мемлекет – Қауіпсіз ел» қағидатына негізделген бағдарламада кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру, мемлекеттік басқаруды жаңғырту, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру, цифрландыру, құқықтық институттарды нығайту, адами капиталды дамыту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамалар қамтылған.

Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров Қазақстанның басты байлығы – адам капиталы екенін атап өтіп, экономиканың жаңа салаларын дамыту мен адал бәсекені қолдайтын мемлекет құрудың маңызын айтты. Съезде сайлауға қатысатын партияның кандидаттар тізімі де бекітілді. 76 үміткерден құралған тізім жаңару, кәсібилік және кең қоғамдық өкілдік қағидаттарына сай жасақталған.

Кандидаттардың орташа жасы – 40,9 жас. Тізімге 44 ер адам, 32 әйел, 11 жас үміткер, мүгедектігі бар үш азамат, сондай-ақ PolitIQ мектебі мен партияның кадрлық резервінен шыққан 10 түлек енгізілген. Сонымен қатар делегаттар Айдарбек Қожаназаровның өкілеттік мерзімін тағы үш жылға ұзарту туралы шешім қабылдап, Бақылау-тексеру комиссиясының жаңартылған құрамын бекітті.

Қазақстанда 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне еніп, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 23 тамызға Құрылтай сайлауын жариялады. Елде енді бір палаталы парламент жасақталады. Оған бірнеше партия қатысуы мүмкін. Қазақстанда тіркелген саяси партия саны - жетеу. 

Комментарии